Қоғам • 13 Ақпан, 2023

«Егемен» сойы – Ержұман

334 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінде белгілі қа­лам­гер, журналист Ержұман Смайыл атын­дағы дәріс­хана ашылды.

«Егемен» сойы – Ержұман

Қаламгердің туғанына 75 жыл толуына орай өткен салтанатты іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, жарты ғасыр ғұмыры қазақ журналистикасымен біте қайнасқан қарымды қа­лам­гердің өмір жолы мен шы­ғармашылығына тоқталды.

«Журналистика факуль­тетінде ашылған дәрісханаға қаламгер есімінің берілуі – Ерағамызға көрсетілген үлкен құрмет. Журналистиканың тек жазу емес, ұйымдастыру секілді елге көрінбейтін жа­уапты тұстарын шебер атқара білуі «Egemen Qazaqstan» газе­тіндегі қызметтерін абырой­­лы атқаруына ықпал етті. Ер­жұман Өтешұлы 1948 жы­лы Ал­­маты облысы Тал­ғар ауданын­да дүниеге келіп, жур­на­лис­тік жолын «Со­циа­листік Қазақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті­нің тілшісі болып бас­тады. «Лениншіл жас» га­зетін­де редактордың орын­басары болды. «Егемен Қазақ­станға» қайта оралып, шын­шыл, әділетті журналист, мық­ты редактор ретін­де таныл­ды. Шығармашы­лық жолда табысқа жетіп, Қазақ­­стан Журналистика ака­де­­миясының академигі Бау­бек Бұлқышев атын­дағы сый­лық­тың, БАҚ сала­сын­дағы Пре­зи­дент сыйлы­ғы­ның тұң­ғыш лауреаты атанды. Өмі­рінің соңына дейін қолынан қаламы түспей, қазақ журналистикасына адал еңбек етті», деп атап өтті Ж.Түймебаев.

Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дархан Қыдыр­әлінің алқалы жиын қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын министрлік өкілі Нұрбек Әмиша оқып берді. Министрдің құттықтау хатында: «Ержұман Өтешұлы «Egemen Qazaqstan» газетінде ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып, қолтаңбасын қалдырды. Қаламгер атымен аталатын оқу аудиториясы БАҚ саласында қайталанбас із қалдырған журналиске деген құрмет деп білемін. Жаңа аудиториядан ақпарат саласында адал қызмет ететін журналистер шығады деген үміттемін», делінген.

Алқалы жиын барысында қаламгердің жұбайы Жақан Сүлейменқызына құрмет көр­сетіліп, жаңа ашылған аудито­рия ұлттық баспасөздің болашағы – жастарымыз үшін танымдық бағдары зор екені айтылды. Қаламгердің ел тәуелсіздігі жолында атқарған істері, өткір мақалалары пуб­ли­цистикалық еңбектері сағы­нышқа толы естеліктерге ар­қау болды. Кезінде шығар­ма­шылық орта «Ердің сойы – Ерағаң» деп атап кеткен Ержұман Смайылдың 1999 жылы «Egemen Qazaqstan» басылымының Алматыдан Астанаға көшуіне, редакция­ның дамуына қосқан еселі еңбегі ұмытылған жоқ. Осы орайда белгілі ақын-драма­тург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин қалам­гер өмірінен сыр шертер суреттерге қарап, толқып отыр­ғанын жеткізді. «Ержұман жүйрік журналист әрі үлкен ұйымдастырушы еді. Екеуіміз үш жарым жыл «Егеменде» бірге қызмет істедік. Ержұман өзіне тиесілі қызметті тия­­­нақ­ты атқаратын. Қайтпай­тын қай­сарлығы бар еді. Қаламы қалай жүйрік болса, әлем­­дік кеңіс­тіктегі оқиғаны баға­лап оты­ратын ақпараттық ой қоры­ту қабі­леті де ерекше еді. Осы жылдарда биіктен көрін­ген қаламгер екінің бірінің қолынан келе бермейтін істерді тындырып, қарым-қабілетін барынша таныта түсті», деп еске алды Н.Оразалин.

Қарымды қаламгердің шығармашылығы хақында, қазақ баспасөзіндегі орны, сіңірген еңбегі туралы журналист-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәли­хан Қалижанов, ардагер-жур­­налист Мамадияр Жа­қып бө­лісті. Ержұман Смайыл тәуел­сіз баспасөздің қалып­тасуы­­на айтулы үлес қоса жү­ріп, әр­дайым адалдық үдесінде өзіндік ұстанымына берік болды. Ол өзінің қадір-қасиеті, ерен еңбегі арқылы танылып, шәкірттеріне үлгі-өнеге бола білді.

Салтанатты іс-шара барысында Мәдениет және спорт ми­­нистрлігі Архив істері және құ­жаттаманы бас­қару коми­тетінің төрағасы Қуат Бораш қазақ жур­налистикасы­ның бір­туар тұлғасы атындағы ауди­то­­рия­ның ашылуы ұлт­тық жур­на­листика, қазақ руханиятын­дағы елеулі оқиға екенін атап өтті. Ал «Egemen Qazaqstan» газе­тінің жауапты хатшысы Самат Мұса әріптес ағасы туралы қысқаша есте­лік айтып, газет ұжымының атынан Е.Смайыл атындағы аудиторияның  ашылуымен құттықтады.

Есімі бүгінде білікті басшы, үлкен жүректі азамат, ұлағат­ты ұстаз ұғымымен тығыз бай­ланысты Ержұман Сма­йыл атымен аталатын дәріс­ханада қазақ журналис­тикасы тарихына қатысты тағылымды деректер айтылды, қызмет жылдарын еске түсірер суреттер топтамасы таныстырылды.

Еңбек ардагері, қаламгер Қайсар Әлімнің «Егемен­нің» лездемесі» («Егемен Қазақ­стан» газетінің шығарма­шы­лық лабораториясы) деген, Ержұ­ман Смайыл басшы­лығы­ның да қырлары ашылған кітабы аудитория қорына тапсырылып, қонақтарға сыйға тартылды.

Жиын соңында қаламгер рухына құдайы ас беріліп, Құран бағышталды.

 

АЛМАТЫ