Отбасы • 19 Ақпан, 2023

Көңілге қаяу түсіретін көрсеткіш

579 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елімізде ажырасуға қатысты деректер алаңдатарлық деңгейде. Әсіресе жастар арасында шаңы­рағы шайқалған­дар көп. Әлем­дік Advokatsmart келтірген статис­ти­каға сүйен­сек, Мальдив аралдарынан кейін Қазақ­станда отбасының ойрандалу фактісі жиі тіркеледі екен. Бұл көптің көңіліне қаяу түсі­ретін ащы дерек. Бұған не себеп? Сандаған ғасыр бойы сабақтасып, жалғасын тауып келген отбасы құндылығы қай тұста үзіліп қалды?

Көңілге қаяу түсіретін көрсеткіш

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Танымал калифорниялық әлеумет­танушы және отбасылық психиатр Кон­станция Аронс әлемде әрбір 13 секунд са­йын бір отбасы ажырасатынын есептеп, дәлелдеген. АҚШ-тың бір өзінде жыл сайын 1 миллион отбасы ажырасады. Ал Қазақстандық қоғамдық даму институты са­рапшыларының зерттеуінше, елімізде жылына орта есеппен 140 мың отбасы шаңырақ көтерсе, оның 50 мыңы ажырасып кетеді екен. Яғни ажырасу үлесі жалпы тіркелген неке санының 34,4%-ын құрайды. Дерек­ке сүйенсек, ауыл халқымен салыс­тыр­ғанда қала тұр­ғындарының арасында ажырасу оқи­ғалары жиі кездеседі. Мәселен, 2021 жыл­ғы көрсеткіш бойынша қалада – 34 825, елді мекендерде 13 414 ажырасу тіркелген. Сол жылы ажырасудың ең көп дерегі Астана қаласында, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді.

Тәуелсіз сарапшылар да елімізде әрбір төртінші отбасының ажырасатынын айтады. Ұлттық статистика бюросы­ның дерегіне көз жүгіртсек, былтырдың өзінде 17,7 мың отбасының шаңырағы шайқалып, некесі бұзылған. Көбіне ортақ баласы жоқ ерлі-зайыптылар мен ерте жаста шаңырақ көтерген отбасылардың ажырасу үлесі жоғары көрінеді.

ҚҚДИ жүргізген “Ажырасу және оның салдары” талдамалы есебіндегі мәліметтерден байқасақ, отбасы бұзылуының бас­ты себеп­тері – ерлі-зайыптылардың опа­сыз­дық жа­сауы немесе туыстарының отба­сы­лық өмірге араласуы. Бұған қоса тұр­мыс­тық зорлық-зомбылық, мас­күнемдік, қыз­ға­ныш, жұмыссыздық, қара­жаттың жетіс­пеушілігі және тұрғын үй мәселелері сияқ­ты материалдық мәсе­лелер де өз әсе­рін тигізеді екен.

Психолог Шолпан Әбілованың айтуын­­­ша, жастардың ажырасуына дәл осы капитализм заманында әлеуметтік проблемалар көп ықпал етеді. «Өйткені отбасы құндылығы қазір сезім мен сертке емес, көп жағдайда мүмкіндік пен есепке құрылған», дейді маман.

– Жастар отбасылық өмірге жеңіл қарайды. Отбасын құрып, сәбилі бол­ғаннан кейін басына түскен тұрмыс­тағы ауыртпалықтарды көтере алмай, ұрыс-керісті үдетіп, үйдің берекесін алады. Салдарынан «Бүгінде жастар не үшін үйленеді?» деген сұрақ туындайды. Осы ретте ойға бірден «Бақытты болу үшін» деген жауап келеді. Алайда өзі өз болып өмір сүрмеген, ішкі жан дүниесі бақытты емес адам өзгенің өмірінде бақытты бола ала ма? Бұл, әрине, парадокс. Сауалға кез келген адам әртүрлі жауап қатады. Өйткені сана психологиясы тұтынушы секілді. Өзіне не керек, соған байланысты аясын кеңейтеді. Яғни біреуге тірек керек, біреуге жүрек керек. Осы схемамен өзіне сәйкес келетін объекті іздейді. Үйленіп, үйлі болады. Кейін жылдар өте келе «мінезіміз келіспеді» деген сылтаумен ажырасып жатады. Себебі адамның қалауы қанағаттанса, қызығушылығы бәсеңдей түседі. Бұған қоса отбасының бұзылуының шектен тыс көбеюіне адамдардың өмірлік серік таңдағанда оның жан дүниесіне үңілмей, сыртқы факторларға қарап қана бағалап таңдауынан болады, – дейді Ш.Әбілова.

«Демек жас отбасының ойрандалуы­на қаржылық, материалдық проблемадан ­бастап, моральдық жеке мәселелер­ге дейін түрткі болады. Сондықтан оның алдын алу үшін әр жас қарым-қатынас­ты дұрыс құрудан бастау керек. Яғни «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген аталы сөзді ескерсек, шешім қабылдамас бұрын қыз бен жігіт тарапынан рухани дайындық пен жауапкершілік қажет», дейді маман.

Жаһанның статистикалық дерегіне үңілсек, Үндістанда ажырасу әлдеқайда аз екенін көруге болады. Мұнда жылына шаңырақ көтерген мың от­басы­ның 13-інің ғана некесі бұзы­лады. Бұған дәстүрге берік үнділердің отбасы­лық құндылықтарды сақтауы сеп. Біз­де де отбасы институтына негіздел­ген дәстүр, жоралғылар бар. Бірақ қазір олар­ды қолдану аясы тарылды. Мәсе­лен, халқымыздың тұрмыстық дағ­ды­сына о бастан сіңген «Бесік құда». «Бесік құда» болу көңілі өте жақын, дос адамға ұсынылатын болған. Бұл – үлкен сый­ластықтың нәтижесі. Өйткені мұндай уағ­даластық әдетте екіжақты бұрынғыдан жақындата түскен. Өзара сыйластықты көріп өскен ұл-қыз да жаман болмасы хақ. Осылайша, бұл жо­ралғы ажырасуды мейлінше азайтатын. Себебі отбасын бұзу дәстүрлі қазақ жұртында күнә санал­ған. Сол себепті ата-бабаларымыз бе­сіктен белі шықпаған баланың тағды­рын бүге-шігесіне дейін ойлап, ерте қамданған. Тіпті «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» дегенді берік ұс­танып, әмеңгерлік институты арқылы же­тім-жесірлердің көбеюіне жол бермеді. Алайда қазір қоғамда бұл салттың ізі де жоқ. Салдарынан елімізде ажырасу дерегі сейілмей тұр.

«Ал ажырасу салдарынан қоғамда жалғызілікті адамдар мен толық емес отбасылар көбейеді. Сондай-ақ ерлі-за­йыптылар мен балалардың өміріндегі пси­хикалық қиындықтар артып, де­мо­графия­лық даму деңгейі төмендейді. Ең бастысы ұлттың зияткерлік сапасына Абай айтқан жастардың «толық адам» болып қалыптасуына кері әсер ететіні анық. Сондықтан ажырасу эпи­демиясының салдарымен емес, себе­бі­мен күресу керек», дейді сарапшылар.

Жалпы, мемлекет тарапынан ұлттың сапасы мен сынына, қасиеті мен қабілеті­не әсер ететін дерт – қоғамның өзегін өртеген ажырасу мәселесін болдырмау үшін бірқатар шара қолға алынған-ды. Нәтиже көрсетіп жатқандары да бар. Мәселен, елордадағы Алматы аудандық сотының судьясы Айгүл Молдыбаева­ның сөзінше, «Отбасылық сот» қанат­қақ­ты жобасы аясында Астана қаласын­дағы Алматы, Сарыарқа, Байқо­­­ңыр, Есіл аудандарының сотына келіп түс­­кен 5255 істің 2271-і оң шешілген. Яғни ерлі-зайыптылар татуласып, өті­ніштерін қайтарып алған. Олар­дың басым көпшілігі – жиырма бес пен отыз бес жас аралығындағы азаматтар.

– Бүгінде Татуласу орталығында 18 ме­диатор, 2 психолог жұмыс істей­ді. Мұнда заңгер, нотариус тегін қыз­­мет көр­сетеді. Статистикалық мәлімет­те­рді салыстыратын болсақ, 2021 жылы – 3341, 2022 жылы 8024 өтініш түсті. Өзара татуласқан отбасылар 2021 жылы 1213, 2022 жылы 3347 болды. Ал заңгер кеңесіне 2021 жылы – 286, 2022 жылы 442 адам жүгінген. 2021 жылы – 258, 2022 жылы 470 жанға психологиялық көмек көрсетілді, – деді Татуласу орта­лығының басшысы Ләйлә Зинашева.