Тарих • 17 Ақпан, 2023

Ашаның алты салы

611 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бірде Кенен Әзірбаев Жамбылдың өнер ортасын, ақындық айналасын әңгімелеп отырып:

Ашаның алты салы

– Шіркін-ай, Шу мен Талас атырабы аңыз бен жырдың тұнып тұрған өлкесі еді-ау. «Түйе аунаған жерде жүк қалады, ат аунаған жерде түк қалады» деген емес пе, кезінде Майкөт жорға ашқан, Сүйінбай, Бақтыбай, Құлмамбет, Жамбылдар талай аралаған өлкенің жыр қоймасын ақтарып көрер ме еді? Әншінің бәрі Арқадан шыққандай, күйшінің бәрі Батыстан шыққандай көреміз, бұл өңірдің мұраларын неге зерттемейсіңдер» дегені бар еді. Мен Кенекеңнің жанында он бір жыл жүрдім, туған баласындай, інісіндей болдым. Құрдасындай қалжыңдасып та қоюшы еді. Ол кісінің аузынан небір жырларды, аңыздарды жазып алдым. Сырын ұқтым.

Кенекеңнің айтуымен алпысыншы жылдардың ортасында Шу, Талас өлкелері ақындарының мұрасын жаяу жүріп жинадым. Ашаның алты са­лының, Өзбек, Орақбай, Қуандық, Төреқожа, Құдайберген, Жаңылдық ақындардың мұраларын жазып алып, кейбірін «Асыл арналар» (1986) деген кітабымда жария­лаған едім.

Өкініштісі, қазір Біржанды, Мұ­хитты, Кененді білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Олардың әндерін айтады, күйлерін тартады, бірақ өздері жайын­да жөнді ештеңе білмейді. Сол кемші­ліктің орнын толтыру мақсатында мен соңғы оншақты жылдан бері қазақ өнерінің шағын антологиясын шығарып келемін. Бүгінде антологияның оннан астам томы жарыққа шықты.

Таяуда Шу өңіріне атақты қобызшы, шәкіртім Әлқуат Қазақбаевтың жетек­шілігімен тағы да экспедиция жібердім. Қобызшы Әлқуат Қазақбаев Шу өңі­рінің перзенті. Қобыз қонады, домбыра дариды дегендей, Әлқуатқа қобыз қонған. Менің шәкіртім. Ғылыми еңбек­тері де қуантарлықтай. «Қорқыт Атаның аңыздары мен күйлері» деген тақырыпта диссертация қорғап, кітабы қазақ және түрік тілдерінде жарыққа шықты. Қорқыт Атаның жиырмаға жуық күйін нотаға түсіріп жарыққа шығарды. Қазақ музыка мәдениеті мен ақындар туралы әңгімелерімді де жиырма жылдан аса оның құлағына құйып келемін. Туған топырағының ақын-жыраулары мен қазақ қобызшыларының өміріне қатысты архивтен тың деректер тауып жариялады. Бұл жолы да Әлқуат олжасыз оралған жоқ.

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қу­са игі» дейді халық даналығы. Атасы Қазақ­бай туралы да көп ізденді. Ел аралады, архивтерден шықпай, көнерген сары қағаздарға көп үңілді. Туған топырағынан шыққан ақындар туралы архив сөрелеріндегі шаң басқан, сандық түбінде ұмыт қалған қолжазбаларды тауып алып, құнды мұраларды бүгінге жеткізді. Соның бірі – атақты ақындар Сауытбек, Жидебай, Қазақбай, Балқы­бек, Әтібектердің ізін басқан Жомарт ақынның қолжазбасы.

Жомарт ақыннан жеткен бұл асыл қазыналарды ақынның туған немересі Миятхан Әлқуатқа аманаттапты. Әл­қуат бүгінде осы қолжазбаларды зерт­теп, ғылыми айналымға түсіру үшін еңбек етіп жатыр. Ақынның қолжаз­баларында әйгілі «Шахнаменің» же­лісімен жыр­ланған аталмыш қисса мен «Азат бақыт» дастаны кездеседі. «Төрт дәруіш» ертегісінің өлең тү­рін­­дегі көшірмесі, «Мың бір түн» қиссасы, «Молла Өз­бек­тің Керімбай датқаға жазған көңіл­намасы», «Бұқар жыраудың сөзі», Майлықожаның жарыққа шықпаған өлеңі, Бұқар жырау, Шортанбай, Әсеттің өмірбаяны мен өлеңдері де бар. Және қазақ ше­ші­ресінен тартып қаншама құнды дүниелер, Жомарттың өзінің әр жылдары жазған өлеңдері, 1927 жылғы Жомарт пен Қалмет ақынның жазба­ша хат айтысы сақталған. Тозығы жеткен дәптерлерде мол қазына жатыр. Қолжазбадағы «Шах Дарап, Үріс­тем, Аспандияр, Былқыс, Нахыт сұлу­дың қиссасы» – үлкен жаңалық. Бұл тұтас қазақ әдебиетіне қосқан үлкен олжа болмақ. Қолжазбадағы тағы бір құнды туындының бірі – Сүйін­бай мен Қатағанның айтысы. Бұл айтыс­тың зерттелу, хатқа түсу тарихы ақтаңгер ақын Ілияс Жансүгіровтен бас­тау алады. 1975 жылы жазылған Жо­март­тың қолжазбасында сөз додасының бұрын-соңды қазақ әдебиетіне беймәлім тұстары көп. От тілді Сүйінбай ақын қазақ руларын жырға қосып, мәртебесін асырып қана қоймай сол кездегі иісі Алашқа аты мәшһүр қазақтың игі-жақсыларын, батыр-бағландарын сөзіне тиек етеді. Бұл қатарда Құ­нанбай, Алшынбай, Тәттімбет, Шор­ман сияқты ел мен өнердің тізгінін ұстаған марғасқалар айтылады. Бұл қолжазбадағы айтыстың көлемі де, мазмұны мен ауқымы да кең болып айтыстың бізге белгісіз болып келген биігін көрсетеді. Шу өңірінен табылған Сүйінбай мен Қатағанның айтысы – қазақ айтысының баға жетпес үздік үлгісі.

Баға жетпес жәдігерлердің арасын­дағы «Шах Дарап, Үрістем, Аспандияр, Былқыс, Нахыт сұлудың қиссасы»  бір төбе. Қиссаға көшпес бұрын, оны жеткізген Жомарт ақынның өскен ақын­дық ортасын баяндап, оның ұстаз­дары мен ақын ағалары жайлы, яғни Ашаның алты салы туралы Кенен Әзірбаевтың өз аузынан естіген әңгіме­лерден бастайық.

Ашаның алты салы туралы алғаш рет Кенекеңнен естіп едім. Кенекең Ашаның алты салын бірде: Жидебай, Қайрақбай, Балқыбек, Сауытбек, Әлдибай, Бекқұлы десе, кейде Жиен­бай, Әтибек, Атабек, Қожантай, Дос­мырза, Көшкімбай, Бәйсімбек деп қосып айтып отыратын. Яғни Аша­ның алты салы дегендер үнемі ауысып отыратын. Алты салдың ең үлке­ні Жидебай. Ол 1858 жылы туған. Сауыт­бек 1870 жылы туған. Әтибек (Әтібек) бай болған кісі.

Кенекең маған атақты Өтеген батыр­дың шөбересі Тілемістің Жидебаймен кездескені туралы айтып берген еді. Ашаның алты салы атанған Жидебай, Қайрақбай, Балқыбек, Сауытбек, Әлдибай, Бекқұлы әрі ақын, әрі әнші, әрі күйші өңкей серілер еді деп ел осы күнге дейін аңыз қылады. Қасқараудан Тілеміс деген шешен шығыпты, өзі ешкімнен жеңілмейді деп естиді екен олар. Алты серінің ішінде Тіле­міске пар келсе, Жидебай келер деп, Дулаттың қариялары екеуін бір жиында кездестіруге құмар болады. Ақыры екеуі кездесіпті. Сөзді Жидебай бастайды:

– Мүйізді атаң (Өтеген батыр) «біз­дің ұрпақтан көзі көк, сөзі көп бір сары бала туады, кесір-қырсықты ала туады деген Тілеміс сен бе едің?» – депті. Сонда Тілеміс:

– Рас, мүйізді атам айтқан «көзі көк, сөзі көп бала туады, байлар мен билерден кек ала туады» деген баласы мен боламын. Ал мен екі түрлі Жидебай бар деп естимін: біреуі бай Жидебай, екіншісі төркінінен жүкті боп келген әйелден туған некесіз қу Жидебай, соның қайсысы боласың? – депті. Жұрт ду күледі. Сонда Жидебай:

– Ізіме шырақ алып жақсы-ақ түс­кен екенсің, таптың. Мен сол өзің айтқан соңғы Жидебай боламын, – деген екен.

Осылай Кенекең ағыла беретін. Аша­ның алты салы туралы Кенекеңнің маған айтқан аңыз-әңгімелері көп-ақ. Өкінішке қарай, Ашаның алты салын ешкім арнайы зерттеген жоқ. Сондықтан да Ашаның салы әрқалай аталып келе­ді. Кейде, тіпті оларға қатысы жоқ кісілер де аталады. Мәселен, Бекқұлы Мойын­құм жағында, Көкіректе би болыс болған адам. Өлең айтып, ән жазбаған кісі. Аша болысына қатысы жоқ адам.

Жиенбай Ашадан емес, Мойынқұм жақтағы Көкіректен шыққан ақын болса керек. Оны анықтау қажет. Жиенбай атақты Орақбаймен айтысып жеңілген. Байды, байлықты мақтаған Жиенбайға Орақбай:

 

«Бай да өтер, батыр да өтер,

кедей де өтер,

Жиенбай, елермегін босқа бекер.

Байлық деген ойласаң қолдың кірі,

Одан да көпшіліктің туын көтер.

 

Сен өзің түбін ойла, болмағын мәз,

Кедей көп, үркердей-ақ байларың аз.

Көп біріксе құдірет күш болады,

Олай болса, Жиенбай, көріңді қаз», – деген екен.

Кенен 1921 жылы Алматы уездік рев­комың тапсырмасымен, жанына уезд ревкомы председателінің орынбаса­ры И.Шпегальскийді ертіп, Ысты елі­нен армияға үш жүз түйе жинау үшін Балқашқа келеді. Осында Ләтипа атты ақын келіншекпен айтысады. Жеті­су елінің салты бойынша екеу-екеу қосы­лып айтысатын болған.

Кенекеңнің айтуымен алпысыншы жылдардың ортасында Шу, Талас өлкелері ақындарының мұрасын жаяу жүріп жинадым. Ашаның алты са­лының, Өзбек, Орақбай, Қуандық, Төреқожа, Құдайберген, Жаңылдық ақындардың мұраларын жазып алып, кейбірін «Асыл арналар» (1986) деген кітабымда жария­лаған едім

Барған жерде ыңғайлы ешкім бол­маған соң Кененге қасындағы бірге іле­сіп келген серігі Иван Шпагельский қосы­лады. Сөзді Кенен бастайды:

 

«Мен едім Кенен ақын Қордайдағы,

Төгейін өлеңімді таңдайдағы.

Ләтипа, дауысыңды естіп келдім.

Жатсаң да төмен

Балқаш шалғайдағы.

Өзіңдей өнерпазды көргенімде

Қайнайды зығырданым

қай-қайдағы».

Ләтипа айтыста әбден ысылған ақын, сондықтан бұл сөзден сескене қой­май­ды, шу дегенде-ақ өзінің сөзге ұстат­пайтын жүйрік екенін танытады.

 

«Сен бе едің Қордайдағы

Кенен деген,

Ойда жоқ түлен түртіп келер деген.

Ашадан Сауытбек пен Жидебай кеп

Айтысып менен көңілі төмендеген.

Қайрақбай, Әлдибай мен

Көшкімбай кеп,

 Бәйсімбекпен алты ақын

шөмеңдеген»,

– дейді. Осы сөзіне қарағанда, Ләтипа Жидебай, Сауытбектей саңлақтарды да жеңген сияқты.

Жалпы, алты сал ақын, палуан, ше­шен­дер халық санасына сіңген сал-серілердің көрнекті өкілдері болған­дықтан жиын-тойға кезек-кезек ауысып бара берген. Оның үстіне Ашадан Кенекеңе барғанда алтаудың арасына ел ішіндегі саудегерлер де, байлар да ілесіп жүрген.

Шудағы Мұрат молда секілді кей­бір ақындардың бірең-сараны болмаса, Ашаның алты салы дейтіндердің ішіндегі Әлдибай, Көшкімбайлардың ақын емес, базардағы делдалдар екенін жұртшылық біле бермейді. Сауытбектің үйіне 1924 (27) жылы (мамыр-қазан айлары) барған Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы, Алғабас колхозының тұрғыны, халық ақыны Бел­гібай Бектұрғановтың Ғылым академиясына тапсырған қолжаз­-
басында:

 

«Шу елі сазға түскен барғанымда,

Майдан саз Шу өзеннің аңғарына.

Әлдибай, Саурамбай да қой делдалы,

Шудағы, Тройцке базарына.

Сәнбүбі, Көшкімбайдың әйелі бар,

Тамсанып таңырқандым ажарына»,

– деген жолдар бар.

Әлдибай, Көшкімбай, Сауранбай деген саудагерлер Шудағы мал базарында қой делдалдары болған екен. Бұлардың ешқайсысы ақын емес.

Кенен мен Ләтипаның айтысында алты ақынның есімі қайта-қайта өзге­ріп тұрады. Ғалым Н.Төреқұловта Кене­кең мен Ләтипаның айтысындағы Көш­кімбай мен Бәйсімбектің орнында Бал­қыбек пен Досмырза аталады. «Көктерек ауданында» деген өлеңінде Кенекең:

 

«Балқыбек, Сауытбек

пен Қылышбайдан,

Жидебай, Бармақ ақын,

Қожантайдан.

Айтысып әзілдесіп қағысатын,

Ортасында Ләтипа туған айдан»,

– деп, алты салдың есімдерін аяқ асты өзгертіп отыратын.

Балқыбек деген ақын болған. Бал­қыбек Тәжіұлының (1856-1919) туып өскен өлкесі қазіргі Жамбыл облысы, Тұ­рар Рысқұлов ауданындағы Ақыр­төбе жағы. Ел ішінде Бапан атанған. Ал Қылышбай мен Бармақ ақын Сауыт­бектермен үнемі бірге жүрмеген. Олар өз бағыты, өз ортасы болған ақындар. Қожантай Мерке бойындағы Қоралас деген рудан шыққан.

Қазақбайдың 1929-1931 жылдары айдауда жазған өлеңінде аталған Аша­ның салының бірі болған Балқыбек деген Сауытбек, Әтібек, Жидебай, Қа­зақ­байлардың жан жолдасы. Барлы­ғы бірнеше рет қамауда болған. Қазақ­байдың:

 

«Балқыбек, Бәзілқұл, ер Қалманбет

Шыққан жоқ ешқашан

жаман аты»,

деп жазған жолдары осының айғағы.

Сауытбекті зерттеуші, филология ғылымының докторы С.Исматованың келтірген дерегінде Қыдыр, Қалмұ­ханбет, Ережептер де Ашаның алты салы деп айтылады. Бұлар Сауытбек, Әтібек, Жидебайлардан жасы кіші ақындар, ізін басқан інілері. Ережеп ақын 1902 жылы туған. Сауытбектің атқосшысы, атын бағып жүретін болған. Қасынан бір елі қалмай соңынан еріп жүрген екен. Қазіргі «Қонаев» ауылы атанған 4-ауылдан, бұрынғы «Ленинск». Қыдыр болса ақын емес, би болған адам. Сөзге шебер шешен болған. «Новый путь» ауылының күнтуы. Бұл да жасы кіші, Ережептермен қатарлас. Қалмұханбет деген – Қалымбет Досекеұлы, ол да 1902 жылы туған, Күнтуден. Досеке қажының баласы. Бұлар Ашаның алты салына кірмейді. Қыдыр, Ережеп, Қалмет ақындар кезінде маған Шу өңірінен хат жолдаған қарт ақын Смайыл Қалипановтың замандастары, беріде өмір сүрген кісілер.

2014 жылы Алматыда жарық көрген «Қазыналы Оңтүстік» энцикло­пе­диясының 147-томында Сауытбек Ұсаұлының шығармалары қамтылған. Алғы сөзде: «Өнерімен халқының мәде­ни тарихын жасаған дарынды тұлғалар қазақ елінің түкпір-түкпірінде молынан кездеседі. Солардың бір тобы Шу өзені өңірінің өнерпаздары десек, «Ашаның алты салы» атанған (Сауыт­бек, Жидебай, Балқыбек, Жиенбай, Қайранбай, Өзбек) ақын, әнші сазгерлер болды» – деп өзгер­тілген. Мұндағы Өзбек ақын Аша­дан емес, Т.Рысқұлов ауданындағы Ақыр­төбеден. Оны Аша­ның алты салының қатарына қосудың қисыны жоқ.

Қайрақбайдың шын есімі Қазақбай деп мақалаларда да, радиодан да айтылып жүр. 2021 жылы Ашаның алты салы туралы, оның ішінде Қазақбай ақын туралы бірнеше мақалалар мен Қошан (Қосшығұл) Мұстафаұлының радиодан үш хабары жарыққа шықты. Онда белгілі ғалымдар профессор Жанғара Дәдебаев, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметтің айтуымен Сауыт­бекті ғылыми тұрғыда зерттеген Сәрсе­күл Исматова мен шежіреші Мұрат Әбді­рәшитұлы тың деректер келтірген. Мұнда барлығы дерлік Қазақбайды Ашаның алты салының бірі деп айтады.

Бұған бірнеше себеп бар. Қазақбай Ашада туған, сол өңірдің беделді кісісі болған адам. Есімі кеңес заманында аталуға қатаң тыйым салынып, жазған жыр жолдарын НКВД жойып отырған. Бұл қиянаттың 1922 жылдан кейін ұзақ жылдар бойы тоқтамағанын 1959 жылы «антисоветтік және антипартиялық үгіт жүргізген ірі бай-кулак» деп жа­зыл­ған архив құжаты дәлелдейді. Қазақ­байдың ағайындарының ішінен марқұм Тұрғымбай Мамырбайұлы ақсақал оның есімін айтуға болмайтынын, ақынның жақын інісі Төлеген Байкөбекұлы Қазақ­байдың өлеңдерін сыбырлап түні бойы жатқа айтатынын қазіргі ұрпақтары да аңыз ғып айтып отырады.

Қайрақбай деген ақын болған. Қалқа­мен айтысқан. Қалқа Жапсарбаев 1886 жылы Талдықорған облысы, Көксу ауданы, Мұқры ауылында, Жетісу өлкесі­нің келісті өңірінде дүниеге келеді. Бір­ді-екілі бай, манабы болмаса, екі түр­лі тоқ­пақтың астындағы, екі түрлі қа­нау­­дың тепкісіндегі қалың елдің әбден ыңыр­шағы айналып, қалжыраған кезі еді бұл. Киерге киім, ішерге тамақ тап­па­­ған Қалқа да дүниеге келе сол көп кедей­­дің кебін киеді. Оның балалық шағы байдың есігінде, малдың соңында өтеді. Жоқшылықтың тауқыметін әбден тарт­қан бала жүрегінен зар төгіп, қасірет шегеді.

Қалқаның жас кезінде бағын сына­ған, ақындығы сынға түскен күн – Қайрақбаймен айтысы. Қайрақбай – ескіше сауатты, молда ақын. Оқыған, тоқығаны көп ондай ақынмен сайысқа түсу жас талапкерге оңай болмаған. Десе де қиыннан қиыстырып, төтеден тура жол тапқан Қалқа:

 

«Молдаға әкем берген жоқ,

Молданың алдын көргем жоқ.

Құранның сөзін өлеңге,

Жалғастырып өргем жоқ.

Молда болып халықтан,

Үшір, зекет тергем жоқ», – деп Қай­рақ­байдың аузын аштырмайды, тіліне тұсау салып, өресін тарылтады, сөйтіп жеңіп шығады. Осы айтыстан кейін Қалқаның бағы да, жолы да ашылады.

(Соңы 34-нөмірде)

 

Мырзатай Жолдасбеков