Спорт • 15 Ақпан, 2023

Тәлімі мол турнир

269 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да, түрлі жиындарда да бұқаралық спортқа көңіл бөлу қажеттігін ескертіп келеді. Бұқаралық спорттың дамуы шырайлы Шығыста ойдағыдай деуге болады. Тұрғындардың 30 пайызы бос уақыттарын мәнді де сәнді өткізеді.

Тәлімі мол турнир

Бір ғана мысал. Жақында Өс­кемен қаласындағы «Империя» бильярд клубында өңірдің экономикасы, мәдениеті мен спор­тының дамуына өзіндік үлес қосқан, облыс, аудандарды бас­қарып тұрған кезінде жа­ғымды жаңалықтармен жер­лестерін қуантқан мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Рес­пуб­ликасы «Әлем қырандары» бильярд­шы­лар қоғамдастығы Шы­ғыс Қазақстан облыстық фи­лиа­­лының төрағасы Түсіпхан Түсіпбековтің 70 жылдық мерей­тойына арналған турнир өтті. Оны өткізуге Қазақстан Рес­пуб­ликасы Бильярд спорты феде­ра­циясы Шығыс Қазақстан облыс­тық филиалының директоры Серік Ақтанов мұрындық болды. Реті келгенде айта кету керек, спорт десе ішкен асын жерге қоя­тын іскер азаматтың бастама­сымен Өскеменде бильярдтан Азия­ның ашық чемпионаты, жазушы Қабдеш Жұмаділовті еске алуға арналған турнир, бірнеше халықаралық, облыстық жарыстар өтіп, бильярд спортын жандандыратындар қатары арта түсті. Серік Қасымбекұлы жетекшілік ететін федерацияның мүшелері Астана, Алматы, Шымкент, еліміздің басқа да қалаларында өтетін жарыс­тардың көрігін қыздырып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Түсіпхан Түсіпбековтің тур­ниріне 23 тастаяқ шебері қатысты. Олардың арасында Түсіпханның достары, замандастары, бильярд спортын насихаттаушы ардагерлер болды. Алматыдан Түсіп­ханның досы, Жазушылар ода­ғының басқарма төрағасы Ұлық­бек Есдәулет, Астанадан мемлекет және қоғам қайраткері, ел спортының дамуына елеулі үлес қосып жүрген Сәдібек Түгел, об­лыстық драма театрының дирек­торы Руслан Қайырсынов, мерей­той иесінің кіндік қаны тамған Тарбағатайдан делегация­ны бас­қарып келген аудандық ішкі сая­сат бөлімінің басшысы Ермек Құр­манғалиев, тағы басқа азаматтар ақжарма тілектерін айтып, ата салтымен мерейтой иесінің иығына шапан жапты.

Облыстық төтенше жағдайлар басқармасында ұзақ жыл басшы болған полковник Алмас Уәлиев қазір де бабында екенін дәлелдеді. Бильярдпен ұзақ жыл шұғылданып жүрген ол шеберлігін паш етіп, чемпион атанды. Николай Ры­жих, Қайрат Әділбеков, Бадри Джебесов жүлделі орындарды бөлісті. Оларға федерация басшысы Құрмет грамоталарын тапсырды. Астана мен Алматыдан, аудандардан келген қонақтар тағылымы мол турнирді өткізген азаматтарға алғысын айтты. Ал мерейтой иесі алдағы уақытта да бильярд спортын дамытуға үлес қоса беретінін жеткізді.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның құрметті спорт қайраткері

 

Өскемен