Биыл 37 мәрте жалауы желбіреген халықаралық Иштван Бочкаи атындағы турнирде Қазақстан құрамасының 13 былғары қолғап шебері бас жүлде үшін сынға түсіп жатыр. Атап айтқанда, Мажарстан шаршы алаңында 2021 жылғы әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов (48 кг), Сербиядағы әлемдік доданың күміс жүлдегері Серік Теміржанов (57 кг), 2021 жылғы Қазақстан чемпионы, әскерилер арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Дамир Әбдіқадыр (51 кг), жастар арасындағы Азия біріншілігінің жеңімпаздары, халықаралық турнирдің жүлдегерлері ағайынды – Саматәлі (60) мен Санатәлі Төлтаевтар (63,5 кг), Азия біріншілігінің қола жүлдегері Нұрбек (80 кг) пен Азия чемпионы Айбек Оралбайлар (92 кг) ел намысын қорғап жатыр.
Сондай-ақ бірнеше елішілік және халықаралық жарыстардың жеңімпаз-жүлдегерлері Дәулет Молдашев (54 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Ермахан Жақпеков (71 кг), Аятулла Тәкежанов (75), Шаймұрат Құсайынов (86 кг) және Дамир Тойбай (+92 кг) Мажарстан шаршы алаңында бақ сынайды.