Төле би атындағы мектептің оқушысы Артем Муравьев ауыл маңындағы қырда ойнап жүріп, беймәлім таңбалары мен керамикалық бұйымдары бар білезікті көзі шалады. Бұдан кейін тағы бір мектеп оқушысы Қасымхан Жұмабай қола сырғалар мен білезіктерді қолына түсірген. Көне дәуірлердің көзіндей болған жәдігерлерді тапқан жасөспірімдер кездейсоқ кезіккен олжалары туралы үлкендерге хабарлайды.
– Аталған жәдігерлерді достарыммен ойнап жүрген кезде тауып алдым. Жер қыртысынан жылтыраған әлдебір затты көзім шалды. Қарап тұрмай қазып алуға тырыстым. Қолға түсіргеннен кейін жәдігерді мектепке апардым, – дейді Артем Муравьев.
Төрткүл төбесінен табылған көне жәдігерлер тарихи мұра екені талас тудырмайды. Ғалымдардың пайымына салсақ, бір кездері бұл маңда Қарлұқ қағанаты үстемдік құрған екен. Ал бір ғасырдан кейін қарахандықтар келген көрінеді.
– Осы төбеге көтерілген адам ауылымыздың тамаша табиғатына тамсанатыны даусыз. Төрткүлге шыққанда аяқ асты жатқан тарихи жәдігерді таптым. Кейін мектепке апарып тапсырдым, – дейді Қасымхан Жұмабай.
Мамандардың сөзіне сенсек, ықылым заманда төбе маңында «Адахнет» деген ауыл болған. Төбе Ұлы Жібек жолының негізгі бөлігіне жатпаса да, мұнда сауда-саттық жақсы дамыған көрінеді.
Жамбыл облысы,
Жамбыл ауданы