Жасөспірімдер арасындағы турнирдің финалында «А» және «В» тобында үздік шыққан Қазақстан мен Ресей жасөспірімдер құрамалары кездесті. Ойынның алғашқы бөлігі тең есеппен аяқталғанымен (1:1), екінші таймда ресейліктердің жолы болды – 3:1. Бас жүлде үшін өткен матчта Қазақстан құрамасы сапынан жартылай қорғаушы Ілияс Әбіл бірінші таймның 9-минутында мергендігімен көзге түсті. Бұл – оның осы турнирдегі үшінші голы.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы турнирдің күміс жүлдесін иеленсе, Ресей футболшылары алтыннан алқа тақты. Ал үшінші орын үшін өткен матчта Ресейдің 16 жасқа дейінгі құрамасын 3:0 есебімен жеңген Тәжікстан (U-17) футболшылары қола жүлдегер атанды. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қақпашысы Әбілқайыр Әлиакбар «Даму кубогінің» үздік қақпашысы деп танылды.