«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы осы бағыттағы оң әрі тың бастаманы қолға алды. Ұлттық компания National Geographic Qazaqstan журналымен бірлесіп, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының 900-ден аса мектебіне қазақ тіліндегі осы басылымды тегін жаздыру жобасын бастады. Сонымен қатар мектептерге журналдың 2022 жылғы мұрағатын сатып алып берді.
Журнал туралы бірер дерек келтірсек, National Geographic – АҚШ-тың ұлттық география қоғамының ресми басылымы, 135 жылдан бері әлемнің 80-нен аса елінде жарық көріп келеді. Жер жаһанда миллиондаған оқырманы бар, өз брендін қалыптастырған. Оның журнал, телеарна, кітап, әлеуметтік желідегі жалпы аудиториясы 900 миллионнан асады.
National Geographic журналының мұқабасындағы түрлі-түсті, бояуы қанық, таңғажайып фотосуреттері бірден көзге түседі, танымдық мақалалары әлемнің әр қиырына жетелейді. Әсіресе жаратылыс сырын қазбалайтын, адамзат баласының өркениетке жету жолындағы талпыныстарын терең талдайтын материалдардың орны бөлек.
Саясаттан тыс жазбалар, тарих пен қазіргі уақытты, тұмса табиғат пен экология зардаптарын зерделеген, география, археология, тарих, биология, астрономия және т. б. көптеген ғылым саласын кеңінен қамтыған мақалалар оқырманына ой салады. Сапалы әрі мазмұнды журнал шығару ісіне әлемнің түкпір-түкпірінен үш мыңнан аса зерттеуші атсалысады. Олар – өз зерттеу нысанын терең білетін, соған бар уақытын, зейінін, тіпті ғұмырын арнаған жандар. Атына қарап басылым тек география мәселелеріне басымдық береді деп ойлау – қате. Онда биология, антропология, ғарыш және медицина тақырыптары да кеңінен қамтылады.
National Geographic Qazaqstan 2016 жылдың ақпан айынан бері қазақ тілінде жарық көреді. Біздің ана тілімізді қосқанда әлемге әйгілі басылым 38 тілде шығып келеді. Журналдың өз тіліндегі нұсқасын шығаруды бұрынғы Кеңес одағы елдерінен Грузия, Орталық Азия мемлекеттерінің арасында Қазақстан ғана қолға алған, бүгінде қазақшасының таралымы – 7 500 дана. Жарияланған айғақтар мен жаңалықтар, зерттеулер мен көз тартар көріністер, «Күннің үздік суретіндегі» фото, саяхат пен табиғат туралы мақалалардан әркім өз керегін табады.
Кеше Қызылорда қаласының Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, National Geographic Qazaqstan бас редакторы Еркін Жақыпов, қала мектептеріндегі география пәні мұғалімдері, мектеп директорларының ғылыми-әдістемелік мәселелер жөніндегі орынбасарлары, орта және жоғары сынып оқушылары қатысқан іс-шара өтті.
Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асып жатыр. Жобаны қолдау қадамын «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Қызылорда облысынан бастады. Компания Сыр өңірінің 300-ден аса мектебіне журналдың бір жылдық тегін жазылымын ұйымдастырып, мектеп кітапханаларында өткен жылғы және алдағы жарық көретін нөмірлерді оқуға мүмкіндік жасады.
М.Мырзағалиев National Geographic Qazaqstan журналымен бірлескен жобаның ашылу салтанатында бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмасына толық сай келетінін айтты.
– Бұл жолдағы маңызды қадам жаратылыстану-ғылыми, техникалық бағыттағы журналдарды оқу мәдениетін қайта жандандыру екеніне сенімдіміз. Таңдаудың National Geographic журналына түскені кездейсоқ емес. Редакцияның экология мәселелеріне тиісті көңіл бөліп, оқырманның сана-сезіміне әсер етуге тырысатыны өте маңызды. Қоршаған ортаның қауіпсіздігі – біздің компания үшін де маңызды құндылықтардың бірі. Сонымен қатар біз үшін ауыл мектептерінің журналға жазылуын ұйымдастыру аса маңызды. Ауыл мен қала арасындағы ақпараттық және білім берудегі теңсіздікті жою мемлекет пен бизнес алдындағы ортақ міндет деп санаймыз. Бұл жоба «ҚазМұнайГаздың» әлеуметтік жауапкершілік бөлігінде корпоративтік саясатының бір бөлігі екенін айта кеткен жөн, – деді Басқарма төрағасы.
Компания қызметкерлерінің еңбек жағдайы мен тұрмысын жақсартуға баса назар аударатыны белгілі. Оған қоса медициналық орталықтар, спорт кешендерінің құрылысын қаржыландыруда, дарынды жастарға даңғыл жол ашуға негізделген ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Бүгінгідей бастама цифрлық технологиялар адамзаттың ақпарат тұтыну әдеттерін түбегейлі өзгерткен кезеңде жас ұрпақтың, ұстаздардың газет-журналдарды оқу мәдениетіне қайта оралуы үшін өте керек.
– National Geographic Qazaqstan журналының басшылығы мен редакциясына ынтымақтастық үшін, сондай-ақ оның жаратылыстану ғылымдарын насихаттауға және мемлекеттік тілдегі сапалы контентті дамытуға қосып жүрген үлесі үшін алғыс айтқым келеді. Ал бүгінгі жиынның басты кейіпкерлері – оқушыларға пайдалы ілім мен жарқын жаңалықтар тілеймін! Оқуда озат болып, осындай журналдарды көп оқып, үлгілі тәртіп пен өзін өзі дамыту арқылы осында отырған көпшілігіңіз болашақта ғалым-зерттеуші, саяхатшы мен геолог, эколог пен инженер бола алатындарыңызға сенімдімін, – деді М.Мырзағалиев.
Салтанатты рәсім кезінде Қызылорда облысы бойынша жазылу сертификаты жаратылыстану-ғылыми пәндер бойынша олимпиадалардың қатысушысы әрі жүлдегері, №264 мектептің 9-сынып оқушысы Санжар Сұлтанбекке табысталды. Сонымен қатар қала мектептерінің шәкірттері жетістікке жеткен география пәні мұғалімдері Алғыс хатпен марапатталды.
Журналдың бас редакторы Еркін Жақыповтың айтуынша, ұстаздар мен оқушылар үшін қазақ тіліндегі ғылыми контентке қолжетімділіктің маңызы зор. Мектептегі оқу бағдарламаларының тақырыптарына қосымша көмек болатын құралдар – әрине, ғылыми журналдар. Басылым әлемнің 80 еліндегі 3 мыңдай зерттеушінің еңбегін оқырманына ұсынып келеді.
– Ұстаздар қауымы National Geographic Qazaqstan журналын география, биология, жаратылыстану пәндерінде күнделікті қосымша құрал ретінде қызықты, тартымды сабақ өткізу үшін қолдана алады. Сондай-ақ оқушылардың функционалдық сауаттылығын, зерттеушілік ой-қабілетін дамытуға септігін тигізеді. Әртүрлі ғылыми-танымдық жобаларға, жарыстарға осы тақырыптарды арқау етіп алуына болады. Бұл жас ізденушілердің ғылымға, зерттеуге деген құлшынысын оятады, – деді бас редактор.
Ұстаздар үшін мектеп бағдарламасынан тыс қосымша әдебиеттер мен ресурстарға қолжетімділік өте маңызды. Сондықтан осы іс-шараға қатысқан география пәні мұғалімдерінің де пікірін білдік. №264 мектептің география пәні мұғалімі Шолпан Нұрмаханованың айтуынша, оқушыларды ғылыми жобалар жазуға баулу, олимпиадаларға дайындауға осындай сапалы материалдар аса қажет. Бұл талапкерді ізденуге ынталандырады, ой-танымын байытады.
Іс-шара соңында National Geographic өкілі жергілікті мектептердің мұғалімдеріне басылымның онлайн және оффлайн ресурстарын қолдану бойынша тренинг өткізді. Мұғалімдер ұсынылып отырған мол материалды күнделікті жұмыс барысында пайдалануға мүмкіндік туғанына ризашылық білдірді.