Әлем • 12 Ақпан, 2023

Табиғи апат алауыздықты тоқтата ала ма?

314 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сирия билігі Батыс елдерінің жер сілкінісінен кейін көмек көрсетпей жатқанын айтып шағымданды. Олардың айтуынша Батыс тек оппозициялық топтарға ғана қолдау танытып, билікпен санаспай отыр. Екі зардап шеккен елге көрсетіліп отырған халықаралық көмек салмағын қарап отырсақ, Түркия мен Сирия арасында алшақтық байқалады. Башар Асад үкіметін қолдауға не кедергі?

Табиғи апат алауыздықты тоқтата ала ма?

Сирия сырт қалып барады

Сирия президентінің кеңес­шісі Бусейна Шаабан Батыс елдерінің жер сілкінісінен кейін Сирия үкіметіне көмек көрсетпей, тек лаңкестер мен оппозиция бақылауындағы аумақтарға ғана қолдау жіберетінін мәлімдеді.

– Өкінішке қарай, Батыс тек лаңкестер орныққан, «ақ дулы­ғалылар» орналасқан аймақ­тарды ғана ойлап отыр, олар сирия­лықтардың басым бөлігі тұратын аймақтарды назарға алып отырған жоқ. АҚШ пен Еуропа тек соларды қорғап жатыр. Ақшаның көп бөлігі, барлық құрал-жабдық Түркияға Еуропадан және АҚШ-тан жіберілді. Ал Сирия үшін Еуропадан ештеңе жоқ, – деді Бусейна Шаабан Sky News британдық телеарнасына берген сұхбатында.

Бұған дейін БҰҰ-ның тұрақты үйлес­тірушісі әл-Мұстафа Бен­лам­лих Сирия үкіметін саяси мәселелерді қоя тұрып, Сирия­дағы гуманитарлық миссияны жеңілдету үшін елдің оппозиция бақылауындағы солтүстік-батыс аймағына кіруге рұқсат беруге шақырған еді. Алайда бұл ұсынысқа Дамаск мардымды жауап бермей тұр. Сондай-ақ Еуроодақ комиссия өкілі Балаш Уйвари болса Сирияға жер сілкінісінің салдарын жою үшін көмек жібермейтінін мәлімдеді. Ол мұны «Дамаскіден сұрау келген жоқ», деп түсіндірді.

– Біз Сирия үшін азаматтық қор­ғаныс тетігін (Еуроодақтың халықаралық көмегін үйлестіруді қамтамасыз ететін) іске қосқан жоқпыз, өйткені бізге Дамаскіден мұндай сұраныс түскен жоқ. Әрине, егер Сирия билігінен ЕО-дан көмек алғысы келетіні тура­лы сұрау алсақ, біз бұл өтініш­ті дереу қарастырамыз, – деді Еуроодақ комиссиясының өкілі.

Одақтың бұл әрекетінен хабардар болған Сирия үкіметі Уйваридің мәлімдемесінен соң бірден сұрау салды. «Батыс ел­дерінің санкцияларына байланысты елде медициналық құрал­дардың, азық-түліктің, жанар-жағармайдың және құрал-жаб­дық­тардың тапшылығы қатты байқа­лып жатыр», деп хабарлады Сирияның Еңбек және әлеуметтік істер министрі Мұхаммед Сейф ад-Дин. Ол санкциялардың кесірі­нен сириялықтардың қара­пайым өмірлік игіліктерден қағылып жат­қанын баса айтты. Сондай-ақ министр апаттан кейін Сирияға көмек көрсеткен барлық жанашыр болған елге алғыс айтып, «қалған араб елдері мен бас­қа мемлекеттерді үйінді астын­да қалған адамдарды құтқару үшін Сирияға көмекті арттыруға» шақырды.

Жалпы, «Сирияға қарсы санкциялар жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуді қиындатып отыр», деді РИА Новости агенттігіне Ха­лық­аралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары федерациясы бас хатшысының орынбасары Хавьер Кастелланос.

– Санкциялар біздің қайырым­ды­лық жұмысымызға қатты ке­дер­гі келтіріп отыр. Бұл елге жөнел­ті­ле­т­ін заттардың бағасы бірнеше есе артты, сондықтан гумани­тар­лық қызметті жеткізу ұзақ уақытты алады. Барлығын жинап бір жібермесек, жеке-жеке жіберілген тауарлардың құны ша­рықтап кетті, – деді ол. Оның пікірінше, Сирияда қирандылар астын­да Түркияға қарағанда көбі­­рек адам қалуы мүмкін, өйт­кені оларда қажетті іздестіру-құт­қару құралдарының жоқтың қасы.

Осы орайда Грекияның Ком­му­нистік партиясынан (ККЕ) Еуропарламент депутаттары Сирияға салынған эмбаргоны тез арада алып тастауды және ел халқына гуманитарлық көмек­ті кедергісіз жеткізуді талап етті. Кейін Дағдарысты басқару жө­нін­дегі Еуропа комиссары Янез Ленарчич Еурокомиссия Еуроодақ елдерін Сирияға көмек беруге шақырғанын мәлімдеді.

 

Екі елге көмектің көлемі екі түрлі

Қазір Еуропалық одақ Сирия үкіметімен тікелей байланыста емес, 2011 жылы бұл елге қарсы санкция салғаннан бері келіссөз жүргізбейді. Еурокомиссия өкілі Балаш Уйвари түсіндіргендей, Еуроодақ Сирия билігіне тікелей емес, гуманитарлық ұйымдар ар­қылы көмек көрсетеді. Атап айтсақ, соңғы мәліметтер бойынша ЕО-ның 19-ға жуық мемлекеті (Аустрия, Болгария, Хорватия, Кипр, Чехия, Эстония, Франция, Германия, Грекия, Мажарстан, Италия, Мальта, Нидерланд, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения және Испания), сондай-ақ Албания мен Черногория Түркияға 27 құт­қарушы тобын, оның ішінде екі мамандандырылған медици­налық бригада (барлығы 1 185 адам) жіберген. Ал Сирияға олар су және санитарлық, гигиеналық құралдар, көрпе секілді заттар жібермек, бұған аталған елдер гуманитарлық ұйымдарды қар­жыландыруға уәде беріп отыр.

Сонымен қатар Германия Сириядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде қос­ымша 25 миллион еуро бөле­тінін мәлімдеді. «Көмек апат айма­ғына қарамастан, ең көп зар­дап шеккендерге жеткізіледі», деп хабар­лады Германия Сырт­қы істер министрлігі. Сарапшы­лар Германияның бұл мәлімде­месі «көмек елдің оппозиция бақы­лауын­дағы солтүстік-батыс айма­ғына жіберілетінін білдіреді», дей­ді. Ал Еуропалық одақ Түр­кия­­ны қолдау іс-шараларына апат бол­ған күні бірден кірісті. Түр­кия­ға ЕО-ның 10 мемлекетінен құт­­қару топтары лезде жіберілген еді.

Сирияға көмектің кешеуіл­деуіне ел шекарасына дейінгі тас жолдардың зақым­да­нып, қирауы да кедергі келтіріп жатыр. Түркия билігінің мәлімдеуінше, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Ке­ңесі­нің рұқсатымен Түркияның оңтүстігіндегі Хатай провинциясында Сирияның көтерілісшілер бақылауындағы аймақтарына құтқару жүктерін тасымалдау үшін бір ғана шекара бекеті ашылған. Көтерілісшілер бақылауындағы аймақтарға гуманитарлық көмек әдетте 2014 жылы Қауіпсіздік кеңесінің қарарымен бекітілген трансшекаралық механизмімен Түркия арқылы өтеді. Осыған орай Түркия Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу: «Шекараның Сирия жағындағы кейбір жолдары зақымдалған. Жолдардың көп бөлігінің қирауына байланысты халықаралық көмектерді жеткізуде қиындық туындап отыр. Осы себепті біз тағы екі бекет ашып жатырмыз. Төтенше жағдай болғандықтан біз бақылаудағы бекеттерді ашу мүмкіндіктерін де қарастырып жатырмыз», деді.

Ұлыбритания премьер-ми­нистрі Риши Сунак Түркияға арнайы техника, иісшіл иттері бар 77 адамнан тұратын із­деу-құт­қару тобы Газиантеп­ке жіберілгенін мәлім­деді. Ал Сирияға қатыс­ты Ұлы­британия «Ақ дулығалы­лар­дың» төтен­ше жағдайға көмектесу ұйымын қаржыландыруды арттырды және басқа агенттіктерге де көмек көрсетеді.

АҚШ президенті Джо Байден Түркияға жер сілкінісінен кейінгі көмекке екі іздеу-құтқару тобын (барлығы 158 адам) жіберетінін айтты. Мексика да Түркияға құт­қарушылар мен іздестіру жұ­мыстарына қажетті құрал-жаб­дықтар беруге уәде бер­ді. Сон­дай-ақ Молдова Түркия­ға 55 құт­қару­шы жіберген.

Біріккен Ұлттар Ұйымы да Түркия республикасына 50-ден астам құтқару тобын жібергенін хабарлады. Ұйымның Төтенше жағдайға қарсы әрекет ету орта­лық қоры да қаржылық көмек ретінде 25 миллион доллар (20,6 миллион фунт стерлинг) бөлді. Алайда жол жағдайы мен логистикалық мәселелерге бай­ла­нысты ұйым Сирияға көмек бере алмайды. Өткен жы­лы БҰҰ Сирия шекаралық гума­ни­тарлық қорына 138 миллион доллар бөлген, қазір бұл қаржы таусылған. Енді ұйым Сирия билігіне осы жер сілкінісінің зардаптарына байланысты шығындарды 2023 жылға бағытталған қаржылай көмекке кірістіруді талап етіп отыр.

Өткен жылы Астанада өткен Сирия бойынша Астана фор­­матының 19-кездесуінде Сирия билігі елдегі жағдайдың күрделене түскенін айтқан еді.

– Қазір менің халқым Амери­каның ұйымдастырып отыр­ған шарасынан зардап шегіп отыр. АҚШ әкімшілігі осыны пайдалана отырып, өзіне тиесілі бірқатар жайтты қолдады. Ал қазір өзінің экономикалық террорын жалғастырып жатыр. Сирияның нанын тартып алатындай жағдайларға алып келді. Осының салдарынан бүгін Сирия халқының жағдайы нашарлады. Сириядағы тұрақ­тылықты қалыпқа кел­тіруде бұл үлкен кедергі болып тұр. Тер­ро­ристермен күресу күрде­лене түсті, – деген еді Сирия Араб Рес­публикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Мухам­мед Айман Сусан.

Сирия халқының жағдайы зілзаладан соң тіпті нашарлай түскені анық.

Айтпақшы, Қазақстан жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гумани­тарлық көмек жіберу туралы шешім қабылдады. Мемлекеттік мате­риалдық резервтен консервіленген өнімдер, жылы киім-кешектер, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары бөлінеді. Жүк Ислам ынтымақтастығы ұйы­мының желісі бойынша Алеп­по қаласына төрт әуе рейсі­мен жет­кізілмек. Сонымен қатар Түр­кияға Қазақстан 1 млн доллар көлемінде шұғыл көмек бе­ріп, еріктілер мен белсенділер гума­ни­тарлық көмек көрсетіп жатыр. Сондай-ақ 100 адамнан құралған құтқарушылар тобы жіберілді.

Соңғы жаңалықтар

Қазақ тілін қалай оқытамыз?

Қоғам • Бүгін, 09:05

Тыңғылықты жұмыс

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:00

Қызметі тегін емхана

Алматы • Бүгін, 08:55