Сайлау • 12 Ақпан, 2023

Аралас сайлаудың артықшылығы

885 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Саяси науқаны жақындаған сайын, партиялардың белсенді­лігі арта түсті. Қоғам тынысын аңдасақ, пайым-пікір сан қилы. Сарапшылардың сөзінше, саяси сауаты салмақты азаматтар аралас сайлаудың артықшылығын жақсы түсінуге тиіс. Алматыдағы «ҚСЗИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» алаңында бас қосқан мамандар аталған жүйенің негізгі міндеттері мен мүмкіндіктерін кеңінен талқылады.

Аралас сайлаудың артықшылығы

Ашық пікір алаңына жи­нал­ған саясаттанушылар, Қазақ­станның жоғары оқу орында­ры мен академиялық орта өкіл­дері, сондай-ақ Қырғыз Рес­пуб­ликасының Президенті жанын­дағы Ұлттық стратегиялық зерт­­теулер институтының сарап­­шы­лары аралас сайлау жү­йесі тәжірибесіне қатысты сарап­тамалық пікірлерімен бө­лісті. Институт директоры Еркін Тұқы­мовтың айтуынша, Пар­ламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы – алдағы бірнеше айдың саяси-ақпараттық күн тәртібі­нің басты оқиғасы әрі мемлекет тағдырына тікелей әсер ететін жауапты қадам.

Бұл жолғы саяси доданың ­басты артықшылығы – сайлау­дың аралас сайлау жүйесі бойын­ша өтуі. Мәжіліс депутаттары­ның 70 пайызы партиялық тізім­нің пропорционалдық жүйесі бо­йын­ша, ал 30 пайызы мажори­тар­лық жүйе бойынша іріктеле­тіні мәлім. Облыстық мәслихат­тар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары деңгейінде депутаттық корпус 50/50 пайыздық арақатынаста құрылады. Осылайша облыстық мәслихаттар толығымен мажо­ритарлық жүйе бойынша сайланады. Бір жағынан бұл елі­міз үшін тосын жаңалық емес. Есте болса, 1999 және 2004 жыл­дардағы сайлаулар дәл осылай аралас жүйемен өткен болатын. Дейтұрғанмен арадағы он бес жылда «Гибридтік» сайлау жүйесінен хабарсыз жаңа буын өсіп шықты. Сарапшылардың қазіргі міндеті – аралас сайлау жүйесін бұқараға жіті түсіндіру.

«Аралас сайлау жүйесі – барынша жиі кездесетін тәжіри­бе. Бүгінде бұл жүйе Жапо­ния, Германия, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Италия, Мексика секілді таны­мал елдерде қолданылады. Біз­ге жақын Ресей, Қырғызстан, Грузия және Литвада да осындай жүйе бар. Бұл тұрғыда әр елдің өзіне тән ерекшеліктері барын да ескерген жөн», деген Е.Тұқымов, аралас сайлау жүйесі бойынша сайлау өткізудің түрлі аспектілеріне тоқталды.

Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлт­тық стратегиялық зерттеулер инс­титутының директоры Қанат­бек Азиз талқыланатын тақырып Қазақ­стан үшін де, Қырғызстан үшін де өте өзекті екенін атап өтті.

«Сайлау нәтижесінде туын­даған бірнеше мәселе бар. Бірінші кезекте бұл депутат мәртебе­сін жүзеге асыру мәселесіне қатыс­ты. Өйткені саяси партиядан сайлайтын депутаттар мен бір мандатты округтер бойынша сайланатын депутаттардың құқық­тық негіздері әртүрлі. Қырғызстан­ның сайлау жүйесіндегі өзгеріс­терге және депутаттық корпустың қалыптасуына 2020 жылғы қазан оқиғасы толықтай әсер еткенін атап өткім келеді. Нәтижесінде конституциялық реформа жүр­гі­зіліп, онда конституциялық ке­ңес мүшелері депутаттық корпусты мажоритарлық және пропорционалды жүйе бойынша аралас жүйе негізінде сайлауды ұсынды. Мажоритарлық жүйеге осылайша оралу қызық болды. Себебі бұл бәріміздің басымыздан посткеңестік кезеңде өтті», – деді Қ.Азиз.

Ал Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы ҰСЗИ ғылыми қызметкері Шерадил Бактыгулов ағымдағы сайлау Қазақ­стандағы саяси жүйенің өзгеруінің көрсеткіші екендігіне назар аударды.

«Жақында Қазақстанда бо­ла­тын Парламент сайлауы – Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев жа­риялаған реформа­лардың заңды жалғасы. Бұл Қазақстанның сая­си жүйесінің жаңаруының көрсет­кіші екенін атап өткім келеді. Әлем­де кем­шіліксіз сайлау жүйе­лері жоқ және барлық тәжіри­белер бір-бірін толықтырып, байытып отырады. Қазақстан­ның стратегиялық зерттеулер инс­­титутына сараптама алаңын ұйымдастырғаны үшін алғыс ­айтамын. Сайлаудан сүрінбей өткен халық қалаулысы бар ерік-жігерін ел игілігіне жұмылдырғаны абзал. Әдетте Үкімет­ті көп сынаған депутат ерекше көзге түсуі мүмкін, бірақ бұл де­путаттың жұмыс көрсеткіші емес. Ұтымды ұсыныс айту, терең білім, саяси сарап аса маңыз­ды. Халық популизм мен кәсіби біліктің ара салмағын ажырата алуға тиіс. Кейде саяси додада үміткердің қоғамдағы абырой беделі үлкен рөл ойнайды. Бірақ ол нақты ұтқыр маман болмауы мүмкін. Депутаттарды үш топқа бөлуге болады. Алғашқылары ел сені­мін иеленген абыройлы тұлға­лар, келесі шоғыр нағыз іскерлер, өкінішке қарай, осылардың тасасында жүретін үшінші топ тағы болады. Ең бастысы билік те, ха­лық та сайлауда осыны ескерген жөн», дейді сарапшы.

Өз кезегінде Философия, сая­саттану және дінтану инс­ти­туты Саяси зерттеулер ор­та­лы­ғының жетекшісі Айдар Әмі­ребаев бір мандатты сайлау округ­тері балама көзқарастар­ды қарасты­ру­ға мүмкіндік бере­тінін айтты. «Өзіне тән мін­деттер мен функцияларды ла­йық­ты атқара ала­тын тиімді Пар­ламентті қалай құ­ру­ға бо­латы­ны бізді толғанды­ра­ды. Бір мандат­ты сайлау ок­ругте­рі балама көз­қарастарды білді­ру­ге мүмкіндік береді», деді А.Әміребаев.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сая­сат­­тану және саяси технология­лар кафедрасының меңгеру­ші­сі Гүлнәр Насимова партия­лар мен кандидаттар жастармен жиі кездесіп тұруы керек деп есептейді. «Қазіргі жастар­дың көзі ашық, көкірегі ояу. Олар ­сай­лауалды бағдарламаларды ­таразылап, талдай алады. Пар­тия­лар мен кандидаттар тек белсенді жастармен ғана емес, еліміздің барлық жастарымен байла­ныс­та болуы керек. Қазіргі жастар, әсі­ресе студенттер, манипуля­ция мен фейктерді ажырата алады. Жастардың мотивациясын түсі­ну үшін олармен жиі жүздескен ­абзал», деді Г.Насимова.

Ал «Стратегия» ӘСЗО» ҚҚ жо­балар үйлестірушісі Ольга Сима­кова: «Халық кандидат­тар­мен және олардың бағдарла­ма­ларымен әлі таныс емес. Сайлау­шыларды жаңаша тәрбиелеу ­керек» деген пікірін жеткізді.

Талқылау қорытындысы бо­йынша сарапшылар Қазақ­стан­­дағы сайлау жүйесін рефор­ма­лауға оң баға берді. Сондай-ақ талқылауға қатысқан мамандар Парламент Мәжілісінің жаңа шақырылымында пікірлер плю­рализмін қамтамасыз етудің әле­уеті жоғары екенін атап өтті. Са­рап­шылардың пікірінше, сайлау үдерісіне мажоритарлық жүйені қайтару мемлекеттік саясаттың өрісін кеңейтеді. Сонымен қатар спикерлер алдағы сайлау және одан кейінгі саяси жүйенің жұ­мыс істеуі сапалы сараптамалық-талдауды қажет етеді деп есеп­тейді.

 

АЛМАТЫ