Бүгінде елімізде құрылыс саласы қарқынды дамып келеді дегенмізбен, импортты алмастыратын өндіріс саласын дамыту өзекті мәселелердің қатарында қалып отыр. Осы орайда ғалымдар сүйіншілеген жаңа өнім бәсекеге қабілеттілігімен қатар нарықта қолжетімділігімен де тиімді болмақ.
Бұл нәтижеге ҚазҰУ Органикалық заттар, табиғи қосылыстар мен полимерлер химиясы және технологиясы кафедрасының меңгерушісі Ғалия Ирмухаметова, PhD Лаура Ағыбаева және химия ғылымдарының кандидаты Райхан Рахметуллаева бірнеше жылдық ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде қол жеткізіп отыр. «Жетілдірілген сипаттамалары бар еріткішсіз акрилатты бояулардың тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісін құру» коммерциализацияландыру жобасы коррозиялық белсенділігі жоғары, нарықтағы құны төмен, реагенттері аз, қалыпты температураны қолдана отырып жасалған экологиялық қауіпсіз акрилатты лак-бояу материалдар технологиясын қамтиды.
Ғылыми өндірістік жұмыстар нәтижесінде алынған өнімді ғалымдар «Warda Star» ЖШС директоры Эль-Сайд Негим мырзамен бірлесіп, өндірісте сынақтан өткізген. Қазіргі кезде «Ғылым қоры» АҚ және «Warda Star» серіктесі қаржыландыратын жоба үлкен нарыққа бағыт алды. Жоба жетекшісі PhD Лаура Ағыбаеваның айтуынша, экологиялық жаңа өнім отандық нарыққа тиімділігі жоғары лакты-бояу материалдарын енгізуге мүмкіндік береді.
Өндірісте акрилатты бояудың екі маркасы шығады. «Base coat WS NG 302» негізінен еден жабыны тамақ, өндіріс, химия, тау-кен, машина жасау және бастапқы өнеркәсіпте (сүт зауыттары, ет өңдеу, өңдеу кәсіпорындары және т.б.) кеңінен қолданылса, концентрацияланған акрилді праймер – «Primer WS NG 102» жабындылардың адгезиясын жақсартады және бетон беттерін сырлауда қолданылады. Дақтардың алдын алып, металл беттерін тотығудан қорғайды. Оны паркингтер, сауда орталықтары, өнеркәсіп кәсіпорындары, басқа да нысандарда қолданған тиімді. Экобояу өндірісі уақыт үнемдей отырып, 45 минут ішінде төмен температурада дайын өнім алуымен ерекшеленеді. Механикалық беріктігі жоғары, судың, химиялық реагенттердің әсеріне төзімді келетін бояулар 7-10 жылға дейін түсін бермейді. Жылдың қыс, жаз айларында да қолдана беруге болады.
– Бүгінде құрылыс нарығы отандық өнімдерге зәру. Осы орайда бұл өндіріс инновациялық бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын өнімдер өндірісін дамыта отырып, шығындарды азайтумен қатар заманауи өнімдер ауқымын ұлғайтуды көздейді. Бұл мәселелерді уақтылы шешу үшін жоғары технологиялық кәсіпорындар құру қажеттігі туындап отыр. Бүгінде лакты-бояу материалдары Еуропа, Түркия және БАӘ елдерінен импортталатын өнеркәсіптік мақсаттағы эпоксидті және полиуретанды бояулармен байланысты. Қазақстанның өнеркәсіптік лакты-бояу материалдары нарығы үлкен әлеуетке ие болғанымен, мұнда отандық өнімдер жоқтың қасы. Қазақстандық өндірушілер негізінен сәндік-қасбеттік лак-бояу материалдары тобына жататын органикалық сұйылтылатын және су дисперсиялық лакты-бояу материалдарын шығарады. Ғалымдар әзірлеген жаңа өнімдер Қазақстан нарығында бәсекелестікті арттырып қана қоймай, Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа, сондай ақ өзге де шетелдерге экспорттауға мүмкіндік береді, – дейді Лаура Ағыбаева.
Акрил композициялық бояу материалдарының негізгі артықшылығы – тез қалыпқа келеді әрі дайын өнімнің физикалық және механикалық қасиеті өзгермейді. Акрил бояуын шығаратын кәсіпорынды іске қосып әрі ғалымдар отандық өндірушіге қолдау көрсете отырып, отандық тұтынушыларға жаңа, тиімді өнім ұсынады. Нарықтағы бағасы 15-20 пайызға төмен жаңа өнім импортты алмастырып, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Осы жобада көзделген жұмыстар жалғасын таба беретін болса, оның экономикалық, экологиялық және әлеуметтік салада тиімділігі жоғары болмақ.
Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, акрил бояуы өндірісін дамыту еліміздегі өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс кешенін сапалы отандық материалмен қамтамасыз етумен қатар құрылыс, химия өнеркәсібі сияқты салалардың дамуына ықпал етеді.
АЛМАТЫ