Бағдарламадағы жаңа өзгерістерге сәйкес, бұдан былай туроператорлардың өтінімдері Kazakh Tourism-ге түскен күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде мақұлданады. Бұған дейін өтініштер 10 жұмыс күнінің ішінде қарастырылатын еді. Сондай-ақ төлем мерзімі 45 күннен 25 күнге дейін қысқартылып, енді Kazakh Tourism ұлттық компаниясы субсидия сомасын тікелей туроператорлардың есепшотына аударуды жүзеге асырады.
«Жаңа ережеге сай, өтінімдерді қарау мерзімі 7 жұмыс күні деп белгіленгенімен, Kazakh Tourism оларды барынша қысқа мерзімде мақұлдауға тырысады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша субсидияларды қараудың және төлеудің нақты мерзімі орта есеппен 10 жұмыс күнін құрады. Субсидиялар 4 жұмыс күні ішінде төленген жағдайлар да болған», делінген ресми хабарламада.
Ережеге енгізілген бұдан басқа өзгерістерге сәйкес, балалар әуебилетін сатып алуды растау тізбесі кеңейтілді. Егер бұрын өтінімге әуебилеттің көшірмесін қоса беру қажет болса, қазір әуекомпаниядан билетті пайдалану туралы маршруттық түбіртекті немесе растау анықтамасын қоса беруге болады.
2022 жылдың қорытындысы бойынша, Kids go free бағдарламасы аясында туроператорларға 700-ге жуық өтінім түсіп, балалар әуебилеті үшін мемлекеттік қазынадан 76 млн теңге көлемінде субсидия бөлінген. Тур аясында ел бойынша 1,5 мыңға жуық бала тегін ұшқан. Әзірге ең танымал бағыт Ақтау қаласы болып тұр. Бір жылдың ішінде мұнайлы мекенге 350-ден аса турпакет сатылған.
Тегін әуе билеттері әзірге туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында айқындалған басым туристік аймақтардың (БТА) үздік 10 бағыты бойынша ғана қолжетімді. Оларға мына аймақтар кіреді: Алакөл көлі, Алматы өңірінің тау кластері, Щучье-Бурабай, Баянауыл Имантау-Шалқар курортты аймақтары, Балқаш көлі, Түркістан облысы, Маңғыстау жағажай демалыс аймақтары, Астана қаласында MICE-туризмді дамыту корпоративтік іс-шараларды ұйымдастыру және өткізуге байланысты іскерлік туризм және Байқоңыр ғарыш айлағы.
Тегін билеттер мен балалар санына шектеу жоқ. Дегенмен сапарға шығу алдында мынадай бірнеше жайтты ескерген жөн. Мәселен Kids go free қосылған туристік өнімді сатып ала отырып, балалар туристік орындардың аумағында кемінде бес күн және төрт түн тұруға міндетті. Егер сіз бірден бірнеше жерге баруды жоспарласаңыз, онда кем дегенде екі күн және бір түн сол орында болуыңыз керек. Тұру уақытының жалпы саны бес күннен және төрт түннен кем болмауы қажет. Бұл жағдайда балаларға арналған тегін әуе билеттері бірінші локациядағы әуежайға дейін және соңғы локациядағы әуежайдан ұсынылады. Яғни сіз бір емес бірнеше рет ұшуды көздесеңіз, ең алғашқы және соңғы рейстің билеті ғана тегін болады. Екі мекенжайдың арасындағы билеттер мен көлік шығындарын өз қалтаңыздан төлейсіз. Сондықтан әр жерде кемінде бес күн және төрт түн тұру арқылы туристік қызметтерді сатып алған тиімді. Осы шарттар бойынша балаларға арналған тегін билеттер барлық жердегі әуежай арасында ұсынылады.
Kazakh Tourism ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, мұндай бағдарламаның мемлекет деңгейінде қолданылуы – әлемдік тәжірибеде болмаған жағдай. Заң күшіне енген бағдарлама мерзімсіз уақытқа қабылданған. Осы жылға бюджетте бағдарламамен кем дегенде 20 мың баланы қамту көзделсе, сұраныс артқан жағдайда, қосалқы қаражат тартылатыны ескерілген. Екі жыл бойы пандемиядан зардап шеккен туризм саласына ендігі кезде жаңадан дем берілді десе болады. Kids go free арқылы ел ішінде саяхаттаймын дейтін жанұяға 30%-ға дейін үнемдеу мүмкін болып отыр.