Облыстық Полиция департаментінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышевтың айтуынша, жыл басынан бері түрлі деңгейде қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жастардың қарасы арта түскен. Артқанда да жай артпаған, еселеп көбейген.
«Жыл басталғалы білім бөлімдері, комиссия мүшелері, жастар орталықтарының қызметкерлері және прокуратураның мобильдік топ қызметкерлері бірлесе отырып, «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шараларды ұйымдастырды. Осы іс-шаралардың аясында 258 рейд жүргізілді. Оның 82-сі мектеп жанындағы рейд екенін айта кеткен жөн. Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің түрлі баптары бойынша 613 әкімшілік хаттама толтырылды. Күнделікті өткізілген рейдтік және профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде түрлі қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Жамбыл облысы ПД-нің полиция бөліністеріне 355 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді», дейді Ә.Қалышев.
Жауапты маманның сөзіне жүгінсек, 2022 жылы бұл дерек 163-ті құраған екен. Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес, балаларды тәрбиелеудегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін 13 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылып, облыстық мамандандырылған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі соттың қаулысымен айыппұл салынған.
Өңірдегі жасөспірімдердің ойын-сауық мекемелеріне бас сұғуы жиілегені де ойландырмай қоймайтыны анық. Нақты айтар болсақ, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 540 пайызға артқан. Өткен жылы бар болғаны бес жағдай тіркелсе, осы жылдың басында отыз екі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 534 750 теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Жасөспірімдердің түн мезгілінде ойын-сауық мекемелерінде түн қатып жүру дерегі күрт көбейгені кімді де болсын ойландырмай қоймайды. Бұл жағдай расында да ата-аналардың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігінің күрт төмендеп кеткенін айғақтай түседі. Олқылықтың орнын толтырудың жолы бар ма?
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабы бойынша алкогольдік өнімдерді сатудың ережесі туралы заңнаманы бұзудың бес дерегі анықталды. Нәтижесінде кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік істер сотқа жолданды. Сондай-ақ ӘҚБК-нің 442-бабының 1-бөлігі бойынша түнгі уақытта балаларының ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 64 ата-анаға тиісті айыппұл салынғанын айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, ӘҚБК-нің 442-бабының екінші бөлігі бойынша кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз (түн мезгілінде) тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 253 ата-ана жауапкершілікке тартылып, ескерту берілді», дейді Ә.Қалышев.
Полиция қызметкері келтірген деректер расында да жан түршіктіреді. Мәселен, алкогольдік өнімдерді сату бойынша 2022 жылы ешқандай дерек тіркелмесе, тексеру нәтижесінде таяуда ғана бес дерек анықталған. Қысқасы, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 500 пайызға артқан. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші 500 пайызға артса бөркімізді аспанға атар едік, ал мұндай жағдайда бармақ тістеуден басқа амал жоқ.
Ата-аналардың жауапкершілігі төмендеп кеткені де бізді ойландырмай қоймайды. Балаларының түн мезгілінде ойын-сауық мекемелерінде болғаны үшін 64 ата-анаға айыппұл салынғанын жоғарыда атап өттік. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 236,8 пайызға артқан. Ал жасөспірімдердің түн мезгілінде тұрғын үйден тыс жерде жүргені үшін жауапкершілік арқалаған ата-аналардың саны 160,6 пайызға өскені де алаңдатады.
Қалай алып қарасақ та, өңірде жасөспірімдер проблемасы өршіп тұрғанын аңғару қиын емес. Жыл басындағы көрсеткіш жаға ұстатса, жыл соңында жағдай қалай болмақ? Жауапты мекемелер көшекезбе жасөспірімдерді тізгіндей ала ма? Ата-аналардың жауапкершілігін күшейтудің жолы қайсы? Бұл сұрақтарға жарытымды жауап табу қиын болып тұр.
Жамбыл облысы