Мұқағали – өлеңдері ең көп жатқа оқылатын ақын. №39 кітапхананың оқу залында «Мен – өмірді жырлау үшін келгенмін» айдарымен бастау алған поэзия кеші, «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» кітап көрмесіне ұласты. Өрімдей өрендер ақын жырын алма кезек жатқа оқып, жыр эстафетасына кітапхананың егде оқырмандары да үн қосты.
Жазушылар кітапханасында өткен «Жыр дүлдүлі – Мұқағали» әдеби-сазды кешіне Жазушылар одағы балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы Нұрдәулет Ақыш бастаған қаламгерлер қатысып, Мұқағалидың жауһар жырлары жыл өткен сайын қараңғы түн қойнауынан сәулесін шашқан жарық жұлдыздай жарқырап, айшықтала беретінін, өскелең ұрпақ тәрбиесінде ақын мұрасының рөлі басым екенін айтты.
Наурызбай ауданы Отбасылық оқу кітапханасында салтанат құрған «Әр өлеңі – бір әлем» жобасы да ән мен жыр тербеген жылы жүздесу ретінде есте қалды. Мектеп шәкірттері мен студенттер Мұқағали күнделіктерінен үзінді оқып, ақынның өмір тынысын бейнелейтін сахналық қойылымдарын көпшілік назарына ұсынды. «Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік, болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп қадірлейтін қазынасы... Біздің ұжымға қарасты барлық кітапханаларда өткен шаралардың негізгі мақсаты – Мұқағали мұрасы арқылы оқушыларды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелей отырып, поэзия әлемінің сырын ашу. Бұл жобалар жыл сайын үзбей өтіп тұрады, – дейді Алматы қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Рузанна Бектұрсынова.
Қазақстан Жазушылары кітапханасының меңгерушісі Елена Ағайса: «Мұқағали шығармаларына арналған шараларға қатысу үшін оқырманды үгіттеп жатудың қажеті жоқ. Ақынның өлеңдері магнит секілді, кітапханаға кездейсоқ келген оқырманның өзі іс-шараның ішіне еніп, жыр оқығысы келіп тұрады», деп тебіренді.
АЛМАТЫ