Спорт • 07 Ақпан, 2023

Жыл үздіктері анықталды

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық конькимен жүгірушілер одағы мәнерлеп сырғанаудан 2022 жылды қорытындылап, жылдың үздік спортшыларын марапаттады. Швейцарияның Цюрих қаласында өткен «ISU Skating Awards» іс-шарасында былтырғы жарыс жылында ең жоғары нәтижеге қол жеткізген 8 спортшы әр аталым бойынша үздік деп танылды.

Жыл үздіктері анықталды

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өткен жылдың желтоқсан айында ұйымдастырушылар 2021/2022 жылғы маусымның Гран-при сериясында үздік шық­­қан және 2022 жылғы қойы­лымдар арасында тәуір нәти­жемен көзге түскен 6 аталым бойынша үміт­керлердің тізімін жариялап, 2022 жылдың 31 жел­тоқсанына дейін алдымен жанкүйерлер ара­сында онлайн сауалдама жүр­­гізді. Спорт жан­­күйерлері осы уақыт ара­лы­ғында мәнер­леп сырғанаушы (жұпқа), жат­тық­ты­рушы, хорео­граф, костюм ди­зай­неріне онлайн дауыс беру арқылы жыл үздіктерін анықтап берді.

2023 жылдың қаңтар айында дауыс беру нәтижелері жария­ланып, жүлдеден үміт­кер спортшылардың тізімі бел­гілі болды. Сөйтіп әрі қарай «ISU Skating Awards» сыйлығы­ның жеңімпаздарын 1984 жылғы Олимпиада чемпионы, төрт дүр­кін әлем чемпионы ұлы­бри­таниялық Кристофер Дин, жекелей сында екі дүркін әлем чемпионы жапониялық Мики Андо, бес дүркін Еуропа чемпионы, жекелей сында төрт мәрте әлем чемпионатының жүл­дегері атанған Сурия Бо­нали, әлем чемпионы Тодд Элд­ридж (АҚШ), жекелей сында Еуропа чемпионатының екі дүр­кін жүлдегері Киира Корпи (Финляндия) және 2018 жылғы Олимпиада чемпионы және екі дүркін әлем чемпионы канадалық Эрик Рэдфорд секілді мәнерлеп сырғанаудың даңқты өкілдері таңдап алды.

Қазылар алқасының ше­шімі бойынша, Олимпия ойын­да­рының жеңімпазы мен жүл­дегері, әлем біріншілігінің үш дүркін чемпионы 23 жастағы Нейтан Чен (АҚШ) «Ең бағалы мәнерлеп сырғанаушы» аталымында үздік шықса, тағы бір АҚШ өкілдері Мэдисон Чок пен Эван Бейтс 2021/2022 жылғы маусымдағы ерікті биі үшін «Үздік кос­тюм» ата­лы­мын­да топ жарды. Ди­зай­нері – Мэдисон Чок.

«Ең тартымды бағдар­лама­сында» Габриэла Пападакис пен Гийом Сизерон (Франция) же­ңімпаз атанды. Сонымен қа­тар АҚШ спортшысы Изабо Ле­вито «Жаңа есім», Шэ-Линн Бурн «Ең үздік хореограф», Патрис Лозон «Ең үздік жат­тықтырушы», екі дүркін Олим­пиада чемпионы, төрт дүр­кін әлем біріншілігінің және алты дүркін Еуропа чемпио­ны Ка­тарина Витт «Мәнерлеп сыр­ғанау аңызы» аталымдарында дара шықты. Сондай-ақ «Ерекше жетістіктері үшін» аталымы мә­нерлеп сырғанау спортының та­рихында алғаш рет төрттік аксель бағдарламасын орындаған Илья Малининге бұйырды.