Спорт • 19 Ақпан, 2023

Татами үстіндегі тартыс

326 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек спорт сарайында дзюдодан 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған жас балуандардың тартысты белдесулерін елорда жанкүйерлері қызыға тамашалады. Осы жарыста оза шапқан жеткіншектер ертеңгі күні ұлттық құрама сапына алынып, Олимпия ойындары, әлем және Азия чемпионаттарында ел намысын қорғаудан үмітті.

Татами үстіндегі тартыс

Кейінгі жылдары елімізде дзюдо спорты қарқынды дамып келе жатқаны бар­шаға мәлім. Санаулы жылдардың ішінде Қазақстан спортшылары екі дүр­кін Олимпия ойындарының күміс жүл­дегері (Елдос Сметов), қола жүлдегері (Гал­бадрах Отгонцецэг), әлем чемпионы (Максим Раков), сондай-ақ Азия бірін­шілігі мен Азия ойындарының жеңімпазы мен жүлдегерлері атанды. Одан бөлек, талай балуанымыз халықаралық «Гранд Слэм», «Гран При» жарыстарында қар­сыластарының жауырынын жер иіскетіп, мық­тылығымен дараланған болатын. Сонымен қатар жуырда Францияның бас шаһары – Парижде өткен дзюдодан жылдың алғашқы «Grand Slam» жары­сының аясында Қазақстан дзюдо федера­ция­сы мен Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) әлемдік «Grand Slam» турнирлерін Қазақстанда да өткізу туралы ке­лісімге келгені де қазақ дзюдосының әлем­дік аренада алар орнын айқындап берді.

Астанада өткен жасөспірімдер арасын­дағы жарыста да елімізде аса дарынды жас өрендердің қалың шоғыры өсіп келе жатқанын анық аңғардық. Төрт күнге жалғасқан ел біріншілігінде Қазақстанның үш маңызды қаласы мен 17 облысынан келген 900-ге жуық балуан өз өнерлерін ортаға салып, бас жүлде үшін аянбай күресті. Нәтижесінде, ел чемпионатының жекелей сайыстарында Жетісу облысының өрендері мықтылығын дәлелдеді. Олар елорда татамиінде 3 алтын және 3 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Одан кейінгі орындарға Қарағанды облысының балуандары (2 алтын, 2 күміс, 4 қола) мен Жамбыл облы­сының жампоздары (2 алтын, 1 күміс) жай­ғасты. Жас балуандар 16 салмақ дәре­жесінде бақ сынады.

Ал аралас командалық сайыста Қара­ғанды облысының өкілдері үздік шықты. Финалда қарсыластарына есе жіберген Жетісу облысының командасы күміс жүлдені қанағат тұтса, Түркістан облысы мен Жамбыл облысының дзюдошылары қола медальге ие болды. Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша 2023 жылғы Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жасақталады.

 

Дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері:

Ұлдар:

50 кг: 1. Ерхан Мұрат (Атырау облысы) 2. Ернұр Батырғали (Түркістан облысы) 3. Дамир Сырлыбай (Түркістан облысы) 3. Нұрбол Асқар (Жетісу облысы);

55 кг: 1. Оралбек Байзақ (Қызылорда облысы) 2. Мағжан Аманжолов (Ақтөбе облысы) 3. Бағдәулет Қабдешов (Алматы) 3. Қайрат Жеңісұлы (Алматы облысы);

60 кг: 1. Нұрсұлтан Ысқақов (Жамбыл облысы) 2.Мейрамбек Дидар (Қызылорда облысы) 3. Изтай Темірлан (Алматы) 3. Нұр­гелді Қанат (Маңғыстау облысы);

66 кг: 1. Ислам Абай (Шымкент) 2. Ақ­ниет Шайменов (Шымкент) 3.Еркебұлан Орынбаев (Қостанай облысы) 3. Нұртаза Төлеген (Қызылорда облысы);

73 кг: 1. Еділ Ерболұлы (Алматы облысы) 2. Нұрбек Зауза (Атырау облысы) 3. Әділбек Біржанов (Алматы) 3. Бауыржан Кемелқожа (Алматы облысы);

81 кг: 1. Досбол Балғабай (Қостанай облысы) 2. Санжар Ерұланұлы (Қарағанды облысы) 3. Глеб Азаров (Қарағанды облысы) 3. Жасұлан Саин (Маңғыстау облысы);

90 кг: 1. Алдияр Сайн (БҚО) 2. Дінмұхаммед Нысанбай (Қызылорда облысы) 3. Асқар Біржанов (Қарағанды облысы) 3. Берікбол Жұманбеков (Абай облысы);

+90 кг. 1. Шерхан Алпанов (Қарағанды облысы) 2. Ұлан Құмарбай (Алматы облысы) 3. Әлихан Назымханов (Түркістан облысы) 3. Алмас Темірқұлов (Қарағанды облысы);

Қыздар:

40 кг: 1. Сабина Юлдашева (Шымкент) 2. Тамила Әлиханова (Абай облысы) 3. Зере Өтепқали (Атырау облысы) Әсел Русланова (Атырау облысы);

44 кг: 1. Іңкәр Құралбай (Жамбыл облысы) 2. Гүлхан Шыңғысхан (Атырау облысы) 3. Сапаргүл Мұхтарова (Астана) 3. Айзат Наукенова (Қарағанды облысы);

48 кг: 1. Нұрбала Зайнул (Түркістан облысы) 2. Алина Ямашева (Қарағанды облысы) 3. Кира Кегай (Жетісу облысы) 3. Маржан Кальмен (Алматы облысы);

52 кг: 1.Аяулым Қайрат (Қарағанды облысы) 2.Нұрай Бақыт (Қызылорда облысы) 3.Аяулым Қалмырза (Түркістан облысы) 3.Карина Когай (Жетісу облысы);

57 кг: 1.Нұрай Жеңіс (Жетісу облысы) 2.Аяулым Исаева (Алматы) 3.Мәруа Белбаева (Алматы) 3.Шынар Бітімбай (Атырау облысы);

63 кг: 1. Сағира Әділ (Жетісу облысы) 2. Дильназ Досберген (Жамбыл облысы) 3. Дария Бейсембекова (Түркістан облысы) 3. Жібек Жайсанбай (Қызылорда облысы);

70 кг: 1. Сәулемай Сағитжан (Ақтөбе облысы) 2. Аниса Ибатолла (Атырау облысы) 3. Аружан Әбдіқалықова (Ақтөбе облысы) 3. Әмина Файзулина (Астана);

+70 кг: 1.Нұршат Кемелханқызы (Жетісу облысы) 2. Айымзада Думанқызы (Атырау облысы) 3. Көркем Бақытбек (Қызылорда облысы) 3. Гүлдана Теңелбаева (Маңғыстау облысы).