Қоғам • 15 Ақпан, 2023

Қазақстан құтқарушылары үйінді астынан 88 адамның мәйітін шығарды

530 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіле бастаған күннен бастап Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 88  адамның, оның ішінде 10 баланың денесі үйінді астынан алып шықты, деп хабарлайды Egemen.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан құтқарушылары үйінді астынан 88 адамның мәйітін шығарды

Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетуде. Өткен кезеңде 140-тан астам жергілікті тұрғынға, соның ішінде 17 балаға медициналық көмек көрсетілді. Олардың ішінде стресстің жедел реакциясымен, салқын тию, тыныс алу жолдарының ауруларымен, сондай-ақ әртүрлі жарақаттармен байланысты аурулар басым.

Бірінші күннен бастап жедел штаб жұмысын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстан ТЖМ құтқарушылары екі елді мекенде іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастыруда. Қираған үйлердің орнындағы үйінділердің арасын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құтқарушылар тұрақсыз құрылымдарды бөлшектеу және арнайы кескіштің көмегімен жол тазарту және қирандылардың астынан зардап шеккендерді іздеуді жеңілдету үшін үйінділердің астындағы арматураны кесу жұмыстарын жүргізуде. Бұл бетон, арқалықтар және басқа да құрылыс қалдықтарын бөлшектеп, арнайы техникаға жүктеуді жеңілдету үшін жасалады.

Құтқарушылардың бір тобы тоғыз қабатты ғимаратта жұмыс жүргізіп жатыр. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жерде үйінділердің астынан 4 адам құтқарылды, 30 қаза тапқан адамның мәйіті шығарылды.  

Құтқарушылардың басқа тобы алты қабатты ғимаратта жұмыс жүргізді. Ғимарат толығымен қираған. Үйінділердің арасынан қайтыс болған 24 адамның мәйіті шығарылды.

Қазақстан ТЖМ екінші эшелонмен барған құтқарушылар Түркияға келген сәттен бастап Нурдагы қаласында іздеу-құтқару жұмыстарын тәулік бойы жүргізді. Толығымен қираған ғимаратта қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстарын жүргізді. Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап,  жедел және сауатты іс - қимылдың, сондай-ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды - ер адам мен екі әйелді шығаруға мүмкіндік туды. Адамдар дереу медициналық қызметтеріне жеткізілді. Қайтыс болған 11 адамның мәйіті шығарылды. Зардап шеккен адамдарды іздеуге техникалық құралдар, үйінділерді бөлшектеуге инженерлік техника пайдаланды. Үйінділердің арасынан адамдарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.