Тұлға • 12 Ақпан, 2023

Дауылпаз дауыс иесі

332 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ радиосының тыңдармандары Левитанға теңелген дауылпаз да­уыс иесі, Қазақ КСР халық әртісі, атақты диктор Әнуарбек Байжанбаевты ұмыта қойған жоқ шығар.

Дауылпаз дауыс иесі

Әнекеңмен талай жыл бірге қызметтес болсақ та, ағамыздың қай жерден, бұрын не істегенін қазбалап сұрамаппын. Өзі туралы Әнекең де жарытып әңгіме айтпайтын. Тек бірде өзінің Абай атамызбен туыс-тобықты руынан екенін айтып қалғаны бар. Әнекеңнің айтуынша, әкесі Нығметжан ұлы Абаймен аралас-құралас жүрген. Абай сөзін аяулы ата-ана сөзіндей қасиеттеп, қадірлей білген. Әкесінің асып-тасқан мал дүниесі болмаса да адамдық, азаматтық атағын қашан да жоғары ұстаған. Сол үшін оны ақын Абай дос көрген, тонның ішкі бауындай жақын санаған. Ал енді Әнекеңнің дауысының ерекше сыры тура­­лы сұрағанда «жалпы менің анам Фатиха ән айтуды ұнататын, жиналған жұрт ауылдағы той-думандарда анама үнемі ән айтқызатын. Соған қарағанда менің даусым нағашы жұртымнан дарыған шығар» деп сөзін қысқа қайырған еді Әнекең. Сүлеймен Ақтаевтың Ә.Байжанбаев тура­­лы жазған «Дауылпаз дауыс» повест-диалогында да бар.

«Ауылдастары, әсіресе жастар жағы Фатиханы ашық дауысы, әуезді үні үшін, ән ырғағын әсем қайырып, сұлу әннің сандуғашы бола білетіндігі үшін «Әнші апа» деп құрметтейтін. Ол ән айтқанда көмекейі бүлкілдеп, алма беті алаулап қызарып, денесі біртүрлі жеңілденіп, сондай тәтті де ып-ыстық күй кешетін. Ал айтқан әндерін сан құбылтып, өзгеше түрлендіру арқылы әсем дауысының домбырамен сұлулық үндестігін таба білетін».

...Байжанбаевтар отбасы 1931 жылы Алматы қаласына көшіп келіп, Әнуарбек Жамбыл атындағы мектептің 6-сыныбында оқыды. Каникулға шы­ғы­сы­мен қарт әке-шешесіне қолғанат болу үшін бала Әнуарбек курьер болып баспаға орналасты. Ол елгезектігімен, тілалғыштығымен, өзіне тапсырылған істі ынта қойып істеумен көзге түсті. Редакциядағы ақын, жазушылардың қол­жаз­балары теріліп болған соң, үй­леріне апарып оқытып, содан кейін кідіртпей баспаға әкеліп тапсыратын.

Ұлтымыздың ардақты ұлы Сәкен Сейфулиннің шығармаларын үзбей оқып жүрді, бірте-бірте ақын ағасымен жақын танысып, араласатын болды.

«Асыл аға сыйлаған өлеңдер кітабы маған бір мол қазына секілді көрінетін. Оны мен қатарынан үш рет оқып шық­тым деп еске алады Әнекең өткен шақты. Ақын ағаның кербез келбеті кісі қызық­қандай еді. Ол қара бұйра шашты, сүйкімді ақ сұр, әдемі қара мұртты, өте кел­бетті кісі ретінде менің есімде сақ­тал­ған. Сол жылдардағы Алматының қазақ-орыс жастары Сәкен ағаның сұлу кескініне, қайнаған жігері мен сондай еркін жүріс-тұрысына қызығатынбыз. Кездесе қалған кезде бір ауыз сөзін тыңдауға құмартатынбыз. Сондай кезде­судің сәті бақытыма қарай кей кезде маған да бұйырып жүрді», деп өткен ке­зең­ді еске алады Ән-ағаң.

Бірде баспаханада терілетін гранкаларды үйіне әкелгенімде Сәкен аға сонша жайдары қарсы алды. «Әй балақай! Мен берген кітаптағы өлеңдерді оқыдың ба, балаң көңіліңе тоқыдың ба?» деді. «Оқығанда қалай, кейбірін жаттап алдым:

 «Азамат, жүнжіме, жүрме бос,

 Қол ұстас, бірігіп, тізе қос.

 Ту ұстап дұшпанға барайық,

 Теңдіктің ұранын салайық», деп оқып бердім.

Әсершіл Сәкен ағаның өңі алау-жалау болып кетті. Мені туған туысындай бауырына басып: «Жаңағы мен естіген үніңді дамыта бер, жаттағыш қабілетің жақсы екен, осы қызыл шоғыңды үрлей бер, сөндіріп ала көрме, кеуде-қоламтаңда жігер қайратың мол болсын, аяулы бауырым!» деп Әнекеңе оң батасын беріпті.

Әнекең хат тасушы болып жүрген сол жылдары жазушы Бейімбет Майлин Алматыда тұрды.

«Бірде, – деп еске алады сол кезді Әнекең, – Бейімбет ағаның жарыққа шығатын өлең кітабының терілетін беттерін оқуға әкелгенімде Биаға менімен шүйіркелесе сөйлесіп, көп әңгімелесті. «Балақай, осы сенің дауысың келісті дейді ғой баспаханадағылар. Кәне, «Мырқымбайды» оқып жіберші» деп өтінді.

«Мырқымбай, Мырқымбай, Мырқымбай!

Ауылнайды боқтапсың,

Шаршап зорға тоқтапсың,

Несиеден қорқып

Сары атты сатпапсың».

Осылай зулатып оқыдым да, ақын ағама қарадым. Ішімнен оқуымды қалай бағалар екен деп қыпылдап тұрмын. Биаға болса мәз-мейрам болып, ішек-сілесі қата күліп, қос көзін уқалап кемсеңдеп отыр екен.

«Жаман неме, жан жүйкемді босатып жібердің ғой. Менің Мырқымбайым дәл сен сөйлегендей тіл безесе керек! Келістіріп оқыдың» деді кестелі ақ орамалымен көзін сүртіп.

Еңбек жолын хат тасушыдан бастаған Әнуарбек бала осылайша екі жыл ішінде баспаның «өз адамы» болып шықты. Мектептегі оқуын зерек оқып, жазғы каникул кездерінде қайтадан баспада істеп, үлкенді аға, кішіні іні тұтты. Ол қандай шаруа тапсырсын, соған ұқыптылықпен қарады, үлкендер жұмсаған жерге тіл қатпай, лып етіп шапшаң барып келуімен көпке ұнады ма, қайдам, талапты жас корректорлыққа жоғарылатылды. Содан кейін редактордың көмекші қызметі берілді, сөйтіп Әнуарбекті қаламгер аға­ла­ры өз қатарларына алды.

Әнекең отбасының жағдайына байланыс­ты еңбекті оқумен жалғастырды. Сөйтіп толық орта білімді сырттай оқып алды. 1940 жылы Алматыдағы мектепті өте жақсы бітіріп, қазақ коммунистік журналистика институтына оқуға түсті.

Қаhарлы 1941 жылдың тамыз айы еді. Ел басына күн туғанда жас журналист те томағасын сыпырған қырандай елегізумен болды. Өз еркімен Отан соғысына аттанды. Отан-ана алдындағы аза­маттық жауапкершілікті жете сезініп, тез есейді. Әскери дайындықтан соң жас жауынгер Әнуарбек Байжанбаев сержант атағына ие болып, минометшілер бөлімшесін басқарып ұрысқа кірісті.

1942 жылдың қараша айы болатын. Воронеж қаласының түбінде кескілескен шайқас жүріп жатты. Жер де, аспан да көк түтін. Өздерінен күші басым жауға қасқайып қарсы тұрған ержүрек совет жауынгерлерінің сапында Әнуарбек Байжанбаев басқарған минометшілер бөлімшесіндегі бес жігіт те бар еді. Өжет қимыл, жауды дәл көздеп атып бір адым да алға бастырмай Әнуарбек бөлімшесінің жауынгерлері ерекше көзге түсіп, тапсырманы мүлтіксіз орындады. Бірақ сел болып ақтарылып, нөсер болып құйылып келе жатқан жаудың күші жойқын еді. Бір мезетте Әнуарбек дауыл шайқаған теректей теңселіп бара жатты. Құлағының түбінен бір күшті шыңыл білінген еді. Содан болды ма қайдам, жігіттің көз алдының бәрі буалдыр тартып, аспан айналып жерге түсіп келе жатқандай болды. Ал жердің бар-жоғы белгісіз, өзі әлдеқайдағы бір қараңғы шыңырауға батып бара жатқандай. Жанары жабылып, бүкіл төңірек нұрлы көзден ғайып болып барады. Содан көп күндер өлім мен өмір айқасының алаңында жатты. Оң көзінің кірпігін алғаш рет әлсіз ашып алғанда ол өзінің үлкен ауруханада, аяулы адамдардың аялы алақанында жатқанын сезінді.

Ол кейінгі шайқастарда да бір рет қолдан, екі рет аяқтан жарақаттанды. Денсаулығының ауыр жағдайымен Медногорскідегі госпиталда емделді. Дәрігерлер консилиум жасап, екінші топтағы мүгедек деген қорытындыға келді. «Майданға қатысуға енді жарамайсың, еліңе қайтасың» деді.

1943 жылдың қараша айында жанындай жақсы көретін Алматыға қайтып оралды. Бірде көшеде сылти басып келе жатқанда кезінде баспада бірге істеген аяулы ағасы Омарғазы Оспанов кездесе кетті.

«Әнуаржан, сен біздің комитетке жұмысқа кел. Ер дауысты диктор болмай тұрғаны» дейді Омекең. Бұл 1944 жылдың маусым айы болатын.

Сол жылдардағы Қазақ радиосындағы аға диктор болып жүрген Мина Сейітова апасы Әнекеңді дикторлыққа баулыған, оны сынақтан өткізген алғашқы ұстазы. «Мина апай кейінгі буынның ғана емес, менің де ұстазым болды. Соғыстың мүгедегі болған маған бірден ыстық ықы­лас білдіріп, дауысымды ұнатқан да, дикторлық мамандықтың алғашқы әліп­песін үйреткен де сол апай. Ол кісі жомарт жанды ғазиз адам ғой» деп еске алады.

Жалпы алғанда, дикторлық – қиын мамандық. Оның қиындығы сол, сенің тыныс-тіршілігіңді сағат сайын, минут сайын радиотыңдаушылар сезіп отырады. Диктордың ашық дауысы және әр тексті жақсы әрі терең түсінетін асыл жүрегі болуы керек. Өйткені ол ішті жарып шыққан автор сөзін тыңдаушы жүрегіне жеткізуші адам.

Ұлы Мұхтар Әуезов Әнуарбек туралы: «Пәлі, Абай романын автордан да асырып, ішкі дүниеңмен беріле оқыдың. Осыңнан тайма, дикторлық сенің өнерің, бақыт құсың. Басқа жаққа ауысамын деп басыңды қатырма, ағаш бір жерде көгерер болар!».

Академик жазушы Сәбит Мұқанов: «Әй, осы Әнуарбек оңды, оқығаны дұрыс, ол оқыса солғын шығарманың өзі торғын жібектей құлпырады. Ақ жарқын ақын Тайыр Жароков: «Осы Әнуар балаға өте ризамын! Өлең оқығанда айызыңды қандырып, әр сөзді жандандырып, арқасы қозып, елді сілтідей тындырады. Өз шы­ғар­маларын ақын-жазушылардың бәрі бірдей құйқылжытып, нәші мен мәніне келтіріп оқи бермейді», дейді.

Мақаласы радиодан оқылысымен-ақ Бауыржан Момышұлы дереу Әнуарбекке телефон соғып: «Жарайсың, Әнуарбек! Өз мақалама өзімнің сай-сүйегім сырқырап кетті ғой. Көп жаса, бауырым! Понятно тебе», дегені бар.

Қазақ радиосының алтын қорында 10 мың сағатқа жетерлік асыл дүниелер сақтаулы. Сол өшпес мұраның арасында Қазақ КСР-ның халық артисі, ұлтымыздың мақтанышына айналған Әнуарбек Байжанбаевтың ұмытылмайтын дауысы да тұр.

Әнекең дауысын үнемі жетілдіріп отырушы еді. Өткен ғасырдың 1980 жылы Әнекең алпысқа толды. Ол бұл белеске туған халқы арқалатқан жүкті қайыспай көтеріп жетті. Алып дала Сарыарқаның әсем көрінісіне тартып туған Әнекеңнің жаны тау бұлағындай таза, көңілі көк торғын ормандай ойға толы еді. Зейнетке шықса да өзі сүйіп таңдаған, өмір бойы басын иіп өткен, өмір бойы адал болған дикторлықты тастамай, бар өнері мен тәжірибесін жас дикторларға үлгі-өнеге етіп жүрді. Зейнетке шықса да, үйде бос отыра алмай, әрі денсаулығы сыр беріп жүрсе де эфирге шығып, түрлі хабарларды оқудан шаршамады. Сондай күндердің бірінде жүрегі қысып, жедел жәрдем шақыруға тура келді. Ауруханада ұзақ жатты. Алайда дендеген дерт ақыры Әнекеңді 66 жасқа қараған шағында алып тынды.

Өкінгенмен өткеннің қайтып келмесі тағы бар.

Көңілге медет болары – дауылпаз дауыс иесі, халық артісі Әнуарбек Байжанбаевтың есімін ұмытпайтын хал­қы мен өзі тәрбиелеп, өсірген ұл-қыздары, немерелерінің барына шүкір­шілік етеміз.

 

 Мейрам Байғазин,

 Қазақстанның құрметті журналисі