Жылдағы дәстүр бойынша Бакуден бастау алған Әлем кубогінің бірінші кезеңі жерлестеріміз үшін өте сәтті өтті. Каспий теңізінің жағалауында жалауы желбіреген додада Қазақстан спортшылары екі алтын медаль жеңіп алды. Алдымен жекелей сында жарыс жолына шыққан отандасымыз Данил Мұсабаев 59,240 ұпай жинап, Әлем кубогінің жеңімпазы атанды. Д.Мұсабаев былтыр дәл осы Бакуде өткен бәсекеде қола жүлдені қанағат тұтқан болатын. Испаниялық Хорхе Мартин (58,530) мен франциялық Аллан Моранте (58,270) екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
Сондай-ақ жұптық сайыста бақ сынаған Данил Мұсабаев пен Пирмаммад Алиев синхронды секіруде тұғырдың ең биік сатысынан көрініп, Баку төрінде Әнұранымызды шырқатты. Олар финалда 51,940 ұпай жинады. Бұл сында күміс жүлдеге германиялық спортшылар (51,080 ұпай) қол жеткізсе, португалиялықтар (50,730) үздік үштікті түйіндеді. Осылайша, Қазақстан құрамасы Әлем кубогі кезеңінде 2 алтын жүлде иеленді.