Әскер • 08 Ақпан, 2023

Әскерге бала кезден баулиды

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әскери тәрбие мен құқықтық сауаттылыққа баулуды бала кезден бастаған нәтижелі болмақ. Осы бағытта Алматы облысының Ұйғыр ауданында «Жас шекарашылар» мен «Жас полицейлер» әскери-патриоттық клубтары ашылды. Клуб мүшесі ретінде 5 мектептің 85 оқушысы Шонжы ауылының Мәдениет үйінде ант қабылдады. Сондай-ақ жас полицейлерге арнайы куәліктер табыс етілді.

Әскерге бала кезден баулиды

Мұндағы «Жас шекарашы­лар» мен «Жас полицейлер» клубы мектептердегі өзін-өзі бас­­қару ұйымының құқық фрак­циясында қызмет етеді. Яғни олар аудандағы полиция бө­лім­­шелерінің мамандарымен және оқу ошақтарындағы құ­қық менеджерімен байланыс орна­тып, мектептердегі құқық бұзушылықтың алдын алмақ. Алматы облысындағы «Жас сарбаз» әскери-пат­риот­тық қозға­лысының төрағасы Мадияр Шара­повтың айтуын­ша, арнайы куәлікке ие бол­ған балалар енді кез келген оқу­шыға тәртібі, жүріс-тұ­ры­­сына сын-ескертпе айта алады. Және олар құқық менед­жеріне есеп беріп, ескерту ал­ғандармен арнайы жиналыс өткі­зеді. Сонымен қатар клубқа қабылданғандар мектеп бітіргенге дейін еліміздің әкім­ші­лік және қылмыстық құ­қық бұзушылық туралы­­­ заң­да­рын меңгеріп шықпақ.

– Жас шекарашылар туралы айтар болсақ, олар аудан­дағы әскери бөлімдерге барып, сарбаздардың тыныс-тірші­лі­гімен танысып, оны басқа­лар­­ға насихаттаумен айналысады. Және оларға әскерилер қосымша сабақ беріп, шекара қыз­­метінің қыр-сырынан хабар­дар етеді. Олар 11-сыныпты тәмамдағаннан кейін әскери бо­рышын өтеуге тас-түйін дайын болады. Қазіргі таңда клуб­тардың ұйым­дас­ты­ратын іс-шара­ла­рының жобасы бекітіліп жатыр, – дейді Мадияр Шарапов.

Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева мұндай клубтардың ашылуы білім ошақтарындағы тәрбие жұ­мысын тың өзгерістерге бас­тай­тынына сенімді. Әскери-патриоттық клубтарға алдағы уа­қытта тағы бірнеше мектеп оқу­шылары мү­шелік­­ке қабыл­да­нады екен.

– Бұл клубтың ашылуы – мектеп жұмысына тың өзгеріс енгізетіні сөзсіз. Себебі кейде ұс­таз­дың мүмкіндігі шектеулі бо­латын сәттер болады. Мұн­дай­да өзіндік міндет­те­месі, қызметі бар клуб мүше­ле­рі кө­мекке келеді. Олар бар­лы­ғы­на үлгі көрсетіп, мек­теп­­тің бет-бейнесіне ай­на­лу­ғ­а тиіс. Қаршадайынан «Қазақ­стан Республикасына қызмет етемін!» деп ант берген бала жауапкершілікті сезініп өседі. Бұдан бөлек, олар қоғам өміріне ерте жастан араласады. Өзін-өзі дамытуға, мектепте әдеп пен тәр­тіп­ті сақтау­ға құштар оқу­­шы­­дан ел ертеңіне алаң­дай­­тын азаматтар шығаты­ны­на үмі­ті­міз мол, – дейді аудан­дық бі­лім бө­лі­мінің басшысы Мөлдір Құрманалиева.