Өнерлерімен қалың көрерменді тәнті еткен ерекше театрдың ерекше актерлері көпшіліктің ықыласына бөленді. Спектакль ым-ишара тілінде ойналды. Бұл қойылымның бірегейлігі екені анық.
Өз сөзінде Палата спикері «Ерекше театр» жобасының инклюзивті қоғам құру жолындағы маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Сенаттың осы бағыттағы заң шығару жұмыстарының нәтижелеріне назар аударды.
«Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау, кедергісіз, инклюзивті орта қалыптастыру – мемлекетіміздің және қоғамның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге әрдайым баса мән беріп, үнемі назарда ұстап келеді. Былтыр елімізде «Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту туралы» заң қабылданды. Алдағы уақытта қажет болса, тағы да заңнамалық жұмыстарды қолға алуға дайынбыз. «Ерекше театр» және «Sensitive» би театры сияқты жобалар мүгедектігі бар азаматтардың, әсіресе балалардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін дамытуға, олардың ортаға бейімделіп, өмірден өз орындарын табуына үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сондықтан мұндай бастамаларды қолдаудың маңызы зор», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасы қойылым жоғары деңгейде болғанын және актерлер өз рөлдерін шебер сомдағанын да атап өтті. Сондай-ақ ол елордалық көрермендерге керемет көңіл күй сыйлаған өнер ұжымына, «Sensitive» би ансамбліне, оның көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщиковаға және дарынды балаларға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан Құралай Түспекова бастаған Ұлттық Дельфий комитетіне алғыс білдірді.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Петропавл қаласында театр ұжымымен алғаш кездескен сәтте алған әсерімен бөлісті. Сол кездесуден кейін жас өнерпаздарды елордаға шақырғанын да жеткізді. Палата спикері өнер ұжымының негізі қаланғанына 5 жылға жуық уақыт өткенін, осы аралықта жоба нағыз театр ретінде қалыптасып, әлемнің бірқатар елінде өткен көптеген халықаралық конкурста топ жарғанын атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, театр құру идеясы – Ұлттық Дельфий ойындары аясындағы Парадельфий аталымының лайықты жалғасы. Бұл бастаманың басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар шығармашыл жастарға жүйелі түрде қолдау көрсету. Соның нәтижесінде 2018 жылы Жастар жылы қарсаңында Ұлттық Дельфий комитеті «Ерекше театр» жобасын қолға алған. Мүгедектігі бар балалар мен жастарға театр өнерін үйретудің тәжірибелік және әдістемелік негізін қалыптастыру – осы жобаның маңызды міндеті.
Қазіргі таңда театр Петропавл қаласындағы есту қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернатта орналасқан. Ол жерде мүгедектігі бар 25 актер жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – парадельфий аталымы бойынша түрлі байқауда топ жарған жастар. Финалдық сында өнер көрсеткен тағы 300-ден астам жас азамат Дельфий өнер мектебінде өз шығармашылықтарын шыңдап жүр. Сондай-ақ олар Ұлттық Дельфий қазылар алқасының мүшелеріне тәлімгер ретінде де қолдау көрсетеді.