Әдебиет • 15 Ақпан, 2023

Тұншығып өлген қаршыға

289 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бабы келген кемел туындылар болады. Асқан білгірлікпен, талғампаздықпен қалыпталғаны өз алдына, байыптап, жеті рет өлшеп, бір рет кескен адам емес, құдірет дерсіз. Таңдап алған тақырыбының иін қандырып, суын сығып, сөлі мен нәрін әкеп құя салады кеудеңе. Байыптап үлгермей де қаласыз. Себебі бастаған бойда бір деммен оқып шығасыз да, құмарың қанбай қайта парақтап, ұңғыл-шұңғылын тағы бір мәрте сүзіп шығасың. Әсіресе Тәкен Әлімқұлдың «Көк қаршыға» әңгімесін оқығанда әлгіндей әсер алдық. Жалпы Тәкеннің ән-күйі туралы әңгіме, повестері – атап айтарлық соқталы дүниелер.

Тұншығып өлген қаршыға

Тәкен солай жазады. Қараойға барса – Махамбет, Сарыжайлауға іліксе – Тәттімбет, қобызға қолы тисе – Ықылас, Айыртау, Қа­мы­сақтыға жетсе – ән баптап, құс түлеткен Ақан серіге айналады. Әнші-күйші, ақын, композитор болғаны өз алдына, құсбегі болғанын көреміз. «Ақан мен Ыбан киінгенде, су бетінде шүпірлеген құстар қобалжи бастады. Ақан: «Шамасы, киімдіден қорқады екен-ау» деп топшылады. Шалғайдан қыран құстың зуылы келе жатқанын кәрі құлақ естімеді» дейді. Осы аз сөзден құсқа қатысты қаншама нәрсені аңғарасыз. Демек шомылып жүрген адамдардан құстар секем алмағаны ғой. Атады-ау деп, қыранға ілдіреді деп күдіктенбеген. Өздері сияқты бейбіт елді олар да біледі. Секем алды демейді, «құстар қобалжи бастады» дейді. Поэзияның тілі. Бейбіт құстың қанаты нәзік суылдаса, қыран құстың ұшқаны зуылдап сұстырақ естіледі екен-ау. Бұрын соның бәрін қапысыз танитын Ақан ол дыбысты да естімегенінен егде тарта бастағаны байқалады. Бұларды аң аулап, құс салған қыр қазағы болмаса, табаны жерге тимеген, маңдайы күнге күймеген көпқабатты үйде өскендер түсіне бермейді. Сұңқар іспетті зуылдап өте шығады. Дүниедегі қыран құстардың арасында қалықтамайтыны сұңқар көрінеді. Үнемі қанатын апыл-ғұпыл қағып ұшады деседі. Мұны да кәнігі құсбегі сөз арасында бір досыма айтып қалыпты. Білдім деп отырған жоқ дейді және әңгіме арасында «бүркіттен бастап бәрі самғап ұшып, кезі келгенде қалықтайды, сұңқар жарықтықтың ерекшелігі қанатын қаққыштап алып жөнеледі» деп жіберіп отырса керек.

«Көк қаршыға» әңгімесінде автор Қамысақтыға жеке қонған Ақанды жазады. Аттан, иттен, құстан, күллі дүниенің шуынан безінген серінің қылуетке түскен әулиеден несі кем деп ойлаймыз. Әңгімеде бұлай айтылмаса да, соған жете-қабыл дүниелерді пайымдауға болады. «Фирдоуси мен Науаидың дастандарын, қожа Хафиз бен Бедилдің, Хилоли мен Камал Ходжедидің бәйіттерін жатағанда, сыршыл ақындардан тонның ішкі бауындай етенелік тапқанын бертінде ғана байқады». Немесе «осындай күйде ол ақтық күнін ишара еткен ғұлама шайырларды еске алады. Өлерін қырық күн бұрын болжаған Омар Һаям басы жұмыр пенденің ең аяулысындай әсер етеді».

«Абай жолында» да қолда­нылатын атақты сөз бар еді ғой. «Аспанда ұшсам қанатым талады, жерге қонсам Жалайыр Шора алады» деген. Ақан да соншалық құстың тілін, желдің сырын аңғара білгенін осы шағын әңгімеден-ақ байыптай алады көкірегі ояулар. Басқа да небір ғаламаттарға қанықтырады. Қазақ ұлтының тұрмыс-салтына байланысты небір ғаламаттар жыртылып-айырылып жатады әр бетінде.

«Көп ұзамай Ақан зеңгір көкте шалықтап ұшып жүрген қаршығаны көрді. «Япырмай, тым шырқау көтерілгеніне қарағанда, мынау тұйғын болмаса игі еді» дегенінен Ақан тұйғыннан гөрі қаршығаны қалайтынын айту артық.

«Кәнігі құсбегінің жердегі дәрменсіздікке медеу етер бір нышаны – желдің тыйылғаны. Күн ұзаққа көп ұшқан қаршыға желсізде орынсыз желікпейді. Ақан бірдеңе білсе, бұл құс бүгін осы маңайда түнейді». Әңгімеде сыдыртып оқып өте шығуға болмайтын мұндай сөйлемдер жетіп артылады. Тура осы сөйлемге қатысты түсірілген тұтас киноны білеміз. «Желдің жаны қаршыға» аталатын. Орысша, әрине. Қаршыға жел тұрмаса ұша қоймайтыны айтылады онда.

Егде тартқан Ақан осы тұста атақты әнге айналған Көкжендетін еске алады. Ол туралы сөз арасында айтуға келмейді. Жасы келіп қалған серінің көңілі шаппай, өмір базарына араласудан қалған. «Шүңіректеу өткір көзімен күркенің ішін шолды. Көптен бері қол тимей қаңтарулы қаңсыған қара домбыра баяғы бір жылдарды еске салды» дейді. Қаңсып қараусыз қалған домбыра – серінің аттан түскенін әйгілейді. Тіпті өлімін күтіп жүргені меңзеледі. Ол екі арада бала кезінен осы шау тартқанға дейінгі шағы біраз әңгімеленеді. Басында төбесін айналып ұшып жоғалған қаршыға сөзге қосылады. Сөйте-сөйте өткен күндерді еске алып торығып жүрген сері көк қаршығаның зуылын екінші мәрте естігенде бәрін ұмытып, соңынан жөнелгені тіптен қызық. Жасы кеп, егде тартқан сері далақтап құстың соңынан жүгіріп кеткенін елестетіп көріңіз.

Қаршығаның соңынан жаяу түскен Ақан құстың қонақтағанын көрген соң, оны қолға түсіру үшін көрші ауылдағы Тінә болыстікіне жаяу тартып, түн ішінде жетеді. Ондағы ойы – асыранды қаз алу. Болыстың үйінде барын біледі. Түн ішінде қаз сұрап барған Ақанды олар түсіне ме, шынымен алжасқанға балайды. Бүйірден Шорақазы атты Ақанның әндерін шырқап жүрген әнші қосылады әңгімеге. Әйтеуір асыранды қаз алып, Шорақазының атына мінгесе жүріп, ертеңіне таң ата көк қаршығаны торға түсірген сері қыранмен қоса түлеп, дүр сілкінеді. Баяғы сері күніне оралғандай қаншама қызық көріп, ауылдас­тары мен Тінә болыстың айналасын да қаз бен қоянға бөктіреді. Сөйтіп жүргенде Тінә болыс ауы­лына ояз келетінін айтып, келіп құсбегілігін көрсетсін немесе қаршығасының майын беруін өтініп, інісі Қанапияны шаптырады. Ақан қартайғанда көрген қызығын бергісі келмейді, ояз бен болысқа барғысы да келмейді. Талай жандаралды көрген, елдің ықыласына бөленген сері қартайғанда ұлыққа қызмет етіп не опа таппақ? Сөйтіп отырғанда бір-ақ түнде қаршығасын ұрлап кетеді. Тінәдан екенін сезіп, базыналық еткенін біледі. Оның үстіне күркесінде қалып қойған Қанапияның тақиясынан таниды. Араға үш күн салып, Тінәнің үйіне барса, түнде боран болып, от көп жағылып, иіс тиіп өліп жатқан қаршығасын көреді. Ақан «қанын ішіне тартып, сазарып ұзақ тұрды» дейді. Тінә: «Базыналық жасап едім, Құдай қос көрмеді», деп ақталып жатқанда сері:

«Менің кепемде қылауға шалдықпаған қаршыға сенің ақ ордаңда түтінге қақалып өлгені жанға батады. Құйттай құсқа пана тауып бермеген сендерден не үміт, не қайыр?!»

Келмеске кеткен көк қаршы­ғаның екі тал қауырсыны: «Төре­лер-ау, обалым сендерге!» – дегендей, Ақан серінің төс қалтасынан үлбіреп шығып тұрды» дейді автор. Бұл жерде көп емеурін тұр. Өлген құс қана емес, Ақанның қаршығамен қоса түлеген еркіндік сүйген жаны еді. Ал Ақанның жаны елдің ар-намысы мен қадір-қасиеті емей не? Ақыры түтінге тұншықтырып өлтірді... Абайша айтқанда, «көк тұман алдыңдағы келер заман...»