Арам өлген малдың етін сатып жіберуге тырысатын жылпостардың көп екенін өмірде көріп жүрміз. Ал мұндай еттің бойындағы зиянды вирус қайнатқанда өлмей, тұтынған адамның бойына тарап, түрлі ауруды қоздыруы мүмкін екені сөзсіз. Сондықтан базарға сатуға әкелінетін малдың тұтас етін арнаулы зертханада тексеріп, білікті сарап арқылы оның тұтынған халықтың денсаулығына залалы жоқтығын анықтау да – маңызды міндет. Бұл да – ветеринарлық саланы жетілдірудің бір саласы.
Бір кезде «эпизоотия – экономикалық қана емес, әлеуметтік және саяси да жау» деген ұран көтерілген еді. Эпизоотия дегенің – жануарлардың бір немесе көп түрінің ортақ инфекциялық ауруларға ұшырауы. Ондай кеселдер бір аумақтарда тіркеледі. Халық арасында оны эпидемия деп атайды. Осындайға ұшыраған малдың етін халық тұтынатын болса, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Осының өзі базарға сатуға әкелінетін малдың, құстың барлық еті, өсімдік тектес азық-түліктер зертханада мұқият тексеріліп, арнайы сарап арқылы зиянсыздығы анықталған соң ғана сатуға рұқсат етілетін белгі соғылады.
Петропавл қаласындағы бес базардың ветеринарлық-санитарлық зертханалары Талшын Тұрлыбекова мен оның қызы Гүлнәр басқаратын «Моноцит» ЖШС-ға қарайды. 20 шақты адамға жұмыс беріп отырған бұл ұйым 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында ұйымның зертханалары тексеріп, сатуға келісім берген ет, өсімдік өнімдерінен ешқашан ауру белгісі табылып, адамдарға зиян келтірді деген арыз-шағым болған емес. Осының өзі үлкен жетістік, жұмыс сапасының жоғары екенін көрсетеді. Соның айғағындай бұл ұжым Ұлттық рейтинг орталығының 2015 жылы «Сала көшбасшысы» сертификатын, 2016 жылы «Экономика мақтанышы» төсбелгісін, мерейтойлық медальдар, төсбелгілер, Құрмет грамоталарын жиі алып жүр. Бұлар ұжымның еңбек сапасының көрсеткіштері екені даусыз.
– Бізге осы бизнесті бастау оңайға түскен жоқ. Қымбат әрі күрделі құрал-жабдықтар алу үшін несие алуға тура келді. Ұжымға білікті, жоғары білімді ветеринар дәрігерлерді іздеп таптық. Қазір тек олардың саны 16-ға жетіп, берік ұжым қалыптастырдық. Әрине, мәселелер де жоқ емес. Зертханаларға орынды базарлардан жалға аламыз. Замана талабымен жалдау ақысы құбылып тұрады, бірақ ортақ тіл табудың нәтижесінде олармен келісімге келеміз, – дейді Т.Тұрлыбекова.
Зертхананың жұмысын жергілікті билік тарапынан аумақтық ветеринарлық қызметтің инспекторлары тұрақты бақылап отырады. Зертханалар бекітілген нормативтік құжаттардың талабы негізінде жұмыс істейді. Нормативтік құжатқа сәйкес малдың тұтас етінен 200 грамдық сынамалар бас, жүрек, бауыр сияқты үш жерден алынып, зертханада сарапқа салынады. Жоғары сапалы құрал-жабдықтар арқылы алынған сынамалар ең көп дегенде жарты сағатта сараптан өтеді. Осыдан кейін ғана аурудың белгісі жоқ еттерге сатуға рұқсат беретін белгі салынады.
Т.Тұрлыбекованың өзі Ресейде туып-өсіп, Ростов қаласының ветеринарлық институтын бітірген. Еңбек жолын жолдамамен барған Омбы облысында бастаған. Одан 70-жылдары Қазақстанға келіп, алдымен Булаев қаласындағы ветеринарлық стансаға орналасып, кешікпей оның басшылығына тағайындалып, сол жерде 20 жылдан артық қызмет істейді. Кейін облыстық сарап зертханасына ауысады. Мемлекет зертханалық сараптау жұмысын жекеменшік нарыққа бергенде ашылған бірнеше зертхананы көріп, Талшын Хакімқызы да бұл істі қолға алған. Содан бері 17 жыл өте шығыпты. Қазір қызы Гүлнәр екеуі, жоғарыда айтқанымыздай, «Моноцит» ЖШС құрамында қаланың жаңадан ашылған 5 базарында сараптау зертханаларын ұстап отыр.
Ұжымның демеушілік қызметтері де көп. Қатарынан бірнеше жыл бойы облыстағы Балалар үйінің 25 адамдық 8-отбасына демеушілік жасап келген. «Мерекелерде балаларға сыйлықтар жасап, тәттілер апарып отырдық. Сол «отбасы» мүшелерімен әлі күнге байланысып тұрамыз. Осы отбасындағы бір талапты қыздың кітабын да шығарып бердік», дейді Гүлнәр Тұрлыбекова.
Бұл ұжымда ветеринарлық мамандықта оқитын Астана мен Петропавлдың студенттері де тәжірибеден өтеді. Білікті ветеринарлар жастарға өз тәжірибесін үйретеді. Ал Есіл ауданындағы ауылшаруашылығының жоғары колледжі «Моноциттің» дәрігерлерін өздеріне шақырып, кездесулер өткізіп тұрады. Міне, осындай шағын ұжымның да үлкен пайдасы халыққа тиіп отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы