Белгілі жазушы, публицист Қали Сәрсенбайдың «Ана тілі» ұлт газетінде жарияланған «Құрманғазы, Мәмен, Қали» атты этнопайымы көкейімізде көмескілене бастаған көп ойдың көзін ашып, самарқау тарта бастаған санамызды сілкіндіріп, соны серпін берді.

Қаламы жүйрік қаламгер шағын ғана еңбегінде ұлттық ұятымызды ұясынан шығарарлықтай, қазақи намысымызды қылышпен жанырлықтай қадау-қадау мәселені көтеріп, өткір де тура пайымдарымен парасат биігінен үн қатады.
Автор сөз басын дәулескер домбырашы, Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрінің негізін қалаушылардың бірі Қали Жантілеуовтің 120 жылдық мерейтойының өте жұпыны өткенінен бастайды да, одан кейін күй құдіреті, оның алып тұлғалары, мәдениетіміздің қазіргі жай-күйі туралы өзекті ойлармен сабақтастырады. Тарихи тұлғаларды кейінгі ұрпақ танымайтындығына қынжылыс білдірген қаламгер есесіне кешегі қызыл коммунистердің ақпарат құралын жаулап алғанына өкініп, ондай той-томалақтың ұлтқа емес, руға қызмет жасайтынына тоқталады. Сөз жоқ, бұл да шындық.
Сәл шегініс жасайық. Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовтің 120 жылдық мерейтойы өзінің туған өлкесі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында жас домбырашылардың республикалық сайысы деңгейінде өтті. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, аудан басшылары намысқа тырысып, демеушілердің көмегімен шараны барынша өткізді. Ең сорақысы сол, Қали мерекесіне облыс әкімдігінен, облыстық мәдениет басқармасынан бірде-бір шенеунік төбе көрсеткен жоқ.
Мұның өзі жазушы айтқандай ат үстінде отырған шенеуніктердің ұлт руханияты алдындағы дәрменсіздігін көрсетпей ме? Осыдан кейін жазушының «Мәдениет, өнер – ұлттың ұяты, ұлы мағына, ұлы мазмұн. Сондықтан да Мәдениет министрлігі – министрліктің министрлігі әрі эталоны болу керек» деген пайымына қалай ден қоймассың?
Тағы да шегініс жасайық. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде мәдениеттің басына кім келіп, кім кетпеді десеңші. Ана бір жылдары мәдениетті былғары қолғап маманы басқарғанын да білеміз. Сосын да болар, қаламгер «осы біздің министрлердің басым бөлігі министр емес, менеджерлік қасиетке ие адамдар» дейді. Оның ар жағында сыбайластық, туыстық атауларының құлағы қылтиып тұрғаны кім-кімге де аян емес пе?
Жазушы «Өнер адамын басқармау керек, бағалау керек, бағасын білу керек. Тұлғаларын тану керек...» дейді. Алдынан Нұрғиса, Әзидолла, Шамғон, Қаршыға, Айтжан, Шәміл сынды қайраткерлерді ұшырған ұлы ұстаз, Құрманғазы, Дина, Мәмендердің ізін жалғастырушысы Қалекеңе көрсетілген құрметтің сиқы осы болса, оның төл шәкірті, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дирижер, КСРО-ның, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шамғон Сағиддинұлы Қажығалиевтің мерейлі 95 жасы да елеусіздеу өтті. Мәдениет саласының «сайыпқырандары» бар болғаны Алматы мен Оралда концерт қойып, тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатумен шектелді.
Шамғон он жасынан домбыра құлағында ойнап, екі бірдей консерваторияны бітіріп, Ахаң, Ахмет Жұбанов өз қолымен құрған Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрін қырық жыл бойы басқарып, ұлт руханиятын дүние жүзіне танытқан дара тұлға емес пе?
Шәкең ұлт оркестрімен бүкіл Еуропа, Азия құрлығын аралап, қазақ өнерін әлемге әйгілеп, дүниежүзілік өнер фестивальдерінде Қазақстанға алты мәрте алтын медаль әкелген ерекше талантты, шалқар-шабыт, дария-дарын иесі. Шамғон Сағиддинұлының 1957 жылы бар болғаны 30 жасында кеңес одағының маршалы К.Е.Ворошиловпен бірге Қытай көсемі Мао Цзэ Дунның қабылдауында болғанын қазір екінің бірі біле бермейді.
Шәкең қазақ өнерін Кремльдің Съездер сарайында, Мәскеудің Үлкен театрында талай рет асқақтатқан бірегей қайраткер. Анау-мынауды менсіне бермейтін, атағынан ат үркетін ұлы композитор Тихон Хренниковтің өзі Шамғон Сағаддинұлы басқарған өнер ұжымын «Ансамбль мирового класса» деп бағалаған болатын.
Шамғон Сағиддинұлы қанша биікке көтерілсе де өзіне дәріс берген А.Жұбанов, Қ.Жантілеуов, И.Лесман, Л.Шаргородский, Э.Грикуров, Д.Шостаковичті ешқашан ұмытқан емес. Қандай да құрметке лайық осындай дарабоз ұстазын қазіргі шәкірттерінің ұмыта қалғанын қай адамгершілікке сыйғызар едік.
Иә, Шәкеңнің ұлт өнеріне қосқан ұлан-ғайыр еңбегін бір мақала көлемінде айтып шығу әсте мүмкін емес.
Ұлт мақтанышы, академик Зейнолла Қабдолов зайырлы замандасы туралы «Ахмет Жұбанов туғызған кербез назды оркестрді сазды бесікке бөлеп тербеткен – Шамғон Қажығалиев. Ол ХХ ғасырдағы қазақ музыкасының қайталанбас біртуар алып тұлғаларының бірі. Қатарынан екі консерваторияны бітірген қазақтың тұңғыш профессионал дирижері әлі күнге дейін өзінің шыққан биігінен қыл елі төмендеген жоқ. Сол биікте тапжылмастан тұр» деген екен. Міне, ұлылар бірін-бірі қалай бағалай білген. Бұдан артық не айтуға болады?
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні Шамғон Сағиддинұлы шаң басар, елеусіз қалар тұлға емес. Сондықтан да еліміздің су жаңа министрі Асхат Оралов Астана қаласының Е.Рахмадиев атындағы филармониясының халық аспаптар оркестріне қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Шамғон Қажығалиевтің есімі берілуін, Алматы, Астана қалаларында ұлы дирижер атында көше атауы болуын қолға алса дейміз.
«Жыл дегенің жылғадан аққан су» дегендей, төрт жылдан кейін Шамғон Қажығалиевтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтсе, ол Шәкеңе емес, қазақ өнеріне көрсетілер зор құрмет болар еді.
Бұл Құрманғазы, Дина, Мәмен, Қали, Оқап, Тұяқберді сынды тұғырлы қайраткерлерді, Шәкең сынды біртуар тұлғаны дүниеге әкелген, қазақтың кемеңгер перзенті Әбіш Кекілбайұлының дуалы аузымен «Күй астанасы – Жаңақала» атанған өнер дарып, құт қонған киелі мекен жұртшылығының елдің жауапты орындарынан сұрар тілегі.
Зәкария СИСЕНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі
Батыс Қазақстан облысы,
Жаңақала ауданы
Жәдігер • Кеше
Халықаралық олимпиадаға барады
Олимпиада • Кеше
Ғылым • Кеше
Мереке • Кеше
Аймақтар • Кеше
Олимпиада • Кеше
Ұқсас жаңалықтар