20 Маусым, 2014

«Ертеңіміздің кепілі»

615 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

ЕЛ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ

а39 келдибайКелдібай ЕСПАҒАМБЕТОВ, Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және келісім кеңесінің Ақтөбе облысы бойынша төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері: Төрткүл дүниеге егемендігімізді та­ныт­қан тұста, яғни тәуелсіз мемле­кеті­міздің тізгіні сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Назар­баев­тың қолы­на ти­гелі бері Қазақ­стан­­ның бағы жанып, әлеуметтік-эко­­­номикалық да­мудың даңғыл жолына түсті.  Бұл  –  ешқандай да асы­ра айтушылық емес, өмірде көрі­ніс тапқан шынайы шындық. Ал­дымен экономикамызды қолға алған Елбасы саясатының дұрыстығын қазір әлем мойындап отыр. Сондықтан да, алты құрлықтың аузын айға білеген саясаткерлері мен мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаевты құрметтейді, қадірлейді және Елбасы  ретінде бағалайды. Ел тізгінін ұстаған ердің мұндай бедел-биігінің жоғары болуы, менің пікірімше, Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігінен арна тартары сөзсіз. Осындай табыстың барлығы да оның алдағы кезеңді, болашақты болжай білетіндігінде деу орынды болмақ. Мұның негізі Мемлекет басшысының сындарлы сәттерден сүрінбей өтетін жол іздеп, барды бағалай біліп, халқын қадірлей біліп, елін елжірей құрметтеп, ауызбіршілік пен татулықты қадір тұтып, ұлттар тұтастығын қамтамасыз етуінде деп ұғынған жөн. Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы сессия­сында: «ХХІ ғасырдың бас­ты заңдылығы – татулық», деуінің өзі  ұрпақ санасына ұрандай  жатталып қалатын даналық сөз. Сол татулыққа,  бірлікке шақыр­ған оның бұдан 20 жыл бұрынғы Еура­зиялық экономикалық одақ құру туралы ой-пікірі бүгінгі күні іске асқанына тек қана қазақстандықтар емес, 170 миллион тұрғыны бар Беларусь, Ресей халықтарының бойларына да оңды ізденістер әкелгендігі белгілі. Осы елдердің мемлекет басшылары өз аузымен  бүкіл халықтарының атынан  осы идея үшін ризашылық сезімдерін білдіруі және Астана қаласында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа  қол қойылуы бұл ғасыр жаңалығы. Мен  –  Ақтөбе өңірінде әртүрлі салада 45 жылдай еңбек етіп келе жатқан жанмын. Ел экономикасымен қатар, облыстың да қол жеткен жетістіктері мен тыныс-тіршілігін жақсы білемін. Жаңа құрылатын Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде Қазақстанның мүмкіндіктері мен мүдделі істерінің жаңа қырлары ашылып, бәсекелестік деңгейі жоғарылайтынына сенімдімін. Қазақстанның бүгінгі күні 50 елдің қатарына енгені, алда озық 30 елдің қатарынан  көрінуге ұмтылып отырғаны Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында ашық та анық айтылды. Сондықтан әрбір қазақстандық  үлкен жауапкершілікті сезініп, іскерлікпен еңбек етуі тиіс. Жалпы, Елбасының сара саясатының арқасында егеменді елімізде айналдырған жиырма шақты жылда  ғасырда атқарылатын ауқымды істер тындырылды.  Қазақстанның көпұлтты халқы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының  арқасында бірлігі мен ынтымағын  паш етті, сонымен қа­тар,  Қазақстан ішкі және сыртқы саясат­та жүр­гізілетін  бағыт­тарды  қолдай отырып, экономикасы жетік дамыған 50 ел­дің қатарына әлде­қайда ерте еніп үлгерді. Біздің елі­міз  әлемдік қоғамдас­тық­тан лайықты  орнын тауып, сонымен бірге, көптеген халықаралық ұйымдардың толық құқылы мүшесі болды. Қазақстан қазіргі таңда ел танырлықтай дәрежеге жетті. «Қазақстан», «Астана», «Назарбаев» сияқты сөздерді ғаламшардың кез келген тұрғыны білетін болды. Қа­зақ­стан Республикасы экономи­ка­сының қарқынды дамуы, әлеуметтік саладағы күрт өзгерістері, қазақ­стан­дықтардың қысқа уақыт ішін­дегі тіршілік деңгейінің  жақ­саруы, бәрінен бұрын, Прези­дент­тің нағыз көшбасшыға тән қа­сиеттерінің арқасында мүмкін болды. Елорданы Сарыарқаның төріне қондырып, Астана қаласының бой көтеруінде де Елбасының  көрегендігі жатыр. Астана  бүгінгі күні арман қалаға айналды. Тәуелсіздіктің 22 жылдық кезең­інде Қазақстан қандай дәрежеге көтерілді, қандай жетістіктерге қол жеткізді дегенде бір ғана Астана қаласының атауы айшықты айғақ, тұжырымды дәлел, көрнекті көрсеткіш. Мен бұрынғы Целиноград қаласында кезінде үш мәрте болған едім. Есілдің бойына бытырай орналасқан сол қаланың  көзге түсер көрікті жері де Тыңгерлердің мәдениет үйі, «Турист» қонақүйі және басқа үш-төрт облыстық мекемелердің ғимараттары болатын. Қазір мүлдем басқа шаһарға айналды, сәулетті де көрікті, осы заманғы дамыған жаңа қала бой көтерді. Елбасы әр алуан дін өкілдерінің басын Астанада әлденеше рет қосты. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, оның саммитін ұйымдастырды. Енді халықаралық аса ауқымды шара  – ЭКСПО-2017 көрмесін өткіземіз. Осының барлығы елорданың даңқын асқақтата түсері сөзсіз. Осындай істердің бәрі ұрпаққа, келешекке жасалып жатқанын, қадірі мен қасиеті  ғасырдан ғасырға жететінін әрі  тәуелсіздікпен тамырлас шаруалар екенін көз көріп, көңіл сеніп отыр. Осындайда ертеңіміздің кепілі – Елбасы деп батыл айта аламыз. Мен Елбасымен бірнеше рет кездесіп, алдында үш рет сөз сөйледім. Сонда байқағаным, Нұр­сұлтан Әбішұлы сөйлеген адамның пікіріне айрықша құлақ түріп,  мән береді екен. Президенттік сайлау­ларда Президенттің сайлау штабында жұмыс істеген кезде халықтың Елбасына деген ынта-ықыласы жоғары екеніне көз жеткіздім. Соңында айтарым, Елбасымыздың дені сау бо­лып, халқын жаңа биік­терге бас­тай берсін, хал­қымыздың ауыз­бір­шілігі берік, тұтастығы түгел, алар асуы  биік болсын. Ақтөбе облысы.

 «Біздің ең бірінші тексерушіміз – халық»

IMG_1397Римма Салықова, «Алматы бояулары» ЖШС директоры: 

Бүгінгі таңда республи­камыздағыдай Жетісу жерінде де шағын және орта бизнес үшін көп мүмкіндік жасалып жатыр. Елбасы тексерулердің барлық түріне тосқауыл қойғаны мәлім. Бұл біздер – кәсіпкерлер үшін үлкен жаңалық болды. Өйткені, тексерулер біздің көп уақытымызды алатын. Ешқандай заң бұзушылық табылмаса да жүйкемізді тоздыратын еді. Енді бизнеспен айналысатын адамдардың саны көбейетіні сөзсіз. Өз кәсібін ашамын деген азаматтар үшін бұл жақсы жаңалық десек, артық айтқандық емес. Ал біреулер тексерулерсіз тауардың сапасы нашарлап кетеді деген ой айтуда. Мен бұл оймен келіспеймін. Біздің ең бірінші тексерушіміз – халық. Біз әрқашан елдің көңілінен шығатындай жұмыс істеуіміз керек. Ең бастысы – Елбасының көрегендігін көңіл түкпірінде түйіп, адал қызмет етуді перзенттік парыз санау қажет. Біле білсек, Мемлекет басшысының кәсіпкерлерді тексеруге қойған тосқауылы бизнесті өркендетіп, қарапайым халыққа көрсетіп отырған жанды көмегі әрі әр адамның болашаққа деген сенімін және жауапкершілігін тудырып, жаңа деңгейге көтереді. Бұл менің Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің І съезіне делегат болып қатысып, әріптестеріммен пікір алмасқаннан кейін түйгенім. Талдықорған.

 «Өнердің жанашыры»

IMG_6397[1]Бағдат СӘМЕДИНОВА, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері: Таза өнер жолы қашанда қиын. Қолдаушысыз, қорғаушысыз оны кәсіби деңгейде алып жүру әсте оңай емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел өмірінің басқа салалары сияқты мәдениет пен өнерге де ерекше көңіл бөлуі, өзге елдермен тең дәрежеде болуына қолынан келген қамқорлығын, қолдауын аямауы – мемлекетіміздің дамуының кепілі, жемісі. Оның үстіне Қазақстандағы өнер адамдарының бағына шығар, Президентіміз өнерді бір адамдай түсінеді. Өйткені, өзі домбыра шертіп, ән салады. Халықтың әндері, ұлтының әуені, сазы бойында да, қанында да бар. Әсіресе, халық әндерін айтқанда өзіңді жаңылдырады. Кез келген әнді бастап кетсең, қосылып шырқай жөнеледі. Сонымен қоса, Елбасы өнер адамдарының еңбегін өз деңгейінде бағалау жағынан да қамқорлығын көрсетіп келеді. Оны өнер иелерінің біреуі ерте, біреуі кеш көріп те жатыр. Мұ­ның бәрі, түптеп келгенде, Мем­лекет басшысының өнерге деген жа­қындығы, өнерге деген сүйіс­пеншілігі, ұлағаттылығы. Әсіресе, Нұрсұлтан Әбіш­ұлының көрегендігі – шетелде тұрып жатқан қаншама өнер адамдарының талантын көріп, оларды елге әкеліп, жағдайын жасап, қамқорлық көрсетуінде, атақ-абыройын беріп, марапаттауында деп білемін. Мәселен, атақты опера әншісі Майра Мұха­медқызының бүгінгі қол жеткізген орасан жетістігі, Қазақ елінің Тәуелсіздігімен, оның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевпен өте тығыз байланысты. Қазір Майра әлемдік опера саласының майталмандарын мойындатып, биік сахналардан өнер көрсетуде. Қазақстандағы ең жоғары атақтың бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты. Сондай-ақ, биші қызы­мыз Шұғыла Сапарғалиқызы да хал­қымыздың мақтанышына айналып отыр. Моңғолиядан келген сол елдің халық әртісі, опера әншісі Қабылаш Әбікейұлы, т.б. дарындарды өз елінің қажетіне жарасын деп, ішке тартып, келген соң көмек қолын созды. Ал қаншама біздің өнерлі, талантты балаларымыз шетелде қай жанрда болсын, вокал бола ма, музыкалық аспаптарда ойнайтын жастар бола ма, білімін жалғастыруға мүмкіндік туғызды. Солардың нәтижесін көріп те жүрміз. Соның бәрі еліміздің, оны басқарып отырған Елбасының ұстанған саясатының, бастаған, қолға алған ісінің оңынан келіп, алған бағытының дұрыстығы деп білеміз. Тек өнер адамдары ғана емес, Қазақстанда тұратын кез келген ұлт өкілі, қарапайым халық Елбасының жарғақ құлағы жастыққа тимей елі үшін жасаған еңбегін бағалайды. Әсіресе, елдің тыныштығы, ұлттар мен ұлыстардың татулығы оңай­лықпен келмейді. Болма­са кейбір басқа елдердегі сияқты келеңсіз жағдайларды, қиыншы­лықтарды көріп, тәубемізге келіп, елдегі мамыражай ахуалды сақтап отырған Елбасының сарабдал саясатына, даналығына риза болмасқа шараң жоқ. Ромен Ролланның айтқаны бар екен: «Нағыз ұлылар – жүрегі барша жұрт үшін соғатындар», деген. Міне, бүтіндей бір халықтың қамын ойлап, жүрегі барша халық үшін соғатын Елбасымыз бар. Ол – Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы.

 «Еңбегім ел ішімен етене»

1 (2)-1Ермек КЕНЖЕХАНҰЛЫ, Ақтоғай ауданы әкімі аппаратының басшысы: Елбасының мемлекетіміздің келешегін нығайтушы жастардың білікті білім көтеріп,тәжірибе толықтырып, халықаралық талап-талғам деңгейінде қалтқысыз қызмет көрсету үлгісін көрсетуіне барлық жағдайды жасап отыруы бәрімізге мәлім. Мұндайлық қамқорлық шапағатына бөленген азаматтардың бірі екенімді мерей тұтамын. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен көптеген замандастарымдай шетелдердің таңдаулы жоғары оқу орындарына «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім тереңдетуіме мүмкіндік туғанына ризалығым шексіз. Осыдан он жыл бұрын мектеп бітірген бетте Ұлыбританияның Рединг университетінде оқуға бағым жанған болатын. Ауыл шаруашылығын басқару мамандығын меңгердім. Одан соң аталған оқу ордасының инвестицияларды басқару магистратурасында болашақ кәсібімнің қыр-сырына қанығуды жалғастырдым. Осы жылдарда тек алдағы мақсатқа жету жолынан басқадай қиындықтар көргенім жоқ. Мемлекет басшысының Қазақстанның өсіп-өркендеуін берік қолға ұстар, мынадай бәсекелі заманда іс тетігін үйірер ізденімпаз, талапшыл жаңа буын қатарын ұлғайтуға деген тілекті түсініп, сенімнен шығуға тырыстым. Жас адамның талпынысқа таудай талабы болып тұрған шақта ой-ниетін іске асыруға аянбайтыны аян ғой. Мен де еркім бар, жағдайым кең уақытта оқып қалуды жөн көрдім. Соған орай, Оңтүстік Кореяның Суван қаласындағы Аджу университетінде халықаралық бизнес бойынша қосымша мамандық алып шықтым. Мұның бәрін неге айтып отырмын десем, Елбасының көмек-қолдауы арқасында дамудың басты өзегі, тірегі болуға ұмтылушы жаңа тұрпаттағы мамандар мұратына жол ашық екеніне көзім жеткендіктен шынайы көңіл ризалығымды білдіруім рас. Бұл алған білім «Қазагро» ұлттық басқару» холдингі және «Инвестицияларды басқару компаниясы «Арқа» АҚ-та өз қабілетімді ашуға мүмкіндік берді. Алайда, шыны керек, оны ауылдық жерде таныту ойы мазалап, ақыры аймақтағы ең шалғай аймақ – Ақтоғай ауданында еңбек жалғастыруға бет бұрдым. Ауыл шаруашылығына арқа сүйеген осы өңірдегі өзгерістерді үйлестіріп, жылдамдатуға өзіндік үлес қосуым – мерейлі мақсатым. Егін егу, мал өсірумен бірге, әсіресе, туризмді қалыптастыруға сұранып тұрған өлке. Сондықтан, бұл бағытта іс-жоспарлар аз емес. Ауылдық аймақтың қазір түрленуге ерекше бет бұрған кезі. Соны ұшқындатар жаңаша ізденістегі мамандар қажет-ақ екені сезіледі. Осындайлық талапқа баулынған «Болашақ» бағдарламасының түлектері ортамыздан көбірек табылса деймін. Елбасымыздың тапсырмасымен тілектестеріміздің ел ішінде еңбек етуіне барлық жағдайдың жасалып жатуы ерен еңбекке тартары анық. Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы.