Өнер • 13 Ақпан, 2023

Ой әлеміндегі жалғыздық

556 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адам баласы бір сәт ойланбай жүре ала ма? Еш алаңсыз, қамсыз-мұңсыз деген жанның өзі әйтеуір бір ой құшағына сүңгімеуі мүмкін емес. «Әр кәллада бір қиял», әр кеудеде бір үміт. Сағыныш, өкініш, алаң, қиял, жабығу, сенім, арман бәрі-бәрі кеудеңді тыным бермей тепкілейді де жатады. Ең қызығы, ой әлемінде әркім жалғыз. Бәрінің тілегі – бақыт үшін күрес. Герман Титовтың кенептегі кейіпкерлері де сіз бен біз секілді өз бақыты үшін күресіп жүрген адамдар...

Ой әлеміндегі жалғыздық

Суретті түсірген Юрий Беккер

Қаз-қатар тізілген картиналарға жай ғана көз жүгіртіп өте салуға болатын шығар. Әсем екен, бояу­лары қандай қанық, суреттегі бикеш неткен әдемі деуіңіз мүм­кін. Біз осылай ғана суреттей салған туындының өзегінде қан­шама ұйқысыз түндер, ми қабы­ғын кемірген мыңсан ойлар, ар­палысқан сезімдер, бәлкім, адам тағдыры да жатуы мүм­кін ғой. Суретшінің еңбегін бұл­дап тұрғанымыз жоқ, бізді ынтық­тырған кейіпкерлердің ішкі әлемі.

Темір тормен құрсауланған терезеге телміре қарап тұрған әйел үшін өмірдің бар мәні бостандық. Оған еркіндіктен асқан құндылық жоқ. Әйнектен төгілген күн сәулесі үзілмеген үмітін жалғап тұрған шұғыла секілді. Еркіндік лебі ессе, ессіз сүрген есалаң күндерге қош айтып, нағыз адам болып өмір сүруге бейіл. Жай кезде басып-таптап өте беретін көшелер сондай ыстық, түнгі қала шамдары сондай жарық, жұмыстан шар­шап келіп төсегіңе құлау нет­кен бақыт. Үйден шығып бара жат­қанда қимай тұрар адамың болса – қандай нығмет...

Қымбат демалыс орнында буырқанған теңізге көз тас­тап отырған бойжеткеннің арманы мүлде басқа. Оған да әлдене жетпейді. Бәлкім ол үшін бақыт жар­қыраған сарай, бума-бума ақша емес. Оған керегі жан тыныш­тығы. Мүмкін шынайы сезімге зәру. Ардай көңіл адал дос­тықты аң­сай­тын шығар. Бәлкім бәрін басынан бастағысы келеді. Ол жағы бізге беймәлім. Бір анық дүние – Титов қандай сурет салса да адамды ой әлеміне шақырады. Шат-шадыман өмірді бейнелесе де, жай әншейін терезе алдында тұр­ған құмырадағы гүл де еріксіз ойлантады.

Суретші кескіндемеге шексіз берілген. Ол көлеңке мен жарық қатынастарын мұқият зерттейді, палитраны күрделі элементтермен байытып, композициялық ыр­ғақтар мен екпіндерді сезіммен құрастырады. Геометриялық сы­зықтар, жазықтық пен дақтар, қылқа­ламның әр үйкелісі көңіл-күй­ді құбылтады. Түс таңдау­дағы ұтқырлық, ішкі энергия кескін­деменің құндылығын арттыра түседі. Тіпті шебер, көпқабатты мо­­заикаларында да осы мәнерінен жаңылмайды.

Өмірдің тұрақсыз, қашып бара жатқан сәттерін сезіну, түсіну, «тоқтату» үшін жанталас жүріп жатқандай. Бәлкім маңызды, мүмкін елеусіз әсерлердің шек­сіз тізбегі суретшінің санасын­да кенеп бетіне бекітуді қа­жет ететін із қалдырады. Осы­­лайша, нақты оқиғасы жоқ сюжет­тер шы­ғарманың жанын се­зіну­ді кө­рерменнің еншісіне қалды­­ра­тындай. Еш әрекетсіз, бірқа­лыпты, жайбарақат кейіп­керлердің жан дүниесін алуан бояу­лар арқылы ашуға талпынады.

Алматылық көрермендер үшін қылқалам шеберінің Ә.Қас­теев атындағы Өнер музейі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірлесе ұйымдастырған «Бірге болу сезімі» атты экспозициялық көрмесін тамашалау мүмкіндігі туды. Суретшінің 30-дан астам таңдаулы жұмыстары қойылған өнер жәрмеңкесі шынайы өнер әлеміне үңілген көрерменді бейжай қалдырмасы анық. Шы­ғар­­машылық иесінің заманауи кес­кіндеме шешімдерін іздеуге бағытталған тың талпынысын өнертанушылар жылы қабылдады.

– Суретші өзінің жаңа көрмесін «Бірге болу сезімі» деп атады. Бұл қысқа және сыйымды анықтамада шығармашылық ізденістердің мәнін білдіруге деген ұмтылыс көрсетіледі. Картиналардың кейіп­керлері қоршаған ортаға орга­никалық түрде сәйкес келеді, кейде оған қосылып, біре­гейленеді. Олар жартылай ұйықтап немесе өз ойларына еніп, әңгіменің тегіс ағымына немесе арманшыл ойлауға қатысады. Кескіндеме кеңістігінде үстемдік етпестен, олар маңызды емес және елеусіз ештеңе жоқ әлемнің бөлігі болып табылады. Адам мен орта қатынастарын зерт­теуде автор осы сәтте болуды түсінеді және жеткізеді. Кө­рінетін екінші дәрежеде, тек қана адам (және кейде оның болмауы) шығарма бейнесінің негізгі се­мантикалық элементіне айналады. Заттық-кеңістіктік әлемде бөлшектер арқылы және көбінесе кездейсоқ нысандар арқылы күй­лердің нюанстары ашылады. Жаңа жұмыстардың қайталанатын мотиві – композицияның ортасын ұстап, содан кейін кенептің шетіне ауысатын терезе. Бұл элемент композицияға жақтаулар мен шыныдан жасалған өзіндік геометриялық жолақтар мен тор­көздерді тудырады. Кең ашық немесе тығыз жабылған, бөлмені жар­қын күн сәулесімен толтыратын бөлме жабдықтары яки терезе жақтауы сыртқы және жеке әлемнің шекарасына айналады, суретші сол арқылы әр сәттің құндылығын сезінуге шақырады. Герман Ти­тов 1962 жылы Украи­наның Дне­пропетровск қаласында дүниеге келді. Мәскеу мен Алматыда қатар тұрып жемісті жұмыс істеп келеді. 1985 жылы ҚазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) сурет-гра­­фика факультетін бітірді. 1990 жылдан бастап түрлі көрмелерге қатысып келе жатқан ол бейнелеу өнерінде өз қолтаңбасын қалып­тастырған шеберге айналды, – дейді өнертанушы Екатерина Резникова.

Күн сәулесіне шомылған бөл­ме, көлеңкеге батырылған кіре­беріс, сирек келушілері бар дәм­хана жабдықтары, кенеп толы шебер­хана, қаңырап қалған пейзаждар, үйдің ескі кіреберісі, құс торы бар қабырға фрагменті. Әрбір кеңістік үйлесімділік пен тыныш­тықты, тынық ойды, жалғыз­дық­ты, қайғы-қасіретті немесе шабыт­ты білдіру арқылы өз күйіне енеді. Кенептегі жарық пен түс, сан алуан естеліктер, сезімдер қай­­шылығы бәрі-бәрі тынымсыз ізд­еніс­­тен құрылған күрделі материя дерсіз.

 

АЛМАТЫ