Спорт • 10 Ақпан, 2023

Олимпиадаға дайындық барысы

482 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның ұлттық Олимпиада комитеті өкілдері Францияда 2024 жылғы Париж Олимпия ойындарының ұйымдастыру комитетінің штаб-пәтерінде болып, Тони Эстангемен және ұйымдастыру комитетінің өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді.

Олимпиадаға дайындық барысы

Жиын барысында тараптар келесі жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында Францияның бас шаһары – Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпия ойындарына Қазақстан спортшыларының қатысуын талқылады. Күн тәр­тібінде ұйымдастырушылық сәт­тер, оның ішінде Қазақстан делегацияларын және спортшылар­ды орналастыру, оларды көлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ спорт­шылардың жаттығу жиындарын өт­кізетін орындарын нақтылау және тағы басқа мәселелер сөз болды.

«Париждегі Олимпия ойындары бұған дейінгі додаларға қара­ғанда ерекше жағдайда өтпек. Сондықтан келесі жылы бізді өте қызықты Олимпиада күтіп тұр деп нық сеніммен айта аламын. Оның ішінде Сена өзенінің жағалауындағы жарыстың ресми ашылу салтанаты да қызық оқиғаларға толы болмақ. Париж­дегі төртжылдықтың басты додасы Токио мен Бейжіңде өткен жазғы және қысқы Олимпиадалар кезінде бәріміз тап болған қиын­дық­тарға қарамастан, бір­қа­тар жаңашылдық енгізіп отыр. Ойындарды жоғары дең­гейде ұйымдастыруға бар күш-жі­герін салып жатқан 1 200-ден аса адамнан тұратын ко­ман­да­ның үйлесімді жұмысы үшін бү­кіл Ұйымдастыру коми­тетіне алғысымды білдіремін», деді Қазақстан ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков.

Сондай-ақ Париж Олимпиа­дасының ұйымдастыру коми­тетінің басшысы Тони Эс­танге Қазақстан ҰОК-ның Ұйымдас­тыру комитетімен өзара іс-қи­мылын жоғары бағалап, ын­ты­мақтастық үшін алғысын біл­дірді.

Айта кетейік, 2024 жылғы жазғы Олимпиада және Пар­алим­пиаданың ұйымдастыру коми­теті (Paris 2024) – Халық­аралық Олим­пиада комитеті (ХОК), Ұлттық Олимпиада және спорт комитеті қол қойған Төрт­жылдықтың бас­ты додасын ұйымдастырушы қала туралы шартқа сәйкес 2024 жылғы Париждегі Олимпиада және Пар­­алимпиаданы жоспарлауға, ұйымдастыруға, қаржыландыруға және өткізуге жауапты ресми орган саналады.

Сондай-ақ Халықаралық Олимпиада комитеті өзінің ресми сайтында 2024 жылы Кореяның Канвондо қаласында жалауы желбірейтін жасөспірімдер ара­сындағы қысқы Олимпиадаға ар­налған үздік медаль дизайны байқауының басталғанын жария­лады.

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі шығармашылық ақыл-ой иелері мен креатив шеберлеріне Олим­пиада тарихының бір бө­лігіне айналуға зор мүмкіндік туып тұр. Өйт­кені әр төрт жылда бір рет ұйым­дастырылатын Жас­­өс­пірім­дер олимпиадасы ме­далінің үздік ди­зайнына ар­налған байқау қайта басталды.

Ұйымдастырушылар бай­қауға қатысуға дизайнерлік тәжіри­бесінің деңгейіне және жас шек­теуіне қарамастан, әлемнің түкпір-түкпіріндегі кез келген авторға өз туындысын ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Олар жұмыстарын 2023 жылдың 8 наурызына дейін конкурстың арнайы веб-сайты арқылы жібере алды. Ал жеңімпаз дизайн наурыз айының соңында таңдалады.

Халықаралық Олимпиада ко­митетіне мүше жас репортерлер, 2024 жылғы Ойындардың өкілдері, ХОК-тің жас көшбасшылары және Олимпиадалық суретші­лер бағдарламасының қатысушы­ларынан тұратын қазылар алқасы үздік үш дизайнды дауыс беру арқылы таңдап алады.

Ең үздік деп танылған жұмыс­тың иесіне ұйымдастырушылар тарапынан 2024 жылғы Жас­өспірімдер олимпиадасын тамашалау үшін екі адамға Кореяға билет (баруы мен қайтуына), жарыстың ашылу салтанаты мен спорттық іс-шараларына қа­тысуға мүмкіндік беріледі. Ал екін­ші және үшінші орын алған жұмыстарға арнайы сыйлықтар тапсырылады.

Айта кетейік, қысқы Жас­өспі­рімдер олимпиадасы 2024 жылдың 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Кореяда өтеді.