– Қырғыз әдебиеті Айтматов арқылы әлемге танылды деуге бола ма?
– ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында дүниежүзілік тарих пен мәдениетте үлкен өзгеріс болып, реализм модернизммен алмастырылды. Дүниежүзілік соғыстар, адам өмірінің нәзіктігі, дүниені тарихи фон ретінде трагедиялық қабылдау («Жоғалған ұрпақ» Г.Штейн); Ницше, Фрейд, Юнг еңбектері ғылыми негіз болды. В.Вольф, Дж.Джойс, М.Пруст, А.Камю, Г.Штейн әлемдік әдебиеттегі модернизм өкілдері екенін білеміз. Модернизмнің ерекшеліктері қандай? Біз субъективтіліктің идеялармен алмасатынынан хабардармыз. Экспериментализм: әртүрлі мектептің, ағымдардың, жаңа көркемдік әдістердің пайда болуы; шығармашылықтағы еркіндік, өмірді реалистік бейнелеуден бас тартып, оның санада бейнеленуіне назар аудару: түс көру, сана, символдар, мифтік ойлау, архетиптер, т.б.; Объективті емес, субъективті білімге мән беру: сезім, түйсік, интуиция; Элиталық әдебиет: оқырманға жоғары талап, күрделі шығармалар сияқты белгілердің барлығы өткен ғасырдың 50-жылдарының аяғында әдебиетке келген Шыңғыс Айтматовтың шығармаларында бар. Бұған мысал ретінде «Ақ кемені» немесе басқа шығармаларды алайық. Батыс әдебиетіндегі имагинизм, сюрреализм, сана ағымы, экзистенциализм, ХХ ғасырдың басындағы орыс әдебиетіндегі символизм, акмеизм, футуризм дағдарыспен тұспа-тұс келеді. Жаңа буын – 60-жылдардың әдебиетке енуі, аға буын мен жаңа буын арасындағы тартысты сол Айтматов мысалында, әсіресе «Жәмиланы» оқырмандар жылы қабылдады, тіпті әлем жұртшылығының қабылдауынан да өзгеше бір жаңа лепті көруге болады.
Әсіресе бұл қақтығысқа не себеп болды? Жаңа ұрпақты тәрбиелеу, Батысты орыс тілі арқылы сіңіру деген ұғым пайда болды. Аға буын фольклордан өз мәнін тапса, жаңа буын фольклорға жаңаша көзқараспен қарады. «Ақ кемедегі» «Бұғы ертегісі» шығарманың жалпы мазмұнына қалай сіңгенін көрейік. Ал «Ғасырдан да ұзақ күн» деген мұңды, көне әңгіме екені айдан анық. «Ақ кемеде» жазушы әлемді оптимистік көңіл күйде бейнелеу идеясын жоққа шығарды, керісінше трагедиялық түсінік берді. Ол тек Шыңғыс Айтматовқа ғана емес, оның замандастары Қазат Ақматовқа, Мұрза Ғапаровқа, Аман Саспаевқа, Құбатбек Жүсубалиевке де тиесілі. Олардың шығармаларындағы басты кейіпкер өзгерді – олар жалғыз, пессимистік, оқшау кейіпкерлерді жасады. Әдебиеттегі кейіпкерлерді жағымды-жағымсыз деп екі жаққа күрт бөлген кешегі оқырмандарға мұндай «бақытсыз», «түсініксіз» кейіпкерлер қиынға соқты. Дегенмен Айтматовты ресейлік және халықаралық оқырмандар бізден бұрын бағалады. Осы орайда қырғыз әдебиетінің әлемге Айтматов арқылы танылғаны даусыз шындық.
– Кеңестік кезеңдегі қырғыз әдебиеті мен қазіргі қырғыз әдебиетінің айырмашылығы неде?
– Кеңес әдебиетінің дәстүрлі қаһармандары халықты тәрбиеледі. Ал бүгінгі оқырмандарға мұндай білімнің керегі жоқ. Кеңес дәуіріндегі шығармалардағы айтылған сөзге оқырмандар оңай сенетін. Қазіргі оқырмандарды сендіру қиын. Сондықтан бүгінгі әдебиетте оқырман жазушыдан көп нәрсені талап етеді. Қырғыз классиктерінің шығармалары жүйелі түрде көп тиражбен қайта басылып, қазіргі ұрпақ оларды оқуға қызығады. Бірақ олардың назарын аударатын интернет те жылтыңдап, қызылды-жасылды болып қосамжарласып өмір сүруде. Қазір талғам өзгерген соң, шығармаларға әдебиеттанушылардың берген бағасы да керек емес сияқты.
– Жазушының алғашқы шығармасы өзіне ыстық. Сіздің тырнақалды туындыңыз не туралы еді?
– Ай шыққанда, күн батқанда, жаңбыр жауғанда немесе кемпірқосақ пайда болған кезде сол сәтті көруге асығатын әдетім бар. Алғашқы өлеңім табиғатпен байланысты болды. Сол кез есімде:
«Біртүрлі сиқырлы әлем,
Мүмкін емес нәрсені болдыратын.
Тұла бойыңда жаңбыр жауса,
Кішкентай толқындар жол қуатын.
Түрлі-түсті кемпірқосақ
Күнге күйген тудайсың.
Сен көрген керемет дүние,
Сол бір бейнесінен адаспағайсың.
Ұзақ жолдан ауылға баратын,
Кез келген өмірдің қатысына.
Мен енді бұлай кете алмаймын,
Басқа қаланың шығысы мен
батысына...»
– Қазіргі қырғыз әдебиетінде «Жәмиланың» деңгейіндегі жазылған прозалық дүниелер бар ма?
– Қазат Ақматовтың «Мезгіл» (1979), «Мұнабия» (1982), «Күнді айналып өткен жылдар» (1988), «Архат» (2007), Мұрза Ғапаровтың «Қаракөл қаздары» (1973), «Шоқуму», «Өзендер» (1979), «Жаңғақ орманы туралы әңгіме» (1987), Бейшебай Усубалиевтің, Топчугүл Шайдуллаеваның тамаша әңгімелерін сол көшке қосқым келеді. Әбділәмит Мәтісақов, Самсақ Станалиев, Бейшебай Усубалиев, Айдарбек Сарманбетов сияқты қаламгерлерге «Жәмила» дәуірі ғана жарасады, бұл шығарманың көтерген тақырыбы біздің әдебиет үшін алғашқы болғаны да шындық. Әр дәуірдің таңғажайып туындылары болады. Поэзияда Омор Сұлтановтың лирикасы, Тәуелсіздік алған тұста әдебиет айдынына Мелис Мәкенбаев деген жазушы шықты. Түрме туралы алғаш рет шығарма жазды, 6 жылда 11 романы жарық көрген. Осындай жағдайда Қырғыз Республикасының халық ақыны Карбалас Бәкіровтің «Адасқан кентавр» (1997) кітабы поэзиядағы жаңалық болды. Оқырман Арслан Қойчиевтің «Місілдірік» (2009) романын іздеп оқыды.
– Өлеңдеріңіз тағдыр, өмір суреті ұғымдарына үн қосуға тырысады. Сіз үшін өлең деген не?
– Мен үшін өлең – тағдыр. Мен оған ерте араластым.
– Жақсы өлең жазудың өзіндік шарты бар ма?
– Оқырман өзiнің сезімін, мінез-құлқын ақын жазған өлеңнен таба алса, оның шығармасы өзгелерге эстетикалық ләззат бере алса, ең бастысы, өлеңге өтірік араласпаса болғаны. Жақында Шабдан Сулайманов деген жас ақын «Анама» атты өлеңiн Facebook-те жариялады. Оқырмандар өте жақсы көрді. Ата-әжесінің қолында өсіп, өз анасын қабылдай алмағандар немесе керісінше, моральдық-психологиялық тұрғыдан ауыр проблемаларға ұшырағандар арамызда аз емес екен. «Жалғыз мен осындаймын» дейтін ондаған оқырман сол өлеңнен өз тағдырларын тауып алып жатты. Менің ойымша, өлең деген –осы. Әрине, бұл жерде айтылған ой ғана емес, оның көркемдік құндылығы да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Қырғыз халық ақыны Шайлобек Дүйшеевтің «Қарағайшы кемпір» атты жырлары мен поэмалары баяғыда жазылса да, бұл жырдың осы дәуірдегі оқырмандар үшін де маңызы зор.
– Қазақ қаламгерлері Нобель сыйлығын алуға әлі ұмтыла қойған жоқ. Сіздердің жазушылар ше? Бұл сыйлыққа лайық қырғыз жазушылары бар ма?
– Нобель сыйлығы Шыңғыс Айтматовқа бұйырған жоқ. Қазіргі қырғыз әдебиетінде бұл сыйлыққа Сұлтан Раев өте лайық.
– Әдебиеттің бір өзегі - сын. Бұл жанрға қалай қарайсыз?
– Әділ сын болса, әрине, құба-құп. Әйтпесе, қырғыз сөз өнерінің тарихында ақын-жазушылар арасында «әдебиет майданы» ұғымын сөзбе-сөз көрсететін терең тартыс болғаны белгілі. Кеңешбек Асаналиев, Салижан Гигитов, Қадырқұл Дәуітов, Советбек Байғазиев, Қаныбек Еділбаев, Кубат Ибраимов, Әбдіғаны Еркебаев, Осмонакун Ибраимов, Қалық Ибраимов, тағы басқа сыншылар әдеби үдерістің даму бағыттарын мұқият көрсетіп берді. Шыңғыс Айтматов «Кеңешбек мырзаның сынынан өткеннен кейін ғана шығармаларымды шығарамын» деп отыратын. Мұның өзі қырғыз әдебиеттануының деңгейін айқындайды. К.Асаналиевтің «Қант ауылы және ғарыш» (1991, 1994) кітабы қырғыз әдебиеттану ғылымында Айтматов туралы ерекше сөз айта алды деп ойлаймын.
– Жазушының қоғам алдындағы міндеті қандай болуға тиіс?
– Ең дұрысы, жазушы рухани көшбасшы болуы керек. Бізде академик Хұсейін Қарасаев пен жазушы Түгөлбай Сыдықбековтің даналығын өз заманында мемлекет басшылары да мойындаған. Т.Сыдықбеков – кезінде Айтматов «Тау құлаған» романының екінші томын орыс тіліне аударғаннан кейін: «Тукко, сен әдебиетте таусың!» – деді. Әрине, көшбасшы болу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Кең мағынада қаламгер қоғамда болып жатқан үдерістерге өз пікірін білдіріп, өз дәуірінің үнін, бейнесін, келбетін сезініп, жаза білуі, өз қоғамын жат сезінбеуі керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»