Конференцияға қатысушылар қазіргі заманға философиялық талдау жүргізіп, этика мен моральдық жауапкершілік мәселелерін, қазіргі заман контексіндегі қазақ философиясының даму перспективаларын талқылады.
Жиында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Жабайхан Әбділдиннің отандық парламентаризмді дамытуға және Қазақстандағы адам құқықтарын қорғауға қосқан зор үлесін атап өтті.
– Ұлттық заманауи кәсіби философия ғылымының қалыптасуы Жабайхан Мүбәракұлының есімімен тікелей байланысты. Қазақстандағы алғашқы диалектикалық логика мектебінің негізін қалаған және отандық философияның дамуына баға жетпес үлес қосқан ғылыми-зерттеу еңбектері, көпжылдық ағартушылық қызметі біздің рухани мұрамыздың алтын қазынасына айналды, – деді ол.
Академиктің конференция аясында таныстырылған 25 томнан тұратын жинағында кейінгі 5-7 жылда жазған еңбектері қамтылған. Оған Кант пен Гегель философиясы, Абай, Ә.Бөкейхан, М.Әуезов, Шекспир, М.Горький, тағы да басқалар туралы шығармалары енген. Сонымен қатар жаңадан жарық көрген жинақта қоғамның даму үдерісіндегі дін формаларының эволюциясы, өмір туралы философиялық ойлар берілген.
Академиктің еңбектері студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, сонымен қатар философия мен рухани мәдениетке қызығушылық танытатын қалың оқырман қауымға арналған.
– Мен қазір ғылыми тұрғыда еңбек етіп жатырмын. Бәрі ойдағыдай болып, 30 томдық кітап жарыққа шығып жатса, мұны Қазақстанның тәуелсіздігіне қосқан үлесім деп есептеймін. Көп нәрсе жасау үшін көп еңбек ету керек. Ерінбей еңбек еткен адам шаршамайды. Егер адамның миы қартая бастаса, онда адамның өзі де қартаяды, – дейді философ.