Таным • 09 Ақпан, 2023

Дала дидары

439 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

– Біздің жақта бір ғажап жер бар, – деген еді осыдан көп жылдар бұ­рын болған іссапардағы өзара әңгімеде жа­зу­шы Мәди Айымбетов. – «Күлдірдің тақы­ры» деп аталатын оның ерекшелігі ұшы-қиырына көз жеткізгісіз жазық­тың үс­тінде ештеңе өспейтіндігі. Сосын алғаш­қы көрген адамға ондағы жерді әлде­кім трактор катогымен таптап тас­та­ғандай әсер қалдыратындығы. Ұшақ­тар­дың әуеге көтеріліп, жерге қонатын аэродромы бар ғой. Міне, айдаладағы табиғат ана жасаған ол соның дәл өзі. Иә, содан аумайды.

Дала дидары

Тақыр

...Қазір біз арада жылдар өткен соң барып, осы жерге келіп тұрмыз. Бұл аудан орталығы Қарауылкелдіден 140 ша­қырымдай қашықтықта екен. Іргесінде Қопа атты елді мекен бар. Ой шақыру үшін ұзыннан ұзақ созылған құмдауыт алқапқа үнсіз қарап тұрмыз. Шынында алдымыздағы жазықта қылайған қыл­пық көрінбейді. Көз жетер жердің бәрі ықы­лым заманнан бергі қар мен жаң­быр суынан нығыздалып тұрып шөгіп, мықтап орныққан қиыршық тасты қа­лың топырақ қабаты. Жылдың қай мез­гілінде де берекені алып, жан таптыр­майтын даланың долы желі бар емес пе. Міне, содан көтерілетін шаң-тозаң мұнда атымен жоқ. Өйткені ондай құм-боранның алғышарты дейтін ұсақ топырақ үгінділері тақтайдай боп қатқаны мына жер қабатының үстіңгі бөлігімен бірігіп-кірігіп кеткен.

– Бұл алқаптың «Күлдірдің тақыры» деп аталуының сыры неде екен? – дедік біз айналамызға асықпай қарап алған соң.

чпо

– Ертеде, – деп бастады әңгімесін ауыл әкімі Мүрсін Байтақұлы. – Осы өңірде Сәңкібай атты дәулетті адам өмір сүріпті. Ол XVII ғасырдағы Әбілқайыр заманында ғұмыр кешкен кісі екен. Міндеті хан әскерін мініс көлігімен қамтамасыз ету болыпты. Осы мақсат­пен бай ордадан пәрмен келген сайын даладағы жылқыларын мына тақырға оқтын-оқтын әкеліп иіріп, сарбаздарға ай бойы ат таңдамай ма? Міне, сонда бұл жерде оның кіші әйелі Күлдір есімді анамыздың ауылы отырып, отағасы мен жасауылдарға ас-су әзірлеп беретін болған. Біздің қазіргі айтып жүрген жер атауы содан қалған деседі.

– Дұрыс екен. Ал енді мына тақыр­дың көлемі қандай? Осы табиғат туындысы туралы өздеріңіз көріп-білген не бар? Соны қазір еске түсіріп, айтып бере аласыздар ма?

Мұны бізбен бірге еріп жүрген жер­гілікті өлкетанушы Ибраһим Ермек­баев жақсы білетін болып шықты. Аға­мыздың бұл жөнінде бірінші айт­қан дерегі аудан энциклопедиясын жа­саймыз деп жүр­ген әне бір жылдары олар «Күлдірдің тақырын» зерттеп көрген екен. Сонда оның ұзындығы – 12, ені 7 шақырымды құрапты. Демек, аталған жер бедері өзіміз сөз етіп отырған сала бойынша еліміздегі ең үлкен тақыр массиві деген сөз. Жолбасшымыздың екінші келтірген мәліметі кешегі 70-80-жылдары осы жерге дала аруы – ақбөкендер керемет үйір болыпты. Қос жанары мөлдіреген, дене бітімі өте сүйкімді осы бір бейкүнә жануарлар шіл­денің шіліңгір ысты­ғын­да тұмсығы мен бауырын мына тақыр­ға төсеп, екінді ауғанша тырп етпей жа­тып алады екен. Сәл де болса жер астын­дағы сал­қын лептен күш-қуат ала ма екен, кім білсін... Осыны білетін аңшылар дәл түс мезетінде жетіп келіп, қорғансыз бейшараларды та­лай рет жусатып салған ғой. Содан олар кейінгі кезде мұнда жоламайтын бо­лыпты. Неткен қаты­гез­дік десеңізші. Ос­па­дарлық деп осыны айтуға болар, сірә...

– Табиғаттың осындай өзгеше көрініс­тері... Мына тақырды айтамыз да... Олар қалай, қандай жағдайда пайда болды екен? – дедік біз қайтуға жиналып жатып. – Бұдан нендей хабарларыңыз бар?

– Ғалымдардың не деп пайымдай­тынын білмейміз. Ал осы төңіректегі көнекөз қариялардың айтуынша әңгіме былай, – деп сөзге араласты аудандық газет­тің бас редакторы Лұқпан Қадыр. – Тақыр – далалық аймақтардағы сазды топырақтың кепкен құрамынан тұра­тын беті тегіс, үстіңгі қабаты өте қатты ойыс алқап. Оның айналасындағы бас­қа жерлер қар ке­тісімен тез көктеп, шөп өсе бастағанда мұндағы қақ суы тұрып қалған тақыр аталған үдерістен кеш қа­лады. Сөйтіп, өсімдіктерге өте қажет кон­дициялық кезеңді амалсыз жіберіп ал­­ған онда ештеңе өспейді. Ал көктемгі күн қы­зуынан қақ суы буланып ұшып кеткенде тақырдың үсті тобарсып, беті шытынай жарылған күйі тастай болып қатады да қалады. Сөз орайында бұған осы даладағы ұдайы соғып тұратын өкпек желдің де өзіндік әсері бар екенін айта кеткен жөн. Бірде батыстан, келесіде шығыстан, одан соң солтүстік пен оңтүстіктен екілене ұйытқитын ыстық-суық температурадағы борандар біз сөз етіп отырған алқап топырағын әб­ден нығыздап тастайды десе де болады.

Әріптесіміздің мына сөзінен кейін біз ұялы телефонымызды қолға алып, ­«Уи­ки­педияны» іздей бастадық. Мақ­саты­мыз: «Тақыр жөнінде ғалымдар не деді екен?» деген ой. Босқа әуреленіп­піз. Мұнда Kcell де, Beeline да ұста­май­тын болып шықты. Ойымыз аудан орта­лығы Қарауылкелдідегі кітапханаға келген ­соң ғана орындалды. Ондағы «Қазақ­стан» ұлттық энциклопедиясын таптырып алып қарағанымызда, әмбебеп еңбектің 9-томында «Тақыр» тақырыбы бар бо­лып шықты. Авторы – биология ғылым­дары­ның кандидаты Есбол Жамал­беков ағамыз екен. Мақаланы оқып оты­рып бірден байқағанымыз, бұл кісі па­йым­­дауы­ның да жоғарыдағы Лұқпан Қадыр­­дың көнекөз қариялардан естіген дәйек-деректеріне ұқсастығы еді. Демек, жергілікті жердің адамдары да, ғалымның айтқандары да дұрыс. Тұжырымдары ортақ. Бірін-бірі толықтырып тұр. Есбол Жамалбеков мақаласындағы жалғыз өзге­шелік ол тақырдың Ақтөбе өңірінде ғана емес, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында да бар екенін айтқаны. Бірақ олардың аталған аймақтардағы аты қандай? Көлемі ше? Нақты қай аудан немесе ауыл маңында? Бұл жөнінде еш­теңе жоқ. Демек, республикамызда біз білетін, аумағы жағынан да үлкені өзіміз көрген Байғанин ауданындағы осы «Күлдірдің тақыры» болса керек.  

 

Үйтас

яар

Ақтөбе өңіріндегі Байғанин ауданы аумағында өзіндік ерекшелікке ие бір жер бар. Ол Үйтас деп аталады. Оған бару үшін алдымен Қарауылкелді ауы­лынан шығып, батысты бетке аласыз. Содан соң айдаладағы елсіз жазық­пен бірнеше шақырым жол жүресіз. Сол уақытта көзіңізге қарауытқан үлкенді-кішілі бейнелер шалынады. Жақындап келіп байқасаңыз, бұлар бөлек-бөлек болып дөңкиіп жатқан әртүрлі пішіндегі қойтастар. Олардың саны – алтау. Ең үлкенінің биіктігі – 4,2 метр, ал көлемі ­5-6 адамның құшағына әзер сияды.

«Адам аяғы жете бермейтін жер­дегі бұл не­ғылған тастар? деп ойлай­сыз іш­тей. – Мүм­кін біреулер мұны осында әдейі әкеп тастады ма екен?» Олай дейін де­­сең, бұлар ешқандай КамАЗ бен ­БелАЗ-ға сия­тын дүниелер емес. «Жоқ, әлде... Бұл осында бұрын бір карьер бо­лып,­ содан қалған белгі ме?» Бұлай деп па­­йымдауымыздың да еш қисыны кел­­­мей­тін­ сиқты. Себебі өзіміз сөз етіп отыр­­­ған жерде ешқандай тау-тас немесе қиыр­­­шық құм массиві көрінбей­ді. Төңі­рек­ ақселеу тербелген боз жусанды кең дала.

– Осы Үйтас туралы, – деді ойла­нып тұрған бізді әңгімеге тартқан жергі­лікті өлкетанушы Ибраһим Ермек­баев, – ел арасында мынадай жорамал бар. Ол: «Бұл аспаннан түскен метеорит жарықшақтары емес пе?» – деген па­йым­дау. Иә, жарықшақтар... Солай бо­луы бек мүмкін. Өйткені осыдан мың немесе миллион жыл бұрын әлдебір аспан денесі нақ осында түссе, бұл жерде Сібір­дегі Тунгус сияқты алапат ойық орны қалар еді. Көріп тұрсыздар, мұнда ол жоқ. Соған қарағанда бұл метео­рит тұңғиық әуе төрінен төменге қарай зымырап келе жатқанда, ауадағы үйкеліс әсерінен шытынап, жан-жаққа ұшқан оның үлкенді-кішілі жарықшақ тастары да болуы мүмкін-ау.

Даладағы тылсым сырын ішіне бүк­кен жұмбақ тастар туралы өлкетанушы міне, осылай деді. Оған негіз де бар сияқ­ты. Себебі осы Ақтөбе облысы­ның Байғанин өңірімен іргелес Ырғыз ауда­нында Жаманшың атты жер бар. Оған осыдан миллион жыл шамасы бұрын метеорит құлаған. Оны 1941 жылы ғалымдар Л.Яншин мен А.Вахромеевтің экспедициясы іздеп тауып, зерттеген. Олардың сонда жазған ғылыми мақала­сында мынадай жолдар бар. «...Алып аспан денесі Ырғыздан 40 шақырым жерге келіп түскен. Оның орны 5-6 шақырым аумақты алып жатыр. Метеориттің ауыр салмағы мен жерге соғылғандығы алапат жарылыстан пайда болған ойпаттың тереңдігі 700 метрді құрайды».

Біз көрген Үйтас сол метеориттің жарықшақтары емес пе екен? Ондай аспан денелері жерге жүздеген шақы­рым қалғанда төңірегіне ірілі-ұсақты тас бөліктерін шашыратып келіп, дала мен орман-тоғай алқаптарын жайпап түсетінін «Дискавери» телеарнасынан көріп жүрміз ғой. Сондағы көрсетілген деректі фильмдердегі өмірлік мысалдарды ескере отырып, Байғанин ауданындағы Үйтас пен Ырғыз өңіріндегі Жаманшың ойпатындағы жарықшақтарды салыстыра зерттеп көру керек деген ой айтпақпыз. Олар біртекті ме, жоқ па? Мәселе, міне, сонда.

 

Алтын сақа

чвпо

Байғанин өңірінде іссапарда жүр­генбіз. Мақсатымыз – шығармашылық жоспарымыз аясында осы жердегі таби­ғат ғажайыптарын өз көзімізбен көріп, солардың тылсым сырына үңілу-тін. Ойға алған сондай тақырыптардың бірі де бірегейі Ақтолағай борлы тау мас­сиві еді. Оған барар алдында аудандық өлкетану музейіне кіріп, ондағы аталған жер туралы кең панорамалы панномен танысуға тура келді. Осы шаруамен жүргенде, көзіміздің залдағы ерекше бір экспонатқа түспесі бар ма?! Ортадағы әйнек витрина астында жалт-жұлт еткен кішкентай зат тұр. Асық екен. Иә, асық. Сырты төңірегіне сәуле шашатын қым­бат металл тотығымен лажыланған. Ерте­гілерде айтылатын алтын сақаға ұқсай ма, қалай өзі?..

Біздің оған таңырқай қарап тұрға­нымызды көрген музей директоры Ләззат Жаулина төмендегі әңгімені айта бас­тады. 90-жылдардағы өтпелі кезеңнің өлара шағы екен. Жарқамыс ауылы ма­ңындағы Қаражар жайылымында қой бағып жүрген шопан әудем жердегі күнге шағылысып жатқан затты көреді. Бірақ алғашында ол сынған бөтелкенің әйнегі шығар деп оған онша мән бермейді. Артынан отарды кері қайырып айда­ған­да, көзі әлгі жерге қайта түскен қойшы оны қатқан топырақ кесегі арасынан аршып алады. Аударып-төңкеріп қараса, алтынмен апталған асық екен. Соны байқаған ол оны ауылға, одан музейге әкеліп табыс етеді.

– Біз бұл жәдігерді еліміздің сол кез­дегі астанасы Алматыға жібергенбіз, – деп әңгімесін жалғады Ләззат. – Бір күні Үкімет төрағасының орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтен хат келіп тұр. Онда ол кісі мұның өте құнды олжа екенін сөз ете келіп, алтын сақаны тап­қан шопан мен музей қызметкерлеріне риза­шылығын білдіріпті. Содан кейін жәдігердің түпнұсқасы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тұңғыш Президентінің музе­йінде сақталатынын хабарлап, біз­дің музей үшін дәл сондай көшірме жасалғанын, оны байғаниндік мәдениет қызметкерлері елге көрсететін экспонат ретінде пайдалануға болатынын айтыпты. Міне, мына әйнек витринада тұрғандар Иманғали Нұрғалиұлының сондағы хаты мен алтын сақаның о бастағы фотосуреті және содан айнытпай жасалған көшірме сақа.

Музей директорының айтуына қа­рағанда осы өңірден сол уақытта тағы­ бір алтын асық табылған екен. Бір­ақ 90-жылдардағы аласапыранда ол жер­гі­лікті билік орындарына хабардар етілмей, қолды болып кетіпті. Өкінішті-ақ...

– Айтыңызшы, асық әшекейлі сәндік заттар қатарына жатпайды ғой. Ендеше, ол неге алтыннан жасалды екен. Осыған назар аударып көрдіңіздер ме?

– Ертеде ханталапай атты асық ойыны болған, – деді бұл сауалымызға Ләззат. – Қысты күні ұзақ түнде дәулетті адамдар бала-шағасымен, ал ауыл арасындағы той-томалақта қыз-жігіттер өздерінің қатар құрбыларымен соны ермек еткен. Біз сөз етіп отырған жәдігер қалың ел бас қосқан сондай жиындарда әлгі өңір байларының атын шығарып, жұрт назарын өздеріне аудару үшін арнайы жасалды ма екен деп ойлаймыз.

Иә, солай болуы да мүмкін. Жоғарыда айттық, дала төсінен табылған олжаның өзі елордада, көшірмесі Байғанин аудан­дық музейінде тұр. Осыны республи­ка­лық Археология және этнография ғы­лыми-зерттеу институтының мамандары көріп, танысса дейміз. Бұл сол мекеме қызметкерлерінің сараптамадан өткізіп, анықтайтын шаруасы ғой.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

журналист

Ақтөбе облысы,

Байғанин ауданы,

Қарауылкелді ауылы