Алматы ‒ цифрлық саладағы жаңашылдықтарды талқылап, үздік жетістіктер туралы айтатын еліміздің IT индустриялық орталығы. Мегаполис IT компаниялардың басым бөлігі орналасып, ақпараттық технологиялар саласының дамуына қолайлы инфрақұрылым қалыптасқан орта ретінде ерекшеленеді. Жуырда Digital Almaty цифрлық форумы «Жаңа болмыстағы цифрлық серіктестік» атауымен өткізіліп, инновациялық технологиялар индустриясын дамытудың заманауи жаһандық сын-қатерлерін сараптауға арналды. Оған ірі IT компаниялардың басшылары мен сандық технологиялар саласындағы халықаралық сарапшылар, отандық IT қоғамдастық өкілдері жиналды. Кең ауқымды панельдік сессияларда өнеркәсіп салаларының цифрландыруға үдемелі көшуі, цифрлық майнинг перспективалары, роботтандыру, Еуразиялық өңірде IT саласын дамыту мәселелері көтерілді. Пікірталасқа қатысушылар мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясын, криптобиржаларды дамыту перспективаларын, білім беру саласындағы киберқауіпсіздік пен технология мәселелерін ортаға салды. Панельдік сессиялар барысында форумға қатысушылар технопарктердің дамуын, корпоративтік инновациялар трендтерін, креативті индустрияларды, цифрлық нарықтардағы деректерді реттеу мәселелерін қозғады. Сондай-ақ форум аясында Индустрия 4.0 көрмесі, Astana Hub Battle, технологиялық марафон, стартаптар көрмесі және балалар роботтехникасы бойынша халықаралық чемпионат ұйымдастырылды. Digital Almaty Awards жеңімпаздары марапатталып, Tech Garden Awards кәсіпорындарын цифрлық дамыту конкурсының қорытындысы шығарылды.
Мерейтойлық форумда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин шаһарда үздік IT мамандарды жинайтын өңірлік хаб құруға болатынын атап өтті. Сала басшысы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы eGov мобильді қосымшасында қолжетімді екеніне, оны ай сайын 2,5 млн адам белсенді түрде пайдаланатынына, сот кеңсесіне кіруге немесе Отбасы банкінде ипотекалық несиеге құжаттарға қол қою үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны флэшкада алып жүруді қажет етпейтін QR қолтаңбасы жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Мобильді жүйедегі инновациялар барлық салаға қолжетімді, сондай-ақ eGov mobile-ге eOtinish, eDensaulyk сияқты қызметтер енгізілді.
Әлем асқан жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі уақытта цифрландыру барлық салада негізгі қозғалтқыштардың бірі болмақ. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев шаһардың Қазақстанның ең ірі мегаполисі ретінде цифрлық трансформациялар фарватерінде сенімді түрде алға жылжып келе жатқанын айтты. Алматыда цифрландырудың ену деңгейі ‒ Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қалада мемлекеттік қызметтердің 96%-ы цифрлық форматта жүргізіледі. Өткен жылдың шілдесінде Алматы алғаш рет Thoughtlab (Нью-Йорк) әлемдік жетекші зерттеу компаниясының нұсқасы бойынша цифрлық даму стратегияларының әзірлігі дәрежесі жөнінде Азия қалаларының алғашқы бестігіне кірді.
Бүгінде криптовалюта әлемнің кейбір елдерінде төлем құралы ретінде қолданылса, енді бір жерде актив ретінде пайдаланылады. 1 қаңтардан бастап елімізде цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, цифрлық майнинг қызметін дамытуға қатысты заң күшіне енді. Бұл цифрлық активтердің заңды нарығын қалыптастыруға, салаға шетелдік инвестицияларды тартуға және экономиканы дамытуға ықпалын тигізбек. Сондай-ақ қазақстандық блокчейн технологиялары саласында жұмыс істейтін компаниялар айтарлықтай қиындықтарға тап болған. Десе де мемлекет саланың даму үрдістеріне түсіністікпен қарап, соңғы кездері оң үрдістер байқалуда. Сарапшылар қауіпсіздік мәселелерін ескере және ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимылға жағдай жасай отырып, Қазақстанда криптовалюта айналымын енгізу қажет екеніне сенімді. Бұл ретте нарықта криптотрейдерлер мен алаяқтардың көбеюіне байланысты азаматтарды жан-жақты сауаттандыру өзекті болмақ.
Өнеркәсіпті цифрлы трансформациялау жайына зер салсақ, Индустрия 4.0 элементтеріне байланысты көрсетілетін мемлекеттік қолдау мен реттеу жолдары қарастырылуда. Өндіріс орындарында цифрлы жобаларды дамытып, енгізу кезінде туындайтын өзекті мәселелер талқыланған сессияда «Аллюр» компаниялар тобы, Tesla, Faceplate, CEO Geometry сынды ірі компаниялар өкілдері өнеркәсіпті заманауи тұрғыда ілгерілету жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті. Бұл тұста атап өтілгендей, цифрлы технологияларды өнеркәсіпке енгізетін кәсіпорындарды ынталандыруға байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тиісті заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізген, сондай-ақ IT шешімдерді әзірлеп, қолданатын өндіріс орындарының шамамен 60 млн теңгеге дейінгі сомада жұмсалатын шығындарының 40%-дан 50%-ға дейінгі көлемі өтелетін болады.
Digital Almaty бесінші форумы аясында «Атакент» қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығының аумағында ашылған цифрлық жобалардың халықаралық көрмесінде меймандарға eGOV Mobile, Smart Data Ukimet, Smart Industry Management Platform ірі жобалары, технопарктер, сондай-ақ бірқатар стартаптар таныстырылды.
ЕАЭО елдерінің ІТ нарықтарын дамытуға мультипликативтік әсер беру үшін сенімді платформа қажет. Бұл тұрғыда жергілікті және аймақтық деңгейде белсенді ойыншыға айналған Astana Hub технопаркінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға болады. Еліміз интеграцияны күшейтудің және жалпы Еуразиялық ауқымдағы жобаларды іске асырудың маңыздылығына басымдық береді. Бұл істің тұсаукесері ретінде Алматыдағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ірі цифрлық бастамаларды қалыптастыру және жүзеге асыру алаңы – Цифрлық құзыреттер орталығын құруды атауға болады. Сондай-ақ байланыстың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, трансшекаралық электрондық құжат айналымын, ЕАЭО елдерінің өзара сауда саласындағы электрондық іс-әрекетін дамыту мәселелеріне назар аударылды.
Ел Үкіметі жыл сайын еліміздің ЖІӨ-дегі жаңа технологиялардың үлесін ұлғайту үшін барлық қажетті шараларды іске асырып келеді. Олар негізінен цифрлық трансформациямен, ІТ саласына қолайлы жағдайлар жасау және адами капиталды дамытумен байланысты. Сонымен қатар «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қоры бүгінде Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары мен IT нарығын біріктіретін экожүйе құрып отыр. Жалпы Қор іске кіріскен жылдардан бастап Индустрия 4.0, геология, металлургия және басқа да салаларда құны 36 доллардан асатын 187 жобаны қаржыландырды.
Цифрландыру ‒ еліміздің барлық азаматтары үшін тең мүмкіндіктер мен әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі. Қазіргі уақытта еліміз FinTech және GovTech-жобаларын жүзеге асыруды қамтитын мемлекеттік басқарудың цифрлық трансформациясы бағытын ұстанып отыр. Үкімет мемлекеттік басқаруды цифрландырудың Invisible Government сапалы жаңа тұжырымдамасына көшуде. Онда мемлекеттік саясат адамның қажеттіліктері мен мүдделерін ескереді, бұл проактивті мемлекеттік қызметтерді енгізуге серпін береді. Ақпараттық технология бүгінде адам өмірін айтарлықтай жеңілдететін ұтымды үдеріске айналды. Сондықтан мемлекет экономика саласында немесе жалпы процестерде ғана емес, оған қоса азаматтар өмірінің барлық кезеңдерінде бизнес-процестерді цифрлық трансформациялау жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде.
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»