Министр мергендердің жетістіктерін ерекше атап өтіп, жаттықтырушылар құрамына алғыс айтты. Сондай-ақ спортшылардың Париждегі Олимпия ойындарында лайықты өнер көрсететініне сенім білдірді.
«Еліміздің спортшылары алғаш рет нысана көздеу жарысында жалпыкомандалық есепте көш басынан көрінді. Жас мергендер Олимпиада чемпиондарымен тең дәрежеде өнер көрсетіп, жарқын жеңіске қол жеткізді. Құраманың жаттықтырушылары мен өзге де мамандардың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Спортшылардың нысана көздеуден ғана емес, стендтік оқ атудағы жетістіктері ұлттық құраманың алдағы Париж Олимпиадасында жақсы нәтиже көрсететініне зор сенім ұялатады», деді министр.
Әлем кубогінде ел құрамасы атынан 15 спортшы (9 жігіт және 6 қыз) өнер көрсетті. Спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерінен құралған команда үш алтын, бес күміс және үш қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.
Алтын медаль иегерлері: Никита Чирюкин – мылтықтан 25 метрден жылдамдыққа ату, Арина Алтухова – мылтықтан үш позициядан ату (50 м), Александра Ле, Элизабет Безрукова және Анастасия Григорьевадан құралған әйелдер командасы – пневматикалық мылтықтан 10 метрден ату.
Күміс медаль алғандар: Константин Малиновский – пневматикалық мылтықтан 10 метрден ату, Никита Шахторин, Константин Малиновский және Ислам Сәтбаев –пневматикалық мылтықтан 10 метрден ату, Никита Чирюкин, Валерий Рахимжан және Алексей Лотарев – пневматикалық мылтықтан 10 метрден ату, Константин Малиновский, Матвей Тимофеев, Ислам Сәтбаев – мылтықпен үш позициядан ату (50 м), Арина Алтухова, Александра Ле, Елизавета Безрукова – мылтықтан үш позициядан ату (50 м).
Қола жүлдегерлер: Ирина Юнусметова және Валерий Рахимжан – ПП-микс, Ирина Юнусметова, Ольга Аксенова және Сәуле Әлімбек – 25 метрден мылтық ату, Елизавета Безрукова және Ислам Сәтбаев – ВП-микс.
Жакартада өткен Әлем кубогі спортшыларға әлемдік рейтингтегі позицияларын жақсартуға, Олимпиадаға лицензия алу үшін таласқа түсуге мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн.