Кеңес үкіметі осылайынша он жыл бойы Ашаның алты салының артынан түсіп аңдумен болады. 1929-1931 жылдары Голощекиннің «Кіші қазан» қиянаты кезеңі, тәркілеу мен колхоздастыру науқаны кезінде 1929 жылы ақындарды НКВД ұстатады
2015 жылы көктемге таман Әлқуат біздің үйге Шу өлкесінің шежірешісі, құймақұлақ ақын Мұрат Әбдірәшитұлын ертіп келді. Ол тек Сауытбек пен Қазақбайдың өлеңдерін ғана емес, Жетісу мен Оңтүстік ақындарының жырларын түгел жатқа біледі екен. Аман-саулықтан кейін шежіреші бірден жыр жолдарын оқуға кірісті:
«Аралтөбе басында бес үй отыр,
Айырылып Ақбөпеден несіне отыр?
Малым болса бір шатақ етер едім,
Қолымды кедейшілік кесіп отыр...»
Сауытбектің атақты «Ақбөпесін» толығымен айтып шықты. Құлағының ауырлығынан ба, дауыс қарқыны күшейіп, шежіреші арқаланып тағы бір төгілді:
«Құрметті елге сәлем Қазақбайдан,
Жатырмыз Алматыда,
аһ..ау-әй..мән!
Көз салған осы хатқа
қатар-құрбым,
Білерсің хабарымды біздің жайдан.
Сегіз ай болды, міне, жатқаныма,
Жайымды алыс-жақын
білсін қайдан?
Елестеп көз алдымнан
кетпей қойды,
Үйренген қайран
жұртым кішкентайдан»
– деп бір қайырып алып: «бұл Әлқуаттың атасының өлеңі. НКВД-ға ұстатқандар Шудағы Аша болысынан Қазақбай мен Шөңгербайды ұстасаңдар, қалғаны тырп етпейді деп, мұның атасын Ашадан ең бірінші ұстатып жіберген.
«Жолықтың әрекетке өзгеше боп,
Анасы қарамастай «құлынына».
Әуелі баршаңызға жолашар боп,
Кеңестің мен іліндім құрығына»,
– деген жолдар Қазақбайдың өз өлеңінде бар.
«Аман ба, қадірлі іні Жақсыбайым,
Бейнет көрдім елуге келгенімде.
Кейінгі бозбалаға ақылыңды айт,
Құдайдың шүкірлік қып бергеніне», – деп, өз інісі, шәкірті, ақын Жақсыбай Жантөбетовке ағалық кеңес берген» – деді де тоқтады. Жөн сұрасып, әңгіме құрдық.
Мен дереу Сауытбек Абдрахмановқа телефон шалып, мән-жайды айттым. Сауытбек көп ұзатпай 31 мамыр қуғын-сүргін күніне орай «Қазақбайдың қамаудағы хаттары» мен жаздың күні жоғарыда Мұрат молда айтқан Сауытбектің атақты «Ақбөпесінің» толық нұсқасын «Егемен Қазақстан» газетіне жариялады.
Мұрат молда: «Қайрақбай Мойынқұм жағында болған шығар. Палуан болуы мүмкін, білмедім оны. Жалпы, Қайрақбай туралы естігенім жоқ, білмеймін» деді. Демек Қайрақбай Аша бойынан емес. Қайрақбай ескіше сауатты, молда ақын. Қазақбайдың арабша хат танығанын, шариғатты жетік білгенін ескерсек, екеуінің бір адам екенін аңғаруға болады.
Мұрат молданың айтуынша: «Атабек деген бергі заманда Төреде, Жамбыл совхозында өмір сүрген. Ақын емес, атбегі болған. Мүмкін ертеректе Шымыр-Күнтудің ішінде Атабек деген басқа бір тәуір кісі болған да шығар, ол белгісіз». Ал Кенекең мен басқа да деректердегі Әтибек, Әтібек, Атабек немесе Бейсембек, Бәйсімбек, Бейсенбек және Жиенбай, Жиынбай, Жиымбай деп атағандарының барлығы бір кісінің есімдері екені айтпаса да түсінікті. Айтылуына, естілуіне, жазылуына байланысты өзгеріске ұшыраған. Ол заңдылық. Сол секілді Қайрақбай, Қайранбай, Қазақбай да бір адам.
Қазақбай өз заманында өте беделді, оқығаны көп, әділетті кісі болған екен. Салт-дәстүр мен ата жолына берік, Ашадағы дауларды Сауытбек пен Жидебаймен бірге шешетін болған. Профессор Темірбек Қожакеевтің «Қалыңдықтың қасіреті» деген деректі әңгімесінде: «Ендігі әңгіменің тек ақылдасу емес, арбасу болатынын сезген Өмірбек сөзімді сөйлесін, мият болсын деген ниетпен көрші ауылдағы әрі ақын, әрі беделді адамдар Ұсаұлы Сауытбекті, Ергөбекұлы Қазақбайды, Қаленұлы Жидебайды алдырды. Шай ішіліп, бас қосылып болған соң сөзді Байболат бастады:
– Өмірбек, «жар басына диірмен салсаң, жар құлар, аралға ұя салсаң, тасқын алар» деуші еді. Сені құлап түсер жар, тасқын таптап өтер табан деп білген жоқ ем! Айтысқан ант қайда, беріскен серт қайда? Терезесі тең, иық тіресер, сүйеніш болар құда таптым деп қуанғандығымның ақыры осы ма? – Байболат мұны егіліп отырып, езіліп отырып айтты. Өмірбек оған:
– Байеке, орынды өкпе, орынды наз айтып отырсыз. Сіздерді түсінем. Осының бәрін мен әдейі істесем, міне, Алланы аузыма алып айтайын, барым бұйырмасын, ішкен-жегенім һарам болсын. Сіздерді де, бізді де тасқа отырғызып кеткен – қу қызым. Мен одан мұны күткен жоқ едім, қайтейін! Сізбен құда бола алмай қалу, сенсеңіз, маған да қиын, әрі үлкен өкініш. Енді қалай десеңіздер де, қалай шешсеңіздер де мен сіздермен біргемін, дегенді айтты. Жылай айтқан, жалына айтқан бұл сөздерден Өмірбектің Шымырлар тегеуірінен сескеніп, алған малдың төлеуінен қашқақтап, Байболаттай баймен құда болып қалудың қамын қарастырып отырғаны аңғарылды. Осыны сезе қойған сұңғыла Сауытбек сөзге араласып, екі жақты жанастыра сөйледі:
– Байболат, өзің де мойындап отырсың, Өмірбек – осы өңірдегі биік те ісі ірі кісілердің бірі. Күн мен ай қанша биік тұрса да, олардың да бетін бір сәт тоқымдай ғана бұлт жабады. Сол сияқты Өмекеңнің де бетіне құрғыр қызы кішкене кірбең түсіріпті. Бұлт көшер, өтер, сол сияқты бұл кісінің жүзіне түскен кірбің де кетер. «Кісенді кісі кіріптар, айдағанға жүреді» демекші, бұл да қол қусырып, құлдық ұрып, не десеңдер де көндім деп отыр. Қажай бермейік, не істейміз, не ойларыңыз бар, соған келейік! – деді.
Жидебай бұған:
– Қас деп ойлағанның бәрі бірдей қас бола бермейді. Тіпті бүгінгі қасың ертең досың болуы да мүмкін, түсінісіңіздер, – дегенді қосты. Қазақбай да қарап қалмады:
– «Құлап бара жатқанға иығыңды тос» деген. Бұл істе бәріміз бірге болайық, бірге қимылдайық, – деп ынтымаққа шақырды. Осыдан кейін Байболат өз елінің шешімін айтты:
– Біздің шешім – «әйел ерден кетсе де, елден кетпейді», тірі отырып адамымыздан айырылмаймыз. Келінімізді аламыз, намысқа шабамыз.
– Иә, сұлуға сұқтанушы да, тор құрушы да көп болады. Алданып, абайсызда торға түсіп қалған болар. Кешіріммен қарайық, қызды алып қайтайық, – деді, кезінде торда кеткен Ақбөпесінен айырылып, аңырап қалған Сауытбек. – Мұндағы байлам да осы болды» – деп жазылған Қожакеевтің әңгімесінде.
Бұл даудың артынан Сауытбек пен Қазақбай, Жидебайлар қамауға алынады. Ол туралы мәліметтер халық ақыны Белгібай Бектұрғанұлының 1924 (27) жылдары Сауытбектің ауылына барып «Ақбөпе» дастанын жазып алғанымен тығыз байланысты. 1945-1963 жылдар аралығында ҚҰҒА Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына тапсырған қолжазбасында: «Шуға барып, Сәукеңе жолыққандағы себебім – Оңтүстікте Түлкібас ауданында Сәрсенбаев Иманәлі деген елге қадірі бар кісі болған еді. Сол кісі: «Белгібай, сен менімен Шудағы менің туысқандарыма бірге жүр, тамашалап қайтамыз», – деді. Менің үйленбеген кезім еді, өзі менімен тамыр еді. «Мақұл» деп, екеуміз Әулиеатаға келдік. Осы күнгі Жамбыл жерін Әулиеата деуші еді ол кезде.
Әулиеатаға Есеналы Мәделиев деген Шымкенттің найманы ояз екен. Қарымбай Қошманбетов орынбасары екен. Сол кезде Шу елінің 7 кісісі абақтыда қамалып жатыр екен: Сауытбек, Жидебай, Қазақбай, Берік, Әліқұл және екі кісі. Бұларды қаматқан қоралас Қабылбек Сармолдаев көрінеді. Қамату себебі: Сармолдаевтың жақын туыстарының жесірін Шудың Шымыры тартып алып кетіпті. Сол үшін «Сенің Шымырың», – деп, 7 адамды соттатқан екен. Есқызы Сара – крайлық сот екен. Крайлық сот (Есқызы, Қожанов, Сапаров) Сармолдаевтың айтуымен жеті кісіні 16 жылдан әр адамға үкім шығарып, енді Ташкентке айдағалы тұрса керек.
Сол кезде Түлкібасыдан Иманалы келіп қалады. Оязы Мәделиевтің ағасы Есеналы Иманалымен құда екен, ал Қарымбай Қошманбетов Билікөлдегі Шымыр ағайын. Иманалы сол кісілерге айтып, 7 кісіге ара түсіп, олардың бұған қатысы жоқ деп, барлығын босаттырып жібереді» – деп жазылған. Жаладан құтылып, Әулиеатадағы Базарбай деген ағайындарының үйіне келіп, таң атқанша ән айтылып, жыр төгіледі. Бұл әлбетте, «Ашаның алты салы» атанған Сауытбек, Қазақбай, Жидебайлар туралы құнды мағлұмат. Бұл оқиғалар қолжазбада 1922 жылы болған деп көрсетілген.
Кеңес үкіметі осылайынша он жыл бойы Ашаның алты салының артынан түсіп аңдумен болады. 1929-1931 жылдары Голощекиннің «Кіші қазан» қиянаты кезеңі, тәркілеу мен колхоздастыру науқаны кезінде 1929 жылы ақындарды НКВД ұстатады. Қазақбай Алматыдан былай деп жазады:
«Бір біз емес,
боп жатыр барша жұртқа,
Анасын ажыратып құлын-тайдан.
Төңкеріс боп, келіпті ойдан-қырдан,
Күніндей ғаззауаттың болды
майдан.
Орыс, жөйт, персиан, түрк, араб,
Әрқайсысы келіп
жатыр әрбір жайдан.
Қытай, дүнген, тараншы,
қырғыз, тәжік,
Бұларды дейтін емес келдің қайдан.
Адам атын білмейтін әртүрлі жан,
Кеп жатыр төңкеріс боп
осындаймен.
Алматыда бас қостық
үш жүз түгел,
Орта жүз – Қоңырат, Қыпшақ,
Арғын, Найман».
Өмірінің соңына дейін ел тыныштығы мен берекесін ойлаған ақындар көрмегенді көреді. Түрме тақсіретін тартады. 1931 жылы Сауытбек сал Сәкен Сейфуллинге өлеңдетіп хат жазады. Оны Сауытбектің Балым деген әпкесінен туған жиені Смайыл Қалипанов Сәкенге апарып береді. Онда:
«...Бір Құдайға бар шығар,
Айып-қате, мініміз.
Алпыс бірге келгенде
Ел ішінде қуғын жеп,
Осылай болды күніміз...»,
– деген жолдар бар.
Дәп осы кезде Ашаның бас көтерер азаматтарының барлығының қамалып жатқан кезі болатын. Бұл жайында Қазақбай:
«Иманбек пен Сатылған
өз қасымда,
Құданың көріп жүрміз көр дегенін.
Ашадан қанша азамат
қамауда жүр,
Шамам жоқ,
бәрін бірдей терер менің»,
– деп Ашадан өте көп адам қамалғанын айтады. Сәкен Сейфуллин Сауытбектің жолдаған өлең-хатына көңіл бөліп, арнайы органдарға тапсырма беріп ақындарға шарапатын тигізеді.
Жазбаша, ауызша және архивтік деректерде әр түрлі жылдары Әулиеата, Шымкент, Алматы қалаларындағы темірторға дүркін-дүркін қамалған Ашаның алты салы Сауытбек, Қазақбай, Жидебай, Әтібектер екені анық айтылған, жазылған.
Қазақбай ашаршылықтың тақсіретін тартқан халықтың әлі келгенше көз жасын сүртісті. Қара ормандай халықтан тым болмаса бір перзент аман қалса екен деп арпалысты. Ақыры жан төзгісіз өмір миханатынан арылмай, туған жерден жырақта, қырғыз ағайындардың арасында өмірден озады. Шерлі қазақ тарихында туған жерін тастап босып, жат жерден топырақ бұйырған ақындар аз емес. Соның бірі болып шетте қалды. Қазақбай – заманында Сауытбек, Жидебай, Балқыбек, Әтібек ақындармен үзеңгілес жолдас болған Ашаның алты салының бірі. Қазақбайдың өзі жазып қалдырған өлең-хаты мен профессор Темірбек Қожакеевтің деректі әңгімесі және халық ақыны Белгібай Бектұрғанұлының қолжазбасы (1945-1953 ж.ж. аралығы) мен шежіреші Мұрат молданың жатқа айтатын өлеңдері осының айғағы. Алматыдағы қамаудан босанған Сауытбек, Қазақбайлар елін ашаршылықтан аман алып қалу үшін қырғыз жеріне көшеді. Жол-жөнекей Сауытбек сал қайтыс болады. Қазақбай мен Сауытбектің ауылындағы Досеке қажы қырғыз жерінде қайтыс болады. Шетінен ақын, сөзге шешен, сал-серілік құрып, Жетісу өңірі мен Оңтүстік Қазақстан өңіріне, қырғыз ағайындардың ішінде де атақтары шыққан өнерпаздардың тағдыры осылай болған. Олардың ашаршылық келген қиын-қыстау заманда да, үлкен той-жиындарда да жұптары жазылмаған. Атақты әнші Балуан Шолақ туған еліне бір келгенінде Шудың барлық игі жақсылары мен Ашаның алты салы да атақты әнші, әрі балуан бауырларының жанында болған. Бірге ел аралаған. Кенен Әзірбаев та Балуан Шолақтың қасында бір ай жүрген. Әндерін үйреніп, елге таратқан.
Тарихшылардың Ұлттық Конгресі ұсынған Тұңғышбек Байқұловтың «Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» дейтін кітабында Сауытбек пен Қазақбайды түгел жатқа білетін Мұрат Әдбірашитұлы: Ашаның алты салының бірі – Сауытбек ақын 1916 жылы Ақкөз батыр бастаған Шу-Меркі көтерілісіне қатысқан, 27 жасында Тілеуқабыл болыстың шілдехана тойында қыпшақ Өтелбайқызы Ақбөпемен танысып, айтысқа түскен. Аша болысының екінші ақыны Қазақбай Ергөбекұлы да Қорағаты мен Шу өзендерінің қиылысқан жеріндегі елді мекенде 1880 жылы туған» – деп жазады. Қазақбай 1929-1931 жылдары Алматыдағы абақтыдан:
«Ескі Аша, аман болғын
қайран елім,
Тройске, Қорағаты қайран жерім.
Күнту, Қыпшақ,
Сарыүйсін әм Боққайнат,
Бестерек, Шымырдағы
барлық бегім»,
– деп кіндік қаны тамған Аша бойы мен ондағы бауырларына хат жолдайды. Қазақбайдың жазған хатынан сол заманда Шу өңірінде өмір сүрген игі-жақсылардың барлығының есімдері түгел жазылған.
«Ерлерім ел ішінде жолдас болған,
Басқаша өзгелерден бөлек жөнің,
Сауытбек Әтібекпен төңкеріс боп,
Бұл жерде көзім көрді жөнелгенін...
Балқыбек, Бәзілқұл, ер Қалманбет
Шыққан жоқ ешқашан жаманаты.
Бәйбек, Молдабек пен ер Жайсаңбай,
Артық тұр қатарынан
салтанаты.
Ескі дос, сізге сәлем Іздібайға,
Тілеулес, Сырайыл мен Тұрғынбайға,
Қайран аға Әлдибай, Бектиярмен,
Жүрсіңдер қалт-құлт
етіп қандай жайда?»
– деп, Ашаның алты салын хатқа тізіп шығады. Ешбір ақында Ашаның алты салы дәл осылай толық аталмайды. Шешен Жидебайдың бұл жерде аталмаған себебі – 1922 жылы Әулиеатада бірге қамалған досы 1926 жылы дүниеден озған болатын. Кенекең айтқан алты салдың есімдері тек Қазақбайдың ғана жыр жолдарында сақталған. Қамауда жазған өлеңдерін өткен ғасырдың 30-шы жылдары Қазақбайдың жары, Арғынның қызы Алтынай апамыз Алматыдан Ашаға жеткізген.
НКВД тартып алып, жарты ғасырдан аса үні шықпаған бұл өлеңдерді Тәуелсіздік жылдары Қазақбай ақынның ұлы – КСРО және ҚазКСР білім беру ісінің үздігі, Шу ауданының құрметті азаматы Дота Қазақбаев (1927-2012) Мұрат молдадан жазып алған. Дотаның шын есімі – Досеке. Досеке – қажы, атақты Сауытбектің ауылындағы ел жанашыры, қажылыққа барған кісі. Қазақбай ұлының атын ел ішіндегі абыройлы кісінің есімімен атап ырымдап қойған екен. Досеке қажы да Қазақбаймен бірге қырғыз жеріне барғанда қайтыс болған. Мұрат молда Шу өңірінде өмір сүрген Доспанбет, Сауран, Жомарт, Өтебай, Төлеген ақындардың, шежірелі Дігәрбек пен Тойдалы молдалардың көзін көрген екен. Халық ақындарынан жатқа үйреніп, хатқа түсірген.
Мырзатай Жолдасбеков