2022 жыл кім-кімге де оңай тиген жоқ, бірақ қыспақтың да қайыры бар. Нарықтағы ең ірі банктер саналатын – ресейлік еншілес қаржы институттарының басынан бақ таюы – олардан депозиттің «қашуына» әкеліп соқты. Тиісінше, салымшылар өз қаражатын бірқатар қазақстандық банк шотына ауыстырып, біраз банк соның арқасында күйлі, қуатты болып қалды. Ресейлік банктер нарықтан ығыса бастаған кезде туындаған дүрбелең тез басылып, сектор қатысушылары лезде өз арнасына түсіп үлгерді.
Былтырдан бері банктердегі депозит портфелі біршама кеңейген. Нақтылағанда, 2022 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 21,5 пайызға өсіп, 31,6 трлн теңгеге жетті. Клиенттердің сегменттері тұрғысында заңды тұлғалардың депозиті 16,7 пайызға өсіп, 14,7 трлн теңгеге, жеке тұлғалардың депозиттері 26 пайызға өсіп, 16,9 трлн теңгеге толыққан.
Елдегі ең ірі банктер арасында депозиттердің жылдық өсімінің абсолютті көшбасшысы – «Bank RBK»: бірден 78,2 пайызға көбейген. Портфеліндегі салым көлемі – 1,35 трлн теңге. Қаржы институты корпоративтік сегментте де (2,2 есе өсіп, 887 млрд теңгеге жетті), бөлшек сегментте де (33,1 пайызға көбейіп, 462,4 млрд теңгеге жетті) айтарлықтай өсім көрсетті. Бұл банкте бизнес пен жеке тұлғаға арналған көптеген өнім бар. Жеке тұлғаларға арналған мөлшерлемесі жоғары депозитті, соның ішінде «Safe» жинақтау депозитін (ЖТСМ – орналастыру мерзіміне байланысты 16%-ға дейін) атап өтуге болады.
Жылдық өсімі бойынша екінші орында «Еуразиялық банк»: 68,8 пайызға көбейіп, 1,88 трлн теңгеге жетті. Заңды тұлғалар сегментінде қаржы институтындағы депозит бір жылда 61,8 пайызға артса, жеке тұлғалар сегментінде 78,1 пайызға өскен. Үздік үштікті «Kaspi Bank» жабады: салымы 47,9 пайызға көбейіп, 4,18 трлн теңгені құраған. Мұндағы бизнес депозиті бір жылда 91,7 пайызға, жеке тұлғалар депозиті 43,6 пайызға өскен.
Депозит қабылдаушы банктер ішіндегі көрсеткіші тым төмендеп кеткен жалғыз банк – байырғы «Сбер», қазіргі «Bereke Bank». Онда депозит көлемі бір жылда бірден 59,5 пайызға төмендеп, 1,06 трлн теңге болып қалған. Рейтингке «Банк ЦентрКредит» енгізілмеген. Өйткені оның өсу көрсеткіштері басқа екінші деңгейлі банктерді («Eco Center Bank», бұрынғы «ресейлік» «Альфа-Банк») сатып алу арқылы қамтамасыз етілген дейді «Ranking» сарапшылары.
Қазіргі уақытта «Halyk Bank»-те – 10,34 трлн, «Отбасы банкте» – 2,30 трлн, «Forte Bank»-те – 2,05 трлн, «Сити Банк Қазақстанда» – 1,04 трлн, «Jusan Bank»-те – 1,49 трлн теңге көлемінде салым бар. Жалпы алғанда, екінші деңгейлі 21 банктің 15-і өсім көрсетті. Жинақталған депозит көлемі – 31,60 трлн теңге. Соның 28,90 трлн-ы ТОП-10 қатарына кіретін банктерге тиесілі. Салымдар 2012 жылдан бері 4 есе өсім көрсеткен. Атап айтқанда, екінші деңгейлі банктерде 2012 жылы жалпы жиынтығы 8,5 трлн теңге болса, 2013 жылы – 9,8 трлн, 2014 жылы – 11,4 трлн, 2015 жылы – 15,6 трлн, 2016 жылы – 17,3 трлн, 2017 жылы – 16,7 трлн, 2018 жылы – 17,0 трлн, 2019 жылы – 18,0 трлн, 2020 жылы – 21,6 трлн, 2021 жылы – 26,0 трлн, ал 2022 жылы 31,6 трлн теңге болды.
Қалған 6 банкте көрсеткіш төмендеген. Салымы азайған қаржы институттары қатарында ресейлік еншілес банк – «Банк ВТБ» (Қазақстан) бар. Ондағы депозит көлемі бірден 86,4 пайызға төмендеген. Сондай-ақ Қытай банктері – Қытайдың Сауда өнеркәсіп банкіндегі салым көлемі – 22,2 пайызға, Қазақстандағы Қытай банкіндегі салым көлемі 13,1 пайызға азайған. Бұл қатарда депозитінің 20,9 пайызынан айырылған БАӘ-нің еншілес ұйымы – «Al Hilal» Ислам Банкі де бар. Көрсеткіші төмендеген жалғыз қазақстандық банк – «Нұрбанк». Бір жылда 2 пайызға төмендеген.