Іс-шараның ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев пен Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттау қажеттігін айта келіп: «Оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген болатын. Бүгінгі таңда осы бағытта атқарылған жұмыстар аз емес. Біз сөз етіп отырған жарыс та осы орайдағы іс-шаралардың бірі.
Биыл жиырма үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған қысқы спорт фестиваліне 1800 қатысушы тіркелген-ді. Фестивальге қатысушылар 10 спорт түрі бойынша сынға түсті. Олар: шаңғы жарысы, гір көтеру, армрестлинг, белбеу күресі, арқан тарту, пималы хоккей, қар ату, автоспорт, мотоспорт және қысқы футбол.
Спорттық іс-шара Астана қаласының тұрғындары мен жастары арасында бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілді.