Мажарстанның шығысында орналасқан, халық саны бойынша ел астанасы Будапешттен кейінгі қала Дебрецендегі турнирде Қазақстан құрамасының 13 боксшысы шаршы алаңға шығып, тоғызы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Әлем және Азия чемпионаттарынан кейінгі ірі турнирлердің бірі саналатын жарыста жерлестеріміз аралас құраммен өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. Олардың жартысына жуығы ұлттық құраманың екінші және үшінші нөмірлі боксшылары. Сондай-ақ Дебрецендегі турнирде Серік Теміржанов, Айбек Оралбай секілді көшбасшы жігіттер де бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша, 51 кило салмақтағы ел чемпионы, әскерилер арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Дамир Әбдіқадыр, былтырғы ел чемпионатының қола жүлдегері Дәулет Молдашев (54 кг) және жастар арасындағы Азия чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері Ермахан Жакпеков (71 кг) Мажарстандағы турнирдің қола жүлдегері атанды.
Ал жарыстың финалында өнер көрсеткен алты жерлесіміз ақтық бәсекеде барлық қарсыласын тізе бүктіріп, Дебреценде мықтылығымен дараланды. Атап айтар болсақ, аса жеңіл салмақтағы ел біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы, 2021 жылғы әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов (48 кг) финалда Қырғызстан боксшысы Асылбек Аманкулуулунан айласын асырса, Сербиядағы әлемдік доданың күміс жүлдегері Серік Теміржанов (57 кг) 2022 жылғы Еуропа чемпионы бельгиялық Василе Устуройді төрешілердің бірауыз шешімімен қапы қалдырып, турнир жеңімпазы атанды. Сондай-ақ жастар арасындағы Азия чемпионы, ел біріншілігінің жеңімпазы Саматәлі Төлтаев (60 кг) финалда аустралиялық Фред Дззивамен қолғап түйістіріп, айқын басымдықпен ұтты. Тіпті жерлесіміз бірінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. 75 килодағы Аятулла Тәкіжанов Украина өкілі Иван Папкинмен тартысты жекпе-жек өткізіп, төрешілердің аралас шешімімен жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 67 килодағы Дулат Бекбауов пен 92 килодағы Айбек Оралбай жекпе-жексіз-ақ чемпион атанды. Олардың финалдағы қарсыластары рингке шығудан бас тартты.
Осылайша, Қазақстан ұлттық құрамасы 6 алтын, 3 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте көш бастады. Еншісінде 10 медаль (3 алтын, 3 күміс,
4 қола) бар Украина боксшылары екінші орыннан көрінсе, Германия жеті медальмен (2 алтын, 2 күміс, 3 қола) үздік үштікті түйіндеді. Ал Өзбекстан (1 алтын, 2 күміс, 3 қола) мен Қырғызстан (1 алтын, 1 күміс) боксшылары төртінші және бесінші орынға жайғасты.
Сонымен қатар Мароккодағы «Golden Belt Series Marrakesh» («Алтын белбеу») халықаралық турниріне қатысқан еліміздің қыздар құрамасы да жалпыкомандалық есепте үздік шықты. Марокконың Марракеш қаласында ұйымдастырылған халықаралық жарыста әлемнің 34 елінен келген ең үздік былғары қолғап шеберлері бақ сынады. Қазақстан құрамасы сапынан 12 бұрымды боксшы өнер көрсетіп, 10 медаль жеңіп алды. Оның ішінде бесеуі – алтын, екеуі – күміс, үшеуі – қола.
Халықаралық турнирде ел құрамасының үздіктері – Алуа Балқыбекова (48 кг), Назым Қызайбай (50 кг), Жайна Шекербекова (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг) және Валентина Хальзова (75 кг) алтыннан алқа тағынып, қазақ елінің Әнұранын шырқатса, финалда қарсыластарына жол берген Аида Әбікеева (63 кг) мен Ләззат Күнгейбаева (+ 81 кг) күміс медальға ие болды. Ал Надежда Рябец (66 кг), Мәдина Нұршаева (70 кг) және Фариза Шолтай (81 кг) қола жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Өкінішке қарай, былтырғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Жазира Орақбаева (52 кг) мен 2021 жылғы сары құрлық додасының финалисі Владислава Кухта (60 кг) жүлдесіз қалды.
Жалпыкомандалық есепте Ресей құрамасы екі алтынмен екінші орынға ие болса, бір мәртеден жеңіс тұғырына көтерілген Италия, Тайвань, Мозамбик және Марокко құрамалары кейінгі орындарды өзара бөлісті.