Театр • 09 Ақпан, 2023

Тәлкекке түскен тағдырлар

322 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мұхтар Әуезов театры жыл­ашар шы­мылдығын Флориан Зел­лердің «Әке» пьесасы премьерасымен ашты. Орыс тілінен аударған – Қазақстанның Ха­лық әртісі Тілектес Мей­рамов.

Тәлкекке түскен тағдырлар

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Спектакль сағаттың шық-шық соққан дыбысымен басталды. Сах­наның түкпіргі планында қа­рия көрінеді де, артына жалтақтап қа­рап қойып жылдам басып сахнаны кесіп жүгіріп өтеді. Іле-шала кемпірдің бажылдаған дауысы ес­тіледі. Бажылдағанда да, от-ор­ма­ны өртеніп, бар дүние қараң қал­ған­­дай екілене айғай-сүрең салады. Намы­сына шоқ түсіп, әбден қор бол­ған әйел дауысы. Ол айғайдан қыңып жүрген ақсақал жоқ, қайта, ата-әжесін арқаланып, бұзықтықтың тү­рін шығаратын ерке сәбидің ойнақы міне­зімен шолжаңдайды. Еркін сә­би... Иә, актер Болат Әбділманов сахна­дағы бел мен тізе «кетіп» қалтаңдаған алғашқы қадамымен-ақ, бір адым жерді қарға адыммен үш-төрт басып, әр аттаған сайын табаны күйгендей үбектеп қозға­луымен, тұсауы жаңа кесілген сәби сияқты әрпіл-тәрпіл қозғалған пластикасымен, тұсаулы аттай кібіртіктеген жүрісімен, бірдеңені «бүлдірген» жағына қулана қарап қойып, мәз-мәйрам болып аңқаусыған кейпімен спектакль ауанына нәзік ирония бояуын сүйкеп тастап, сахна кеңістігінде еркін жүзеді. Пьесаның сюжетіне бүгінгі қазақ қоғамының түйт­кілді мәселелерін қаузайтын – қа­зақ қыздарының жат жұртқа күйеуге тиюі, жігіттердің Отан қорғаудан бас сауғалап қашуы, қазақ жастарының әке-шешесін қарттар үйіне тапсыруы сияқты әдетке айналып бара жатқан ұлтымызға жат қылық көріністері сахнасын Болат Әбділманов өз жанынан қосып, пьеса идеясын Еуропалық көзқарастан ұлттық проблемаларға бұрған екен. Спектакль атауына «Қазағым, қайда барасың?..» деген сөз қосылуы да осыдан. Болат осындай ауыр тақырыпты жұртқа ақыл айтатын нотациялық сарынға салып, трагедиялық әуенмен жеткізем десе актер ойыны да, спектакль көркемдігі де ұтылған болар еді. Алайда актер мен режиссер спектакль идеясын еңсені езер ауыр тәсілмен емес, кей сахналарда көрерменге езу тартқызар жеңіл де астарлы ирония­мен ой тастап отырғанды жөн санайды. Кешікпей, сахна сыртынан естілген айғай-сүреннің иесі күтуші кемпір де көрінеді. Ақсақалдың сағатымды ұрладың деп, онымен қоймай тіл тигізуі жанына батқан кемпір бармақтай ғана құлпының тісі түсіп, қақпағы қайта-қайта ашылып кете беретін ескі шамаданына (бұл елеусіз деталь да қарттардың қиюы қашқан өмірінің символындай көрінеді...) көйлек-көншегін тығып, енді бұл үйді желкесінің шұқыры көретінін айтып, ботасынан айырылған іңгендей боздаған күйі шығып кетеді. Шалы өмірден ерте кетіп, жалғыз қалған, азын-аулақ зейнеақысына қосымша тиын болады ғой деп алжыған шалды күтуге мәжбүр болған, істемеген қылмысты істеді деп нахақтан-нахақ мойнына қиып салған шалдың қорлығы өтіп кеткен Ибагүл кемпірдің бая-шая болып зар илеген кейпін тәжірибелі актриса Меруерт Омарбекова жандүниесі қопарыла, барын сала ойнады.

Белінен өрген екі қызы бола тұрып Әке – қария жалғыз. Бір қызы бөтен ұлттың еркегіне күйеуге тиіп шет елге кетіп қалған, сонда тұрады. Қария ол қызын ойламауға тырысады, өзі үшін бұ дүниеде енді жоқ, өлдіге балайды. Екінші қызы – Айжан (Майра Әбсадықова) тыжырынып, аһылап-үһілеп жүргенімен де обалы не керек, қартайған, сырқат әкесін бағып-қағады. Алайда оның көңіліне де шайтан ұялаған – күйеуінің азғыруына еріп әкесін қарттар үйіне тапсырып, үйді сатып мол ақшаға кенеліп, алаңсыз өмір сүруді де ойлайды. Майра – сахналық сымбаты келіскен, әріптестерімен арақатынасын ойлы, астарлы әрекетке құрып, сахна кеңістігінде еркін қимылдайтын, сөз бен әрекетті ұштастыра білетін жас актриса екен. Майраға тек, дауыс регистрлары мүмкіндіктерін аша түсу үшін әлі де талаптану қажет. Күйеу бала (актер Жанат Тиымбаев) әйелінің көзін ала бере қайын атасын «асарыңды асадың, жасарыңды жасадың, енді бізге масыл болмай көзіңді құрт...» деп адам жоқта жәукемдеп алады. Қария осылайша басымен қайғы болып жүрсе де ел қамын, жер тағдырын ойлайды. Бұлттан шыққан күн сияқты жарқырап есі түзелген сәттерде күйінішін төгіп-төгіп тас­тайды. Режиссер және актер төрінен көрі жақын қарияның психологиялық алжыған типін шынайы көрсете білген. Ақсақал сағатым жоғалды, біреу сағатымды ұрлап алды деп үнемі күдік, сезік үстінде жүреді. Үйде тұратындарға да, кіріп-шыққан адамға да күдіктене қарайды. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «Күн менен ай өмірдің ұрысы екен, күні кеше алғаны есінде жоқ, ертең тағы келеді жылтың етіп...» деп әр өткен күн мен түннің пенде өмірін өткір қылыштай турап, атжалмандай кеміріп, түгесіп бара жатқанын меңзесе Болат Әбділмановтың қариясы да ұрланған сағатын іздеп алас ұрады. Сағат – уақыт символы. Кәрі қойдың жасындай ғана жасы қалған адамның әр сәтті бағалап, өткен өмірін саралап, Жаратқан Ие қайран жастығымды қайтарса басқаша өмір сүрер едім-ау деп сағым-қиялға берілері белгілі. Пенде екі нәрсені – уақыт пен денсаулықты бағалай алмайды дегендей татар дәмі түгесіле келген, жазылмас дертке ұшырап, жар басында жалғыз қалқиған қарияның денсаулығы мүшкіл, уақыты санау­лы. Режиссердің спектакльді шық-шық еткен сағат тілінің апшыны қуырған мазасыз үнімен бастауы, спектакльдің қадау-қадау тұстарында шықылдаған осы үнді қайталап беріп отыруы да өмір шіркіннің қанша шеңгелдесең де сынап сияқты сусып уыста тұрмайтынын, уақыт әміршінің үкімі қатал екенін, күндердің күнінде «Ал мен кеттім деп!..» қайырылмастан кете беретінін, бүгінгі күннің қызығын таусылмастай көретін пенденің нәпсі шіркіннің айтқанымен жүріп, айдауына көнетінін білдіріп, сіздің миыңызға шегелейді. «Қолымда аттанарда жоқ нәрсені барғанда тәңірі алдына қайдан таптым...» дейді тағы да Мәшһүр-Жүсіп. Болаттың Әкесі да сырқатына қарамай ақсақалдық борышына адал – жоғарыда айтқа­нымыздай ұлт болашағына алаңдайды. Спектакль финалында кесір, кер ұрпақты тәрбиелеген өзіміз ғой деп кінәні өзгеден емес, өзінен іздейді. О дүниедегі сауалға қалай жауап беремін деп жаны қиналады. Бұл – актерге сахнада екінші планды – оқиғаның жібекпен көмкеріп, зермен әдіптеген астарын аударып, көрер­менге жеткізіп отыру үшін керек. Болат Әбділмановтың алдында – кейіпкерінің деменсия – алжы­ғандығын, көзін жұмғанда бала, ашқанда дана – есі бір кіріп, бір шығып жүргенде спектакль идеясының ұшығынан айырылып қалмауды ойлау, қалтаңдаған жүріс-тұрыс ырғағынан жаңылмау, бір жарым сағаттық спектакльдің жүгін бір өзі көтеріп – қырық-елу беттік сөзден жаңылмау, сөз бен пластика үндестігінің үйлесімін қиюластыра білу сияқты алуан қатпарлы қыруар еңбек тұрды. Актер осындай мақсат-міндеттерді кәсіби де сауатты игере білген екен.

Шынын айтсақ, театр сахнасы мен кино-телеэкрандарда батыр-бағыландарды, Хакім Абайды сомдап әдеттеніп қалған, кіл мықтының сөзін сөйлеп, ойы да, дауыс аппараты да айбарлы, сұсты образдарға машықтанып үйренген, сойы – батыр-балуанға келетін актер кемпір-сампырмен тәжікелесіп, пеш түбі мен ас үйдің арасындағы жолын ғана білетін алжыған шалдың рөлін қалай ойнар екен, жылдар бойы қалыптасқан ойындағысының бір сәтте аунап түсіп, өзге қырын жарқ еткізуі оңайға соқпас, әй, қайдам... деген кісәпір күдіктің көңілде болғаны да рас... Ал шымылдық ашылғанда біз басқа, мүлдем өзге Болатты көрдік.

Ақсақалдың күйеу баласы – Жанат Тиымбаев сахналық келбеті келісті, жағымды қоңыр дауысы бар жас актер. Әрине, актердің сахналық образынан еш кінәрат таба алмайсың. Әйелін азғырып, қайын атасының үйін сатып, баюды ойлайтын, біреуді дарияға батырып өзі судан құрғақ шығуды көздеген, еркектік намыс дегеннен мақұрым, халықты пирамидамен арбап миллиондап арам пайда табатын бүгінгі блогерлерді еске салатын, бір күндігін ғана ойлайтын азғын образын шебер сомдаған. Қайын атасынан құтыларына көзі жеткен кезде әйелі екеуінің «жүз грамм» жұтып алып билейтін сахнада Жанат пластикасы «ұшып тұрған» шебер екенін көрсетті. Әйелі – Майра Әбсадықова осы сахнаны енжарлау орындады әрі бимен берілетін ой өрбімей, аяқсыз қалды.

Тағы бір жас актриса – қараусыз қарттарға көмек көрсететін әлеуметтік мекеменің қызметкері Лола рөліндегі жас актриса Айша Ағымбай театрды бір мамандай танитын адам үшін жарқ еткен жаңалық болды деп айта аламыз. Қарияның қызынан пара алып, алжыған қартты үйінен қуу операциясына белсене кіріскен Лола-Айшаның актерлік қабілеті мол – ол Болат Әбділманов кейіпкерінің іші-бауырына кіріп кете жаздайды, тіпті қарияның көз құртын жыбырлатып мың бұрала қозғалуы, ақсақалдың ішінен еркелей түрткілеп тұрып тілінен бал тамызып азғыруы, бар денесін сулы орамал сыққандай бұратылта қойып, қарияның серілігін есіне түсіріп, емешегін үздіріп қылымсуы сияқты әрекеттері арқылы актерлік техникасының төселіп келе жатқанын көрсетті. Актриса қарияны қарттар үйіне алып келіп, бөлмесіне кіргізіп жіберетін сахнада мүлдем өзгереді – ақсақалдың қамын ойлап жік-жаппар болатын; жүзінен мейірім, тілінен бал тамған, сондай ізетті, инабатты Лола жоқ, оның орнына беті қалың, сызданған сөзінің астарында «жіберші мені, көрсетейін...» деп долы мінезі жұлқынып тұрған, тепсініп жүретін, әр сөзі сойылмен ұрғандай тәйтік біреу пайда болады. Қызы мен күйеу баласының алдап-сулауына ақыры көніп, Лоланың жетегіне еріп қарттар үйіне кетіп бара жатқан Әкенің тәттіге алданған баладай бәйпең қаққан сахнасы өте әсерлі – қарттар үйіне барып жату Әке үшін жалындаған крематорий аранына түскенмен бірдей болатынын көрермен жан дүниесімен сезіп, төбеқұйқасы шымырлап, түр­ші­гіп отырды. Сахнада ізгілік пен зұлым­дықтың шекарасынан қарғып әрі, қарғып бері өте беретін күрделі кейіп­кер бейнесін сомдай білген Айшаның үні таза, дауысы анық та диапазоны кең, жас та болса сахналық тілді шебер меңгерген актриса екенін көрдік.

Ақсақалдың қызы, күйеу баласы, әлеуметтік мәселелер қызметкері үшеуінің дегені болып, спектакль аяқтала келе қария қарттар үйіне тапсырылады. Қарияның негізі монологтары да осы жат үй, бөтен бөлмеде айтылады. Қарияның спектакльдің өн бойына жоғалған сағатын іздеуі – өтіп кеткен өмірінің артынан қууы, қайта айналып соқпас мүмкіндіктерін қайтарғысы келіп өнбес тірлік соңынан жүгіруі – өкінішпен өткен өмірінің елесіне елтуі. Режиссер, сағат-символды спектакльдің сахналық шешімінің арқауына айналдырып, негізгі ойды сағат арқылы шешкенінде қалай болар еді деген де ой келеді.

Спектакль суретшісі Қуат Түстік­баев сахна кеңістігін минимализм стилінде шешіпті. Алдыңғы планда – үй ішін білдіретін терезе пердесі ілінген, екінші планда – төрт бұрышты тор көздері бар, қалыңдығы қойдың қабырғасындай ағаштан құраған екі бөлек кереге ілінген, одан әрі тұс шымылдық. Оқи­ға сахна кеңістігіндегі осы үш бөлім аясын­да өтеді. Фон ретінде ғана жүк көтеріп тұрған музыкаға екі бірдей ком­позитордың (Кентау Назарбек және Қайрат Құматайұлы) араласуы қалай болғаны жұмбақтау... Спектакль үшін арнайы жазылған тұтас шығарма емес, құлаққа таныс күй қолданылыпты, ал жыршы, термешінің орындауындағы ән иллюстрациялық дәрежеде қызмет атқарып тұр. Әке мен бала тақырыбы әлем әдебиетінде жырланып келеді, жер бетінде адам барда жырлана да бермек. «Жан Әкенің» Шекспирдің «Король Лирінен» айырмашылығы – Әке үйін, дүние-мүкәммалын өз қолымен бермейді – қызы Айжан тартып алып әкесін қаңғыртып жібереді. Туған әкесі­нің сүйегінің үстіне өз бақытын орнат­пақ болған балада ел мүддесі, Отан алдындағы борыш қайдан болады!? Сондықтан да Әке-Болат «Мына жерді кім қорғайды?! Ертең менің сүйегім жау табанының астында қала ма?!.» деп күңіренеді. Қарияның қалған өмірі қарттар үйінде өтеді-ау деп көрерменді мұң басқанда режиссер тың шешімге келеді – жас кезінен бірге өскен кемпір ақсақалды қарттар үйінен шығарып алып, ауылға алып кетеді. Осы тұста, Әке тағдырын актермен бірге басынан кешіп отырған патша көңіл, сәби мінез көрермен еңсесі көтеріліп, жадырап қалады. Мәшһүр-Жүсіп сияқты әулиелерден қалған сөзден жанына жылу іздеп жүрген көрермен көңілінде Жан Әке жетім-жесірін жылатпаған, қариясын тентіретпеген қазақтың Ата дәстүрі сақталған адамгершілік аралы – ауылға барып қайғы-мұңы жеңілдеп, қалған өмірі дархан жандардың арасында өтеді-ау деген Үміт пайда болады. Спектакльдің ұтатын жері де осында. Үмітті өлтірмеуде, болашаққа деген сенімді оята білуінде. Жасыл түсі мол ауыл фонында өтетін финалда Әке мен күтуші кемпірдің арасында мынадай диалог бар: Әке – «Ойпырмай, күн жарқырап тұр екен», Кемпір: – «Иә, жарқырап тұр», Әке: – «Бұл жақсы ырым, жақсы белгі, демек еліміз де жаңарып, жақсарар, соған дұға жасайық». Режиссер мен актер тандемі «құдай өлді» деген модернизм, адамды үмітсіз шайтанға (үміт үзілу өлгеннен бетер) айналдырған постмодернизмнен іргесін аулақ салып, гуманизм идеясына оралады. Адам болған соң біз атқан таңға қуанамыз, тұманнан кейінгі көк аспанға көз тігеміз, болашақ әлдебір жақ­сылық әкелеріне сенеміз, күтеміз... Әде­биет пен өнер осы сенімді өлтірмеуге тиіс.

 

Асылбек ИХСАН,

режиссер