Бертін келе қоян-қолтық спорты Латын Америкасы мен Еуропа елдерінде, кейіннен Азия құрлығында қарқынды дами бастады. Дәл осы Азия елдерінің спортшылары қолданған стиль бүгінге дейін жеткен. Бұл жекпе-жекте екі нәрсеге баса мән беріледі. Ол – қорғаныс пен шабуыл. Қоян-қолтық ұрысының ережесі бойынша, спортшылар қарсыласқа соққыны қорғана жүріп жасауға тиіс. Сондай-ақ осы спорт түрін серік еткен жандарға психологиялық дайындықтың да аса маңызды екенін айта кеткен жөн. Татами үстінде еркін қимылдай отырып, қорғана жүріп соққы жасау да жауынгерлік өнерді қажет етеді. Алайда армиялық қоян-қолтық ұрыста кейбір тыйым салынған әдістерге (шынтақ, тізе және бас соққыларына) рұқсат берілген.
Былтыр елордада қоян-қолтық ұрыстан республикалық деңгейдегі Қорғаныс министрінің кубогі ұйымдастырылды. Аса тартысты өткен жекпе-жектерде қарсыластарынан басым түскен дарынды спортшымыз Еламан Қуатов жарыс жеңімпазы атанды. Кіл мықтылардың қатарынан көрінген кейіпкеріміз бұған дейін де ел біріншілігінде екі мәрте топ жарып, ТМД елдерінің армиялары арасындағы қоян-қолтық ұрыстың күміс жүлдесін мойнына таққан.
Еламанға спорт деген сөз бала күнінен жақсы таныс. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт мектеп-интернатын тәмамдап, 61993 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеген десантшы жігіт жекпе-жекті кішкентайынан серік еткен. Қазақтың даңқты боксшысы, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовқа ұқсасам деген арманы оның спортқа деген қызығушылығын еселей түсті.
Әскери қызмет пен спортты қатар алып жүрген Еламан бүгінде елордадағы десанттық-шабуылдау әскерінде еңбек етеді. Бозбала күнінен спорттың қыр-сырына қаныққан кейіпкеріміз десантшылар арасында да өрелі өнерімен бірден көзге түсті. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан мен ТМД елдері арасындағы біріншіліктерге қатысып, қанжығасы бос қайтпады. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі түрлі жарыста да топ жарды.
– Былтыр елордада ұйымдастырылған Қорғаныс министрлігінің кубогі үшін өткен жарыста финалға дейін үш жекпе-жек өткіздім. Республикалық турнир болған соң, оның үстіне күштік құрылымдар арасында өткен соң мұнда осал қарсыластардың болмайтыны анық. Финалдағы қарсыласым да қарымды болды. Көбіне партерге кірмей, қимылдай жүріп, соққы жасадым. Соның нәтижесінде жарыс жеңімпазы атандым, – дейді Е.Қуатов.
«Мұндай жекпе-жекте жылдамдық пен соққының күші маңызды. Себебі қарсыласты лақтыруға, ауырту әдісін қолдануға күш пен шапшаңдықты талап етіледі. Ауырту әдісі – көбіне партерге кіріп, қарсыласты лақтыру, жамбасқа алып жығудан кейін жасалатын әдіс түрі. Ал қимылдай жүріп соққы жасауда қарсыласты әлсірете аласың. Қапталдан, басқа, бетке, ішке қолмен, аяқпен (лоу-кик), шынтақпен соққы жасау арқылы мықты соққыларыңмен ерекшеленесің», дейді ел чемпионы.
Айтпақшы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өткен додада Еламанның жанкүйерлері оған қызу қолдау көрсетті. Тіпті кей сәтте көрермендердің қолдауы спортшыға жігер беріп, қарсыластың алдында өзін мықты ұстауға ықпал еткенін де жасырмады. Чемпионның өзі де спорт кешеніне жиналған десантшы әріптестері мен жарыстың басынан аяғына дейін қызу қолдау көрсеткен басшылық құрамына да өз ризашылығын жеткізді. Тартысты жарыста құрамында Еламандай мықтысы бар Қорғаныс министрлігінің командасы да үшінші орын алып, жүлделі қайтты.
Еламанның жеке бапкері Бекболат Ахметов те жеңіс тұғырынан көрінген шәкіртінің өнеріне дән риза. Енді олар биыл елімізде өтетін қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қызу дайындық жүргізіп жатыр.
– 2023 жылы қоян-қолтық ұрыстан әлем біріншілігі Қазақстанда өтеді. Жыл басында әлемдік додада ел намысын қорғайтын спортшылар іріктеледі. Енді сол сайыста тәуір нәтиже көрсетіп, әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғаймыз деген үміттеміз. Бұйырса, өз жанкүйерлеріміздің алдында жеңіске жетіп, Көк туымызды желбірету үшін барымызды саламыз, – дейді Б.Ахметов.
Әлем біріншілігіне іріктеу сайысы осы ақпан айының соңында өтпек.
Қарлығаш АҚЫЛБЕК,
әскери журналист