Жаңа жыл жақындағанда түрлі музыкалық бағдарламалар көбейіп, киімі мен жүрісі бөлек эстрада әншілерін көріп, жырғап қалатын бала көңілін сол жылы теледидардан сәт сайын берілген саяси жаңалық тіксінткен. Экранда бір алыс елде төңкеріс болғаны айтылып, көшелердегі халық пен әскер арасындағы қақтығыстың бейнесі экраннан тізбектеліп өтіп жатты. Кейіннен бұл оқиғаның социалистік лагерьде болған Румыния екенін, елді ұзақ жыл билеген Николае Чаушеску деген саясаткердің тақтан қуылып, жұрт алдында ату жазасына кесілгенін оқып, білдік. Тек сонда 6-сынып оқушысының құлағында ең алғаш теледидардан естіген саяси термин көпке дейін жаңғырып тұрған еді: Клептократия...
Қазіргінің баласынан сұрай қойыңызшы, «клептократия деген сөз таныс па?» деп. Интернетті бір қарап жіберіп, «Ол дегеніміз билікті қолданып, мемлекеттік қаржыны ұрлау арқылы өзінің байлығын және саяси ықпалын күшейтетін, алаяқтар бақылайтын, кейде өз халқына әділетті қызметін көрсетпейтін үкімет...» деп тақылдап қоя берер еді. Терминнің түсініктемесі Уикипедияда осылай деп тұр, біз де оны жолма-жол келтірдік. Бір қызығы, арыға бармай-ақ, кейінгі 30 жыл бойына клептократия ұғымы біздің санамызға саяси, ғылыми таным тұрғысынан ғана емес, нақты көрініс арқылы сіңісіп кетті.
Жарты ғұмырын мемлекеттер тарихы мен билік жүйесіндегі жемқорлықты зерттеуге арнаған ғалым, Америкадағы Йель университетінің профессоры Сюзан Роуз-Аккерман клептократияны мемлекетті жемқорлыққа белшесінен батыратын 4 фактордың негізгісі ретінде қарастырады. Ғалым бұл жерде мемлекеттік биліктің жоғарғы эшелонындағы парақорлықтың қалыпты әдетке айналуы төменгі деңгейдегі буынның да жемқорлыққа бейімделуіне әкелетінін айтады. Яғни мемлекеттегі басқарушы адамдардың клептократияға шалдығуы сол елдегі басқа да саяси, әлеуметтік, экономикалық, заң шығару, сот, құқық қорғау институттарының жұмысын әлсіретеді. Әдеттегі жағдайда клептократияға бой алдырған басқарушы және атқарушы элита мемлекетті дамыту мен бұқараның әл-қуатын арттыру үшін білек сыбанып жұмыс істеп жатқандай болып көрінуі мүмкін екен. Бұл жерде негізінен пропаганда мен әлемдік айтулы іс-шараларға жаппай үн қосуға шақырған ұрандардың тасасында қалған ел мен жердің қарапайым мәселесінің қордаланған үстіне қордалана түскенін мысал ретінде айтудың өзі жеткілікті шығар.
Өкінішке қарай, қазақ қоғамының екі буыны клептократия зардабын тартқанын мойындауымыз керек. Мұны ел ішіндегі көкірегі ояу жандар ерте бастан-ақ айтып жүрді. Мәселен, «Коррупция дегенге үйреніп едік, оны әдемілеп «сыбайлас жемқорлық» деп аударып, тігісін жатқызып, сол жемқорлардың өзі күнделікті қолданып жүр. Бізге жемқор болмаңдар деп, жиналыс жасап ақыл айтып қояды. Ал ағылшын парламенті «қазақтың клептократиялық элитасы» дегенді шығарды. Жаман атақ. Клептократия – ұры билік дегенді білдіреді, мұны «сыбайлас» анау-мынау деп жұмсақтай алмайсың. Ағылшында «клептомания» деген де сөз бар, ол ұрламаса тұра алмайтын ауру деген мағына береді. Қазақта «қолының жымысқысы бар» дейді, клептоман сол, сұғанақ қол...» деп жазған еді бірде профессор Жамбыл Артықбаев.
...Күн бәрібір шығады екен. Қалай айтсақ та біз елдегі клептократияның күйрей бастағанына куә болып отырмыз. «Өзгерістер дәуірінде өмір сүру де Құдайдың жазасы» деген қарғысқа бергісіз нақыл бар Қытай халқында. Дегенмен, жалпыұлттық әділеттің орнауын сезінудің де өз ләззаты болса керек.
«Шындықты үнемі жасыру билік пен қоғамның арасын ажыратып, сенімсіздікті арттырады, мемлекеттің әділдігіне күмән туғызады. Қоғамның барлық саласын түбегейлі реформалауға кірісе отырып, біз мемлекеттілігіміздің жаңа дәуіріне қадам басамыз. Еліміздегі саясат, экономика және әлеуметтік салаларда адал әрі әділ ойын ережелерін бекіту аса маңызды. Клептократия мен жемқорлық, фаворитизм мен ысырапшылдық, патернализм мен масылдық, әлеуметтік апатия мен немқұрайдылық сияқты теріс құбылыстар өткен шақтың еншісінде қалуы керек» деген еді былтыр халықтық коалиция форумында Қасым-Жомарт Тоқаев.
Дауыңыз бар ма енді?