Спорт • 07 Ақпан, 2023

Еламан Қуатов: Арманым – әлем чемпионы болу

347 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әскерде жауынгерлік дайындықтың бір түрі ретінде енгізілген қоян-қолтық ұрысының тарихы тым тереңде жатыр. Өткенге көз жүгіртер болсақ, бұл спорт түрі туралы алғашқы деректер Мысырдағы пирамида қабырғаларында бейнеленгені белгілі. Ал ежелгі грекиялықтар қоян-қолтық ұрысты ең бірінші болып Олимпиада бағдарламасына енгізген деседі.

Еламан Қуатов: Арманым – әлем чемпионы болу

Бертін келе қоян-қолтық спорты Латын Америкасы мен Еуропа елдерінде, кейіннен Азия құрлығында қарқынды дами бас­тады. Дәл осы Азия елдерінің спортшылары қолданған стиль бүгінге дейін жеткен. Бұл жекпе-жекте екі нәрсеге баса мән бе­ріледі. Ол – қорғаныс пен шабуыл. Қоян-қолтық ұрысының ережесі бойынша, спортшылар қарсыласқа соққыны қорғана жүріп жасауға тиіс. Сондай-ақ осы спорт түрін серік еткен жандарға психологиялық дайындықтың да аса маңызды екенін айта кеткен жөн. Татами үстінде еркін қимылдай отырып, қорғана жүріп соққы жасау да жауынгерлік өнерді қажет етеді. Алайда армиялық қоян-қолтық ұрыста кейбір тыйым салынған әдістерге (шынтақ, тізе және бас соққыларына) рұқсат берілген.

Былтыр елордада қоян-қол­тық ұрыстан респуб­лика­лық деңгейдегі Қорғаныс министрі­нің кубогі ұйымдастырылды. Аса тартысты өткен жекпе-жек­терде қарсыластарынан ба­сым түскен дарынды спорт­шы­мыз Еламан Қуатов жарыс жеңімпазы атанды. Кіл мық­тылардың қатарынан кө­рінген кейіпкеріміз бұған дейін де ел біріншілігінде екі мәрте топ жарып, ТМД елдерінің армиялары арасындағы қоян-қолтық ұрыстың күміс жүлдесін мойнына таққан.

Еламанға спорт деген сөз бала күнінен жақсы таныс. Қажымұқан Мұңайтпасов атын­дағы спорт мектеп-интернатын тәмамдап, 61993 әскери бө­лімінде мерзімді әскери қыз­метін өтеген десантшы жігіт жек­пе-жекті кішкентайынан серік еткен. Қазақтың даңқты боксшысы, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовқа ұқсасам деген арманы оның спортқа деген қызығушылығын еселей түсті.

Әскери қызмет пен спортты қатар алып жүрген Еламан бүгінде елордадағы десанттық-шабуылдау әскерінде еңбек етеді. Бозбала күнінен спорттың қыр-сырына қаныққан кейіп­керіміз десантшылар арасында да өрелі өнерімен бір­ден көзге түсті. Жоғарыда айт­қа­нымыздай, Қазақстан мен ТМД елдері арасындағы бірін­шіліктерге қатысып, қанжы­ғасы бос қайтпады. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі түрлі жарыста да топ жарды.

– Былтыр елордада ұйым­дастырылған Қорғаныс министр­­лі­гінің кубогі үшін өт­кен жарыста финалға дейін үш жекпе-жек өткіздім. Республикалық турнир болған соң, оның үс­тіне күштік құрылымдар арасында өткен соң мұнда осал қар­сыластардың болмайтыны анық. Финалдағы қарсыласым да қарымды болды. Көбіне пар­терге кірмей, қи­мылдай жү­ріп, соққы жасадым. Соның нәти­жесінде жарыс жеңімпазы атандым, – дейді Е.Қуатов.

«Мұндай жекпе-жекте жыл­­дамдық пен соққының кү­ші маңызды. Себебі қарсы­лас­ты лақтыруға, ауырту әді­сін қол­­дануға күш пен шапшаң­дық­­­ты талап етіледі. Ауыр­ту әдісі – көбіне партерге кіріп, қар­сыласты лақтыру, жам­бас­қа алып жығудан кейін жа­са­латын әдіс түрі. Ал қимыл­дай жүріп соққы жасауда қар­­­­сыласты әлсірете ала­сың. Қап­­талдан, басқа, бетке, іш­ке қол­мен, аяқпен (лоу-кик), шын­тақпен соққы жасау арқы­лы мықты соққыларыңмен ерек­шеленесің», дейді ел чемпионы.

Айтпақшы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен додада Еламанның жанкүйерлері оған қызу қолдау көрсетті. Тіп­ті кей сәтте көрермендердің қол­дауы спортшыға жігер бе­­ріп, қарсыластың алдында өзін мықты ұстауға ық­пал ет­кенін де жасырмады. Чем­пионның өзі де спорт кеше­ніне жиналған десантшы әріп­тестері мен жарыстың басынан аяғына дейін қызу қолдау көрсеткен басшылық құрамына да өз ризашылығын жеткізді. Тартысты жарыста құрамында Еламандай мықтысы бар Қор­ғаныс министрлігінің командасы да үшінші орын алып, жүл­делі қайтты.

Еламанның жеке бапкері Бекболат Ахметов те жеңіс тұ­ғы­рынан көрінген шәкіртінің өне­ріне дән риза. Енді олар биыл елімізде өтетін қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қызу дайындық жүргізіп жатыр.

– 2023 жылы қоян-қолтық ұрыстан әлем біріншілігі Қазақ­станда өтеді. Жыл басын­да әлемдік додада ел намысын қор­ғайтын спортшылар ірік­теледі. Енді сол сайыста тәуір нәтиже көрсетіп, әлем чемпио­натында ел намысын абыроймен қорғаймыз деген үміттеміз. Бұйырса, өз жанкүйерлеріміздің алдында жеңіске жетіп, Көк туымызды желбірету үшін ба­рымызды саламыз, – дейді Б.Ах­метов.

Әлем біріншілігіне іріктеу сайысы осы ақпан айының со­ң­ында өтпек.

 

Қарлығаш АҚЫЛБЕК,

әскери журналист