Серік Әлжанов. «Мағжан Жұмабайұлы». 2018. Кенеп, майлы бояу
Қадірбек Каметов. Алаш арландары. Кенеп, майлы бояу
Садығұлов Рахымжан Тағдыр. Кенеп, майлы бояу
Дулат Үсенбаев «Алашорда» принт авторы
Маржан Бақытбекова. «Әлихан аңсаған егемендік». 2020. Кенеп, майлы бояу, коллаж
Қадірбек Каметов «С.Торайғырұлының портреті». 1986. Қағаз, литография
Қазақ халқы үшін Алаш – көкейкесті, өзекті тақырыптардың бірі. Тарихшылар мен зерттеушілер осы кезеңнің ақиқатын ақтарып келеді. Бірқатар суретші де өз туындыларына Алаш идеясын арқау етіп жүр. Мысалы, жас суретшілердің ішінде Маржан Бақытбекова «Әлихан аңсаған егемендік» атты портрет жазды. «Алаш» қозғалысы жетекшісінің қазақ халқына жасаған қызметі өлшеусіз. Мұнда қатаң мінезді ер кісінің қатқыл қабақты бейнесі сипатталған. Ағара бастаған шаштары мен мұрты көп қиыншылықты өткергенін бейнелейді. Газет қиындыларынан жасалған коллаж жан-жағында жабысып, кейіпкер заманындағы даулы уақиғалардың елесін береді.
Белгілі суретші Серікбай Әлжанов Алаш қозғалысының белді қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабайұлы образын ауқымды триптихта орындаған. Қысқы мезгілдегі қазақ ауылы маңайындағы төбеде, шоқтығы биік ұлы Мағжанды қолына кітап ұстатып, үлкейтіп бейнелеген. Дарқан даланың топырағынан туған қазақ баласы осы туындыда байтақ елдің жанашыры ретінде суреттеледі. Мұнда тіке қараған Мағжан бейне бір, елінің болашағын бүгінгі ұрпағына үмітпен аманат қылып тапсырып тұрғандай.
Қазақ графика өнерінің ең жарқын өкілдерінің бірі Қадырбек Қаметов қазақ халқының тарихи тұлғаларына байланысты бірқатар жұмыс арнаған. Соның ішінде «Алаш арландары» атты Алаштың негізгі қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлына арналған портреттер триптихын жасаған. Жырымен жұлқылап оятып, оларды білімге, ел үшін пайдалы іс-әрекетке шақырып, әдебиеттегі ұлтшылдық, елшілдік ұрандарды күшейткен қазақ интеллигенциясының отырған бейнелері үш кеңістікте орналастырылғанымен, бір форматқа енгізілген. Осы арқылы бір ой, бір мақсат идеясын жеткізген. Ақшыл қоңыр түстердің реңдерінде, құрылымды бірыңғай шешу арқылы әр кейіпкердің жеке даралығын көрсетеді. Қадырбек Каметов литографияда С.Торайғырұлы портреті мен оның өлеңдеріне арналған топтамалық иллюстрацияларды жасады. Мұнда көшпелі қазақ халқының бейғам өмірі мен болмысын, табиғатын бейнелеген. Сондай-ақ бай мен кедей, жас пен кәрі, білім мен қараңғылық тақырыптарын қозғаған. Осы графикалық парақтарға көз жүгірткенде:
«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам,
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда кім болам?»
деп, елінің егемендігі мен тәуелсіздігін жырлаған Сұлтанмахмұттың өлеңдері еріксіз еске түседі.
Заманауи жас суретші Дулат Үсенбаев Алашорда қайраткерлерін жастарға өзінше танытып жүр. Ол компьютерлік графика көмегімен бір шаңырақтың айналасында шоғырланған алаштықтардың топтық портреттерін жейделерге принтпен басып шығарған. Дулаттың «Facebook»-тегі парақшасында жастар үстіне осы жейделерді киген. Тарихи тұлғаларды жас ұрпаққа жарнамалауда ұлттық рухты көтеріп, патриоттық сезімді оятады.
Ал Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Рақымжан Садығұлов «Тағдыр» атты кескіндемелік туындысында Алаш қайраткерлерін қызыл бөлме кеңістігінде тоғыстырады. Олардың бірі саяси жоспарларын қағазға түсіріп, идеяларын іске асырса, енді бірі ой үстінде отыр. Мұндағы қызыл түс қайшылықтар мен қатерді сипаттайды.
1937-1938 жылдары репрессия нәубетінен Алашорда қайраткерлері бірінен соң бірі түрмеге түсіп, азапталып, «халық жауы» ретінде атылды. Ресейдің отарлау саясаты түрлі қитұрқы заң арқылы қазақтардың құқықтары мен бостандықтарын шектейтін іс-әрекеттерге дейін барып, ұлттық мемлекеттілік институтының кез келген көрінісін жоюға тырысты... Дегенмен Алаш азаматтарының есімдері халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Олардың соңында ұшан-теңіз мұра қалды. Бейнелеу өнерінде қайта жаңғырған Алаш ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіреді деп санаймыз.
Сандуғаш МЫРЗАБЕКОВА,
Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің Қазақстан бейнелеу өнері,
графика бөлімінің жетекшісі