Спорт • 14 Ақпан, 2023

Дауранованың дәурені туды

817 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Германияның Инцелль қаласында ұйымдастырылған конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Әлемнің 30-ға жуық мемлекетінен келген 200-ден аса спортшы үш күн бойы жүлделерді сарапқа салды. Бұл сында Қазақстан құрамасының 10 спортшысы өнер көрсетіп, екі медаль жеңіп алды.

Дауранованың  дәурені туды

Инцелльдегі дүниежүзілік додада Қазақстан ерлер құрама­сынан Нұралы Ақжол, Роман Бинозаров, Андрей Семенов, Ники­та Важенин, Вадим Якубов­ский, ал қыздардан Алина Дау­ранова, Дарья Гаврилова, Ари­на Ильященко, Кристина Шу­мекова мен Алена Лифатова мұзай­дынға шықты. Өкінішке қа­рай 10 спортшымыздың ішінен жүл­дегерлер қатарынан көріну тек ұлттық құраманың көшбасшысы Алина Даурановаға ғана бұйырды. Жасөспірімдер арасындағы кезекті әлем чемпионатында жерлесіміз бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды.

Астанадағы Қажымұқан Мұ­ңайт­пасов атындағы мектеп-ин­тернат-колледжінде білім алатын Алина кейінгі бір-екі жылда өрелі өнерімен көзге түсіп, жанкүйерлерді қуантып жүр. 19 жастағы спортшы былтыр Аус­трияның Инсбрук қаласында жалауы желбіреген әлем чемпионатында күміс пен қола медаль олжалаған болса, биыл да дәл сол биігінен көрінді. Сон­дай-ақ ол өткен жылдың қараша айын­да Финляндияда шымылдығы түрілген Әлем кубогінде алтын ме­дальды мойнында жарқыратты. Одан бөлек, А.Дауранова Қазақ­стан спар­такиадасы мен ел бірін­шілігінің жеңімпазы атанған. Сонымен қатар ол өткен аптада ғана Германияның Инцелль қа­ласында мәресіне жеткен Әлем кубогі кезеңінде де алтыннан алқа таққанын жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. 1 000 метрге жарыста отандасымыз 1 минут 17,98 секунд уақыт көрсеткішімен мәре сызығын бірінші кесті. Нидерланд өкілі Пьен Херсман күміс медаль иеленсе, ита­лиялық Серена Пергер қолаға қол жеткізген еді.

Инцелльдегі әлем чемпиона­тының алғашқы күнінде Алина Дауранова 500 метр қашықтықта бақ сынады. Аустрия, Мажарстан, Германия, Италия, Испания, Канада, Қытай, Корея, Нидерланд, Норвегия, Польша, Португалия, АҚШ және Жапониядан келген барлығы 48 спортшы қатысқан додада мәре сызығын үшінші болып кесіп, қола жүлдегер атанды. Отандасымыз бұл қашықтықты 39.10 секундта жүгіріп өтті.

Бас жүлде Әлем кубогі кезең­дерінде жүлдегерлер қатарынан кө­рініп жүрген италиялық Серена Пергерге (38.61) бұйырса, Ни­дерланд өкілі Энджел Дэйлман 38.93 уақыт көрсеткішімен күміс ме­дальды қанағат тұтты.

Екінші жарыс күнінде ұлттық құрама көшбасшысы 1000 метр қашықтықта бақ сынап, бұл жолы да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алина бір шақырымға жалғасқан жарыс жолын 1:17.76 секундта жүгіріп өтіп, жеңімпаз атанған нидерландтық Энджел Дэйлманнан небәрі 1.47 секундқа қалып қойды. Сөйтіп ол күміс жүлдені мойнына ілді. Бір айта кетерлігі, Алина былтыр Аус­трия­ның Инсбрук қаласында өткен әлем чемпионатында дәл осы қашықтықта да күміс медаль­ға ие болған-ды. Ал үздік үштік­ті аме­рикалық Грета Майерс түйін­деді.

Ел спортшылары жасөс­пірім­дер арасындағы дүниежүзілік чемпионатта жыл сайын тұғыр биігіне көтеріліп жүргенін айта кеткен жөн. Мәселен, былтыр Инсбрукте әйелдер құрамасы (Али­на Дау­ранова, Инесса Шумекова, Дарья Гаврилова) командалық спринтте 3-орын алған болса, оның алдында Екатерина Айдова 500 метрге жарыста Мәскеудегі (2010 жыл) әлем чемпионатында же­ңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ ол Финляндияның Сей­няйоки қа­ласындағы (2011 жыл) дүбірлі додада екінші орынға табан тіреген еді. Мәскеудегі бәсе­кеде тағы бір жерлесіміз Алексей Бондарчук 500 метрге жарыста үшінші нәтиже көрсеткен.

Ал 2009 жылы Закопане қала­сында өткен әлемдік жарыста (Польша) Роман Креч 1500 метр­де күміс, 1000 метрде қола медаль иегері атанған. Сондай-ақ 2015 жылғы әлем чемпионатында тағы бір отандасымыз Станислав Пал­кин де мың метрге жүгіруде қола медаль олжалаған-ды.