19 Маусым, 2014

Пассионарлық парасат

317 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
РЕКТОР IZT_8842sm_-1Бүгінгі замандастарымыздың ішінде қайраткерлердің, ғалымдардың, санаткерлердің Елбасы туралы өз әсерін, көзқарасын жеткізуі заңдылық. Мен де Мемлекет басшысымен әр кездескен сайын біртуар тұлға туралы білігім мен байламымды толықтырамын. Мұрат пен ойдың кеңдігі, қабылданар шешімнің қоғам сұранымы мен келешегіне шынайы қабысуы, жоспар-жобаның кешегі, бүгінгі, болашақтағы ел мүддесіне сай құрылып, орындалу тетіктерінің көрсетілуі – осы қабілет-қарымды әрдайым байқаймын. Сонда бұл қасиеттің тек-тамырынан өз халқымыз бен біз үйлескен әлемнің мыңдаған жылғы даналығын зерделегендей боламын. Жоғарыдағыдай қабілет бір адамның бойында тоғысса, ол адам еліңіздің халық мойындаған көшбасшысы болса, бұл, әрине, мақтаныш. Қазақстанның жеңісі мен табысын біз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың атымен бай­ланыстырғанда, Елбасымыздың айқын көшбасшылық қасиетін, терең де байыпты парасатын, алысты болжайтын көрегендігін алға тартамыз. Мемлекет басшы­мыздың бұл қасиеті білім саласын жаңғыртуға, әсіресе, елі­міз­дің келешегін анықтайтын өрелі инновациялық шешімдерді қабыл­дауға елеулі ықпал етті. Президентіміздің жасампаз парасатына бойлаған сайын, ерік-жігер мен тәуекелшіліктің, қуат пен жүйеліліктің, білік пен табандылықтың тылсымынан гөрі шындығын, дара тұлғаға тән қайталанбас құбылысын аңғарғандай боламыз. Президенттің қай бастамасы болсын елге жариялана сала, оны жүзеге асырудың нұсқаулығына айналады. Бұл жерде тек идея ғана емес, кешенді ойлаудың мәнін айрықша айтқан жөн секілді. Осыдан кейін шешімді іске асыратын мемлекет аппаратының жүйелі де шұғыл жұмысы басталады. Бұл –жүрісінен жаңылмайтын замана сағатындай, әлемді таңғалдыратын құмырсқа илеуінің тәртібіндей аңызға бергісіз ерік-жігерге құрыл­ған жұмыс. Оның жүрегі де, тірегі де – Елбасы. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – заманалар сынынан өткен билік дәстүріне «Қазақстан жолы» деген мазмұнды енгізген, ел тарихындағы іргелі оқиғалардың басында тұрған, әлемге – қазақты, қазаққа – әлемді лайықты танытқан тегеурінді тұлға. Ел мен Елбасын ұлт айнасымен бірге әлем айнасымен де қараған орынды. Таяу-алыс шетелдерге шыға қалсаңыз, біздің Президент туралы «сіздерге Жаратқанның өзі бұйыртқан басшы» деп жатады. Бұл бағаға қуанамыз. Өз жауапкершілігімізді еселегіміз келіп тұрады. 90-жылдары, әлемде Қазақ­станның ел болу-болмауын сынайтын уақытта Президентіміз елдің шашауын шығармай, шекарамызды бекітіп, ел бірлігі мен жер тұтастығын сақтап, жаңа мемлекет қалыптастырудың қатерлі өткелінен өткізді. Экономикалық өрлеуге бастады. Сынаған жылдар артта қалып, сындарлы Қазақстан алға оза берді. Бәрі есімізде. Болмасын дегендер не айтпады?.. «Қырық құрақ Қазақстанда ұлтаралық қақтығыс болады», «Шекараны ашқан бетте 50 пайыздан кем қазақ жұрты басқаға жұтылып кетеді» деген кері кеткен болжаусымақтардың бәрінің күллі көкке ұшты. Осы жылдары Қазақстан әрі табиғи, әрі сындарлы төзімділіктің, бейбітшіліктің, ықпалдастықтың рәмізіне айналды. «Қазақстан», «Астана», «Назарбаев» деген сөз-ұғымдар тұрақтылықтың, серпінді дамудың, ашықтықтың баламасындай ұғынылды. Уақыт өте келе тұлғалар биік­тей береді. Елді ұйыстырған, әлемді жақындатқан, даму мен бейбітшілікті әз тұтқан Н.Назар­баевтың да тұлғалық тұғыры асқар­лана түсетіні сөзсіз. Ол – бүгін де, ертең де Елбасы. Мойындалған қасиеті, бағасы осындай. Дана қайраткер халық пен мемлекет мүддесін ұлттық аяда емес, пла­не­талық аяда ойлайды. Әлемдік үдерістердің бел ортасындағы Қазақстанды қалайша бәсекеге қабілетті етемін деп, түн ұйқысын төрт бөледі. Өмірдің ең маңызды арнасы – білім мен ғылым саласына келгенде, оны жоғары өлшемге салып, биік те көреген парасатпен бағамдауы, басымдық беруі – осы сөзімізге дәлел. Бір ғана халықаралық «Болашақ» Президент стипендиясын мысалға алайықшы. Талантты жастың қанатын әлемдік білім-ғылым ошақтарында қатайтып, озық дәстүрді елге жеткізу – мұны ел өркендеуінің мұраты мен мақсаты емес де кім айтады? Қазір осы бастаманы көп ел армандап, зерделеп жатыр. Әлі есімізде, 2007 жылы қаңтарда Елбасы «Болашақ» түлектерімен, білім алушыларымен кездесті. Емін-еркін әңгіме болды. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы: «Айналайындар! Қазақстан тек шикізатқа ғана тәуелді ел болмасын, бәсекеге қабілетті, өндірісі мен экономикасы дамыған мемлекет болсын десеңдер, бізге жоғары білімді адам ресурсы ауадай қажет. Сол себепті де күрделі 1993 жылы «Болашақ» стипендиясын тағайындадым. Бізге бизнес пен мемлекеттік басқару ісіне жаңашыл және тиімді басқарушылар буыны керек. Бізге кәсіби білікті азаматтар қажет!» деген еді. Сол жолы Елбасымыз: «Қазақстанның тарихы мен мәдениеті – әрқашан нәр беретін қайнар, бұдан жастарымыз жасампаздықтың зор қуатын алуға тиіс» деп тұжырымдағаны да жадымызда. 2014 жылы 29 мамырда Астанада қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ шартының бастауы – Елбасымыздың 1994 жылы 29 наурызда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған тұжы­рымдамалық дәрісін еске түсірейікші. Экономикалық одақ­тың маңызын әлемдік өреде дәл тану, оны қалыптастыру негізі мен жүзеге асыру тетіктерін нақты пайымдау, өңірлік дағдарыстың алдын алу, әлемдік үйлесімдікке қалытқысыз қызмет ету – Еуразия мұратына адал жаңашыл да сындарлы қайраткердің әрі деңгейін, әрі көрегендігін байқатты. Бұдан кейін жаңа Астана туралы тың ой, елордада Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университетін ашу туралы айрықша бастама дүниеге келді. Қазақстан өңірлік ынтымақтастық пен дамуды күн сайын емес, сағат сайын ойлады. Жай ойлаған жоқ, жауапкершілікпен байыптады. «Тауларды аласартпай, Дала рухын көтеру» немесе тарихи негізді, туыстықты, сыйластықты, бірлікті алға тарта отырып үйлесімді даму – Қазақстан шындығына айналды. Қиғаш қарайтындардың сола­қай сынына қарамастан, үздік­сіз үрдіспен дамып келе жатқан еуразиялық идеяның тұрақ­тылық тұғыры мәдени әралуандыққа не­гіз­делген. Оның ішкі бітімі нәзік, сұңғылалық сипаты мол. Зерт­теу­шілердің зердесін тарихты шығармашылық тұрғыдан талдау мен таразылауға жетелейді. Сонымен қатар, ғылыми ғибраты да айқын әрі айрықша, өйткені, орасан көп деректер мен дәйектерге табан тірейді. 2011 жылдың қазан айында «Известия» газетінде жарық көрген мақаласында Нұр­сұлтан Әбішұлы: «ХХ ғасыр­дың бірінші жартысында орыс эмигранттарының ортасында дүниеге келген «еуразиялық мектеп» ізбасарларының арасынан мойны озық шыққан көрнекті орыс ойшылы Лев Гумилевтің көзқарастары әрқашан менің көңіліме ұнайтын. Ол Солтүстік және Орталық Еуразияның үлкен аумағын мекендеген халықтардың жағрафиялық және мәдени-тарихи бірлігін тұжырымдап берді. Бұл ғалымның атын Астанада менің бастамаммен құрылған Еуразия ұлттық университеті иемденіп отыр», деп жазған еді. Сондықтан да біздің Президентімізді Гумилев идеяларының жай қошеметшісі мен қолдаушысы емес, шын мәнінде іске асырушысы деп бағалауға болады. Еуразиялық доктринаны нақты интеграциялық жобаларға енгізуі – Елбасы көрегендігінің жемісі. Лев Гумилев еуразияшылдық теориясының дара өкілі болса, бүгінгі ғалым­дардың, саясаткерлердің, қоғам қайраткерлерінің кейбірі әлі күнге дейін осы ғалымның жаз­ған-сызғандарын тар өрісті ұлттық мүдделердің аясында қарастырғанды мақұл көреді. Ал, бұған керісінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың кең құлашты, кемел қарымды, қисынды өріліп, қияға өрлеген пікірлері оны қазіргі замандағы ең маңдайалды еуразия­шыл практик деңгейіне көтерді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті бастамаларының жүзеге асуы нәтижесінде еуразияшылдық – теориялық және интеллектуалдық құрылымнан әрекет етуші саяси институтқа, мемлекетаралық еуразиялық ықпалдастық ақиқатқа айналды. Нұрсұлтан Әбішұлының күш-жігері арқасында «Ресей – Еуразия» классикалық геосаяси құбылысының мәні өзгеріске түсіп, еуразиялық кеңістік ұғымының аумағы ұлғайды және Қазақстан одан өзінің үйлесімді орнын тапты. Оның үстіне Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық одақ идеясы оған баламалық танытқысы келгендерден әлдеқайда ұтымды болып шықты. Себебі, ол нақты экономикалық және саяси қарым-қатынастарға арқа сүйеген, дәс­түрлі еуразияшылдық идеологемаларымен рухани сабақтастықты ғана сақтай отырып, Гумилевтің интеграциялық ұмтылыстарын басымырақ сіңірген, заманауи «жаңа еуразияшылдардың» геосая­си әуейілігінен мүлде бас тартып, аяқ шалдырмаған. Бүгінгі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті – ғылым мен эконо­мика­ның барлық саласында жоғары білікті мамандарды даярлайтын, ел дамуының басым бағыттары бойынша ғылыми-зерттеулер жүргізетін Қазақстанның көшбас­шы оқу орны. Осы оқу ордасы – жас­тарымыздың әмбебап білім алып, Қазақстанның болашақта жаһандық жүйемен жарасымды іргелесуі жолындағы Елбасының ұлы арман-аңсарларының іс жүзінде орындалуының жарқын көрінісі. Біз қазірдің өзінде замана көшінің алдына түскен, уақыт­пен тайталаса білім жарысына кіріскен талантты жастарды биіктерге баулуға тырысамыз. Олардың ойлары ордалы, тәжірибелері тынысты болуы үшін өзімізде бүкіл жағдайды жасап, студенттеріміздің шетелдерде тағылымдамадан өтуіне де ерекше ден қоямыз. Білім берудегі еларалық ықпалдастықтан бойды аулақ ұстау мүмкін емес, өйткені, ол – бүгін ғана басталмаған, бәлкім, ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан үздіксіз үдеріс. Күні кеше Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы шартқа қол қоюдың салтанатты рәсімінде Елбасымыз: «Құрметті достар, біздің елдеріміздің жастарына айрықша айтқым келеді. ЕАЭО сендер үшін құрылып отыр, ол кез келген елде сапалы білім, кәсіби дағды алуға басым мүмкіндік береді. Бүгінгі оқиғалар біздің елдеріміздің болашағы, ең алдымен жаңа ұрпақтары үшін тың мүмкіндіктер ашып отыр», – деген болатын. Осылайша жастарға шынайы жанашырлықпен, ерекше ықыласпен назар аудару – Елбасымызға тән айрықша қасиет. Мұның саясаттан ада, саяси технологиялардан тіпті аулақ екені, киеге кіндік байлаған мағыналарды тірек тұтқан дәстүрлер өрісінен табылатыны айқын аңғарылады. Президент елдікті сақтау кодын біледі. Ол – біздің білімге деген дәстүрлі құштарлығымыз. Білім – қасиетті құндылық. Болашақтың кілті – жастардың кемел білімінде. 2003 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Мен өз тәжірибеме сүйене отырып, пассионарлардың оңтайлы жасы 28 бен 38-дің аралығы екендігіне көзім жет­ті. Сондықтан келер шақта, аны­ғында, әсіресе, осы өткелек, өтпелі кезеңде уақыттан оза отырып жұмыс істеуге тиіс жастарға арқа сүйеу қажет», деп атап өткен болатын. Осы айтылғандардың аясында 2009 жылы Елбасының бастамасымен Астанада ғаламат жоба – Назарбаев Университетінің ашылуы білімпаз жастар арасында зор серпіліспен қабылданды. Жаңашыл университет қазірдің өзінде білім берудің ұлттық брендіне айналып үлгерді. Ол отандық білім берудің жетістіктері мен әлемдік ғылым-білім тәжіри­бесінің артықшылықтарын өзара жарасымды үйлестіріп отыр. Назарбаев Университетінің зерт­теушілік және инновациялық тәжірибесін бүкіл республикаға таратқан абзал. Мемлекетіміздің салиқалы сая­сатымен елімізде білім-ғылымды және мәдениетті модернизациялау үдерісі де сәтті жүрді. Бүгінде қалыптасып, өз жемісін беріп жатқан әлемдік бағдардағы білім жүйесі талапты жастардың деңгейін халықаралық талаптармен теңестірсе, Назарбаев Университеті және Назарбаев интеллектуалдық мектептері – жаңашылдық пен жасампаздыққа бағытталған қазақ­стандық ғылым-білім серпілісі деп санаймыз. Мемлекеттік өріс­теу мен дамудың нақты жолын айқындаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – елімізді адастырмас шамшырақ. Әр заманның өз шындығы және әр қауым һәм ұлт тұрғысынан өз мұраты бар. Ғасырлар тоғысындағы Қазақстанның дамуы да, талғамы да, тағдыры да ел билігінің басына – кеңестік жүйенің барша сынынан өткен, қазақ халқының ғасырлық арманын арқалаған Елбасын шығарды. Л.Н.Гумилев айтқан «жеңіс мұратына деген талпыныс», «өз өзін құрбан ету» орайындағы жаңа және жоғары деңгейдегі пассионарлық Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасынан табылды. Л.Н.Гумилев теориясында әлемді дамытатын пассионарлық құбылыс ерекше айтылады. Ол – қоршаған ортадан берілетін қуат-күшті сіңіру қабілетін арттырып, оны ұлы мақсатқа және ірі міндеттерді шешуге бағытталған белсенді жұмыс түрінде қайтару. Осы тұрғыдан қарағанда, біз Елба­сы­мыздың елден ерекше парасатын пассионарлық парасат дей аламыз. Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры. АСТАНА.