Жеңіл атлетика • 14 Ақпан, 2023

Астанадағы Азия чемпионаты

282 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Х Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Елордадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өткен сары құрлық додасында Азияның 31 елінен келген ең таңдаулы атлеттер бақ сынады. Олардың қатарында жабық кешендегі әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері, Азия ойындарының және Азия біріншілігінің чемпиондары, сонымен қатар халықаралық ірі деңгейдегі түрлі жарыстың жеңімпаздары да бар.

Астанадағы Азия чемпионаты

Жарыстың алғашқы күнінде «Qazaqstan» спорт кешенінен жиналған жанкүйерлер ерлер арасындағы ядро лақтыру, үш қарғып секіру, әйелдердің 60 метрге, 3 мың метрге және бессайыс жарысындағы өнерлерін тамашалады. Турнирдің кешкі сессиясындағы финалдық сайыстарда Қазақстан құрамасының қор­жы­нына бірінші болып алтын жүлдені әйел­дер арасында 3 мың метрге жүгіруде Каро­лин Чепкоеч Кипкируи салды. Аталған қашық­тықты ол 9:01.98 секунд ішінде жүгіріп өтіп, көрермендердің ыстық ықыласына бө­лен­ді. Өкінішке қарай, 2022 жылғы әлем чем­пио­ны Нора Джеруто үздіктер қатарынан көріне алмады. Екінші орынды 9:03.43 уақыт көрсет­кішімен қытайлық Уга Хэ иеленсе, қола жүлде 2018 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионы жапониялық Юма Йамамотоға (9:09.29) бұйырды.

60 метрге жүгіру сайысында Қазақстан жанкүйерлері Ольга Сафроновадан алтын жүлде күткен еді. Өйткені Қарағанды қала­сының тумасы дәл қазіргі уақытта Қазақ­станның ғана емес, әлемнің көшбасшы спорт­шысы саналады. Бірақ жерлесіміздің финалдық сайыста бабы келіспеді. 2017 жылғы Азия чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы Ольга Сафронова Астанадағы сары құрлық додасында екінші нәтиже көрсетті – 7.32. Аса тартысты өткен жарыстың бас жүлдесін ирандық Фарзане Фасихи 7.28 секунд нәтижесімен жеңіп алса, индонезиялық Валентин Ванеза 3-орыннан (7.37 секунд) көрінді.

Бессайыста өзбекстандық Екатерина Воронинаның (862 ұпай) бағы жанса, ерлер арасындағы ядро лақтыруда үндістандық Тажендерпал Сайд Тур (19.49 метр) үздік шықты. Ерлер арасында 400 метрге жүгіруде Қазақстан құрамасының көшбасшысы Михаил Литвин Қатар спортшысын алға жіберіп, күмісті қанағат тұтты. Жерлесіміз іріктеу сайы­сында 46.97 секунд нәтиже көрсетсе, финалда жылдамдығын арттырғанымен (46.39) алтын жүлде бұйырмады. Бұл сында Аммар Исмаил Яхиа (46.25) бірінші, Тианруи Фан (47.30) үшінші орыннан көрінді.

Екінші жарыс күнінде әйелдердің ядро лақтыру, үш қарғып секіру, сырықпен секіру және ерлер мен әйелдердің 60, 800 (тек әйелдер) және 1500 метрге жүгіру жарыстарын тамашаладық. Алдымен жарыс жолына ядро лақтырушы әйелдер шықты. Өкінішке қарай, бұл жарыста Қазақстан спортшылары жүлделі орындардан көріне алмады. Алғашқы екі орынды кореялық спортшылар өзара бөлісіп алса (Чон Ю Сон (16,98 метр), Ли Су Чжон (16.45), қола жүлде Ислам ынты­мақтастық ойындарының жеңімпазы индо­незиялық Эки Фебри Экаватиге бұйырды.

Сырықпен секіру сайысында да жерлес­теріміз өз жанкүйерлерін қуанта алмады. Бұл сында Маю Насу (Жапония, 4.00 метр), Павитра Венгатеш  (Үндістан, 4.00) және Рози Мина Полрадж  (Үндістан, 3,90) спортшылары жеңімпаз атанды. Ал ұзындыққа секіруде Қазақстан спортшылары алдына жан салмады. Мәселен, былтырғы жабық кешендегі әлем чемпионатының қола, 2019 жылғы Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Надежда Дубовицкая алтыннан алқа тақса, екінші және үшінші орындарды да жерлестеріміз жеңіп алды. Кристина Овчинникова – екінші, Елизавета Матвеева үшінші орынды қанағат тұтты. Н.Дубовицкая финалда 1.89 м биіктікті бағындырды. Бір қызығы, мұндай жайт сары құрлық додасында алғаш рет тіркелгенін айта кеткен жөн.

1500 метрге әйелдер арасындағы жүгіруде 18 жастағы отандасымыз Ақбаян Нұрмамет ерекше өнерімен көзге түсті. Азияның үздік­терімен иық тірестіріп өнер көрсеткен жерлесіміз қола жүлде жеңіп алды. Азия ойындарының қола жүлдегері 26 жастағы вьет­намдық Нгуен Тхи Оан мәре сызығын бірінші кессе, күміс жүлде жапониялық Юме Готоның еншісінде кетті. Ерлер сайысында жапониялық Кадзуто Иизаваға тең келер ешкім табылмады.

Әйелдер арасындағы 400 метрде жабық кешендегі 2018 жылғы Азия біріншілігінде күміспен күптелген жерлесіміз Элина Михина Астанада алтынға қол жеткізді. Ол бұл қа­шық­тықты 54.07 секундта бағындырды. Кейін­гі орындарға Ти Хуен Нгуен (Вьетнам, 54,68), Сри Майя Сари (Индонезия, 54,88) жайғасты.

Жарыстың соңғы күніндегі эстафетада (4х400 м) Қазақстанның қос құрамасы да жеңімпаз атанды. Құрамында Аделина Земс, Александра Залюбовская, Кристина Кондрашева мен Элина Михина бар әйелдер құрамы мен Андрей Соколов, Эльнор Мухитдинов, Вячеслав Земс пен Михаил Литвиннен жасақталған ерлер құрамасы алтын алды. Ерлер құрамасының 3:09.15 секунд нәтижесі жаңа ел рекорды екенін айта кетейік. Сондай-ақ Шэдрак Кимутай Коеч 3000 метрге жүгіруде 7:59.84 нәтижесімен ел қор­жынына қола жүлде салды. Ал күннің нүктесін Давид Ефремов жақсы қойды. Ол 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруде жабық ке­шендегі Азия чемпионатының жеңіс тұғы­ры­нан көрінді. Уақыт көрсеткіші – 7.65 секунд.

Осылайша, үш күнге жалғасқан жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Х Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Жалпыкомандалық есепте 15 медаль (6 алтын, 5 күміс пен 4 қола) жеңіп алған Жапония құрамасы бас жүлдені же­ңіп  салса, Қазақстан құрамасы 6 алтын, 3 күміс пен 3 қоламен екінші орыннан көрінді. Ал Қатар атлеттері 8 жүлдемен (2 алтын, 4 күміс, 2 қола) үздік үштікті түйіндеді.