Білім • 20 Ақпан, 2023

Кәсіптік бағдарлау білікті маман болуға жол ашады

1096 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өмірде таңдау мүмкіндігі туғанда мейлінше мүлт кетпеуге мән беретін маңызды нәрсенің бірі – мамандық. Өкінішке қарай, бұл таңдауға келгенде шалыс басып, басқа шаруаның құлағынан ұстаған немесе мүлдем шарасыз жүрген азамат көп.

Кәсіптік бағдарлау білікті маман болуға жол ашады

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Зерттеу деректері бойынша, елімізде еңбекке қабілетті халықтың 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жыл сайын 70 мыңнан аса түлек жұмысқа орналаса алмайды. Бұған қоса NEET санатындағы жастар да аз емес. Еңбек нарығындағы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін, жалпы адам капиталын тиімді дамыту үшін қазіргі кезде сапалы кәсіптік бағдарлауға барынша көңіл бөліне бастады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қыр­күйегіндегі халыққа Жол­дауын­да: «Балаларды ерте жастан ма­мандыққа бейімдеу айрықша ма­ңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түр­де таңдай білуге тиіс», деп атап өтті.

Расында, кейінгі кезде қоғамда кәсіптік бағдар беру туралы түсінік кеңінен өріс ала бастады және ерте жастан мамандық таңдауға мән беретін жұрттың қатары көбейіп келеді. Бүгінде көптеген ортада аталған бағыттағы жұмыстар айтарлықтай жүйеленіп, кәсіптік бағдарлау бойынша арнайы орталықтар, кеңесші мамандар белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл бетбұрыс, әрине, қуантады. Өйткені мамандық таңдауды оқуға түсер сәт таяғанда ғана ойламай, ерте бастан қамданған жөн.

Бұған дейін баланың қандай мамандыққа бейім екеніне жете көз жеткізбестен, ата-аналардың көзқарасымен жасалған таңдаудың қаншалықты тиімсіз болғаны жоғарыда келтірген статистикадан көрініп тұр. Яғни осындай қателіктердің салдарынан елі­міз­дегі жұмыс күшінің жартысынан көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса «Жаңа мамандықтар атласы» зерттеу жобасындағы деректер де бейжай қалдырмайды. Осы зерттеуде оқушылардың 87%-ы ата-аналары мен мұғалімдерінің ықпалымен мамандық таңдайтыны көр­се­тіл­ген. Бұл ретте ата-аналар­дың 75%-ы балаларының қандай мамандықты қалайтынын толық түсіне алмағанын мойын­даған. Аталған сауалдамаға қатысқан оқу­шылар мен олардың ата-ана­ла­рының 90%-ы кәсіптік бағдарлау туралы біле бермейтінін және бұған қатысты ақпаратты мақсатты түрде іздемегенін айтқан.

Жалпы, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетсіз мамандардың көбеюі мәсе­ле­сінің тамыры те­рең­де жатыр. Яғни болашақ ма­ман­дардың іске алғысыз кадр бол­­мауына жол бермеу үшін мек­­­теп табалдырығынан бастап қай сала­ға бейімділігін анықтау маңызды. Еуро­па елдерінде бұл мәселеге, тіпті бала­бақ­шадан бас­тап мән береді екен. Осы орайда Оқу-ағарту министрлігінен білім ошақтарында кәсіптік бағдарлау жұмысы қалай үйлестірілгенін сұрап білдік.

«Мектептерде кәсіптік бағдар­лау жұмысын ұйымдастыру мәсе­лесі «2022-2023 оқу жылында Қазақ­стан Респуб­ли­ка­сы­ның орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқау хатта қамтылған. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында ерекше назарды қажет ететін бала­лар­ға кәсіптік бағдар беру бойынша Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әдістемелік әзір­леген. Білім беру ұйымдарында кәсіп­тік бағдарлау жұмысын ди­ректордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-кәсіби бағдар беруші, педагогтер, ата-аналар, мектеп серіктестері тиімді ынтымақтастық құру арқылы үй­лестіреді. Сондай-ақ кәсіптік бағ­дарлау жұмысына мониторинг жүргізеді, әдістемелік қолдау көр­­сетеді және сапалы кері байла­ныс жолға қойылған. Осы оқу жы­лынан бас­тап барлық мектепте «Педагог қыз­мет­керлер мен оларға теңестірілген тұл­­ғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығына өзгерістер енгізу тура­лы құжатқа сай Пе­дагог-кәсіби бағдар беруші лауазымы енгізілген және осы бұйрық шеңберінде қызмет атқарылып жатыр», делін­ген ведомство жауабында.

Сонымен қатар мектеп жасын­дағы балалардың ерте мамандық таңдауына септесетін ғылыми-зерт­теу жұмыстары жоспарланып жатыр екен. Әзірге жалпы орта білім берудің үлгілік оқу бағ­дар­­ла­малары жаратылыстану-матема­тикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бо­йын­ша бейінді оқытуды енгізе отырып, кә­сіп­тік бағдарлау негізінде әзірленеді.

Бүгінде балаларға, жастарға кә­сіп­тік бағдар беру бойынша оқу орындарынан тыс көп­теген жоба қолға алынып жатыр. Соның бірі – «Bolashaq» бағ­дар­ла­масы стипендиаттары қа­уым­­дастығының мектеп түлек­теріне болашақ мамандығын таң­дауға көмектесетін «Болашаққа сенім­мен» кәсіптік бағдар беру жо­басы. Бұл туралы «Болашақ» қауым­дастығы кеңесінің мүшесі Мұхтар Манкеев біршама мәлімет берді.

– Бұл бастамамыз былтыр қа­нат­­қақты жоба ретінде еліміздің әр өңіріндегі 43 мек­тепте жүзеге асырылды. Енді 2023 жыл­дың соңына дейін 500-ден аса мек­тепті қамту жоспарланып отыр. Жалпы, жоба аясында 3 мыңнан аса оқушы қамтылды, оның ішінде 10-12-сыныптағы балалар бар. Біз оларға нарықтың дамуы және мамандық таңдау кезінде алдын­да қандай триггер болуға тиіс екені жай­­лы айттық.  Қазірдің өзінде 40-қа жуық да­йын тәлімгер бар. Сайтымызда арнайы са­уалдаманы толтыруға болатын сілтеме көрсетілген. Үй­лес­тірушілер әртүрлі мектеп­тер­дің оқушыларымен кездесу ұйымдастыруға көмектесу үшін хабарласады. Тәлімгерлерге жан-жақты психологиялық зерттеулер дайындадық. Бұған ірі қа­­ла­лардың тұрғындары ғана емес, өндірісте вахталық әдіспен жұ­мыс істейтіндер де қатыса алады. Сондай-ақ қалалы жерлерде мүмкіндік көп екенін ескеріп, ауыл мектептеріне баса назар ауда­рамыз. Ауыл-аймаққа өзіміз ба­рып, қандай мүмкіндіктер барын көрсетуіміз керек. Жас ұрпаққа жол нұсқап, дұрыс мамандық таң­дау­ға көмектесу маңызды, деді М.Манкеев.

Кәсіптік бағдар беруде бала­лар­дың қандай мамандыққа бейім екенін анық­тай­тын арнайы тесттер бар. Қазіргі таңда қатары көбейіп жатқан кәсіби бағдар беруші мамандар әртүрлі жастағылардан құралған аудиториясына, оның ішінде балаларға да, үлкендерге де мұндай тес­ті­леуді тегін және ақылы негізде ұсы­нып жүр. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төраға­сының орынбасары Ақерке Абылайхан осындай тестілеуді мектеп қабырғасында жүргізуді Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі ұйымдастырып жатқанын мә­лімдеді.

– Жас буынның болашақ ма­мандығын дұрыс таңдауына ықпал етудің маңызы күннен күнге артып келеді. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан «Мамандығым – бо­ла­шағым» атты жоба жүзеге асы­рылып жатыр. Оның аясында 1 миллионға жуық мектеп оқушысын кәсіби диаг­ностикадан, тес­тілеуден өткі­зу жоспарланып отыр. Бұл жерде әр баланың ерекше қабілеті ескеріледі. Бұл – ғылыми тұрғыдан жа­салған жүйе. Сонымен қатар жоба ая­сында бүгінгі нарықтың талабына сай ІТ құзыреттілігі бо­йынша оқу бағ­дар­ла­ма­ларын әзір­леу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр, деді А.Абылайхан.

Мектептерде кәсіби бағдар беруші мамандардың саны мұға­лімдер есебінен де толығып жатыр. Профориентологтер қауым­дас­тығының төрайымы Жадыра Тойбайдың айтуынша, осы ұйым база­сының негізінде кейінгі жарты жылда 300-ден аса педагог біліктілігін арттырыпты.

– Кәсіби бағдар беру саласында бізде мамандар да, ақпарат та өте аз. Елімізде бұл бағыт енді-енді дамып келеді. Өткен жылдан бастап мемлекеттік деңгейде қол­дау тауып, кәсіби бағдар беруші мамандар әр мектепте пайда болып жатыр. Ең алды болып жеке­мен­шік мектептер мен ҰБТ-ға даярлау орталықтары профориентологтермен тығыз жұмыс істеп, түрлі тесттерді қол­дана бастады. Баршамызға мәлім, қазір өзін өзі тану пәнінің мұғалімдерінде сағат жоқ. Сол педагогтер енді кәсіби бағдарлаушы болып қайта даярлықтан өтіп жатыр. Жалпы, шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, білім беру бағ­дар­ламалары жөнінде толық энциклопедиялық басылымдарды жарыққа шығару керек деп ойлаймын. Кәсіби профориентологтер дайындайтын курстар оқытылуы керек. Мен бас­­шылық ететін қауымдастық ба­засында жарты жылда 300-ден аса педагог біліктілігін арттырды. Енді кәсіби бағдарлау мамандық ретінде ЖОО-ларда оқытылғаны жөн деп санаймын, деді Ж.Тойбай.

Сондай-ақ ол ата-аналарға ар­нал­ған ақпараттық платформа әзірленіп, онда баланың қа­білетіне қарай мамандықты таң­дау керек екенін түсіндіретін са­бақ­тар, дәріс, тренингтер топ­тас­тырылғанын дұрыс көреді екен. Өйткені бала маман­дық таң­дарда бәрібір ата-анасының пі­­кірі­мен санасады.

– Қазіргі ата-аналар баласының бо­ла­­шақ­та кім болатынына қатты мән береді. Олар арнайы маман­ның кеңесін онлайн да, офлайн да алғысы келеді. Ма­ған кү­ні­не 10 шақты ата-анадан жеке кон­сультацияға сұраныс түседі. Бірақ бір балаға кемінде 2 сағат уақыт кететіндіктен, бір күнде көп дегенде 3-4 қана баламен жұмыс істеймін. Одан бөлек тек тесті­леу­ден өтетіндер бар. Ал ҰБТ-дан кейін бізге жүгінетіндер тіптен көбейеді. Былтыр бір айда 200 баламен консультация өткізіп, 98%-ы грантқа түсті. Жас­өс­пі­рім­нен бөлек қазір тіпті ересек адамдар да про­фориен­то­лог­тер­дің кеңесіне мұқтаж. Көбінде баласына бағыт беремін деп келіп, өзі де мамандығын таңдап кететін үлкендер менің тәжірибемде өте көп кездеседі. Ересектерге біз ики­гай методикасы, архетиптерін анықтау арқылы ба­ғытын таңдауға көмектесіп жүр­міз, деді кәсіби бағдар беруші маман.

«Оқу ешқашан кеш емес» дегендей, дипломы болса да, жаны қалайтын іспен айналыса алмай жүрген азаматтардың ішінде кә­сіптік бағдарлау кеңесшілеріне жүгініп, қайтадан білім алып жүргендер де баршылық. Осындай 350 адам Про­фо­риентологтер қауымдастығының арнайы курсынан өткен екен. Ж.Тойбай бұл туралы мағлұмат бергенде жасы 34-ке келгеніне қарамай, дәрігер болуды қалап, медицинаға түскен азаматты мы­салға келтірді.

Расында, өмірден өз орнын таппай жүрген азаматтардың жасына қарамай қайта оқимын деп талпынғаны қуантады. Мұндай талапты жандарға мемлекет та­ра­пынан да ұдайы қолдау көрсетіледі. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің биылғы 1 ақпан­да­ғы мәліметі бо­йынша, елімізде қызмет саласын таңдау мақсатында 10,4 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті.

Хакім Абайдың сөзіне сүйеніп айт­сақ, дүниенің кетігін тауып бір кір­пі­ш болып қалану үшін, қоғамның қа­же­тіне жарау үшін жаның қалайтын ма­ман­дық­ты жа­ңылмай таңдаудың және өз ісі­нің нағыз шебері болудың ма­ңызы зор. Сондықтан болашақ білікті маман қалыптастыру үшін ба­ла­ның қабілетін жасынан тану керек. Бағыты түзу баладан келешекте маман ғана емес, май­талман­дар шығады.