Биыл 34-ші мәрте өткелі тұрған Александриядағы дүбірлі додада төрт құрлықтағы 48 елдің ең мықты деген 466 балуаны бас жүлде үшін белдеседі. Атап айтқанда, еркін күрестен – 184, грек-рим күресінен – 149, әйелдер күресінен 133 спортшы түрлі-түсті медальдарды сарапқа салады. Олардың қатарында Қазақстан ұлттық құрамасының балуандары да бар.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша Мысырдағы байрақты додада ел намысын жуырда ғана Алатау баурайында мәресіне жеткен спартакиадада үздік шыққан балуандар қорғамақ. Мәселен, әйелдер күресінен 55 килодағы жарыс жеңімпазы Марина Седнева, 59 килода үздік шыққан Диана Каюмова, 62 кило салмақ дәрежесіндегі жеңімпаз Ирина Кузнецова, 68 килода жуырда ғана үлкен спортқа оралып, спартакиадада топ жарған 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының қола медаль иегері, әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері, 2010 жылы Азия ойындарының жеңімпазы, құрлық біріншілігінде бес рет (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) жеңіс тұғырына көтерілген Елена Шалыгина, 76 килода Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия чемпионы Эльмира Сыздықова және Азия чемпионатының төрт мәрте қола жүлдегері Гүлмарал Еркебаева белдеседі.
Еркін күрестен – Рахат Қалжан, Абзал Өкенов, Ерасыл Мұхтарұлы (57 кг), Нұрболат Әбдуалиев, Владимир Кудрин (61 кг), Санжар Мұхтар, Ілияс Аманжолов, Тимур Айтқұлов (65 кг), Досжан Әсетов, Азамат Шағапұлы (70 кг), Дархан Есенғали, Нұрлан Бекжанов, Қанат Мұсабеков (74 кг), Болат Сақаев (79 кг), Исламбек Ілиясов (86 кг), Ризабек Айтмұхан (92 кг), Бекзат Үркімбай, Серік Бақытханов (97 кг), Мамед Ибрагимов (97 кг), Юсуп Батырмырзаев (125 кг) сынды балуандар ел намысын қорғайды.
Ал грек-рим күресінен ұлттық құрама жаттықтырушылары Аманғали Бекболатов, Марлан Мұқашев, Исхар Құрбаев (55 кг), Ернар Фидахметов, Нұрсұлтан Базарбаев, Дастан Зарлыханов (60 кг), Мамырбек Мұхамедәли, Мадияр Малтекбаев (63 кг), Сұлтан Әсетұлы, Дінмұхамед Қошқар, Мерей Бекенов (67 кг), Ибрагим Магомадов, Ерасыл Нұрбосынов, Данияр Қаленов (72 кг), Қаһарман Қисыметов, Демеу Жадыраев, Азат Садықов (77 кг), Қален Диас, Шамиль Батыров (82 кг), Бауыржан Мусин, Нұрсұлтан Тұрсынов, Мақсат Сайлау (87 кг), Олжас Сырлыбай, Ерұлан Ысқақов, Ислам Умаев (97 кг), Антон Савенко, Мансұр Шадукаев, Әлімхан Сыздықов (130 кг) сияқты жас және тәжірибелі балуандарға сенім артып отыр.
Жалпы, Ибраһим Мұстафаны еске түсіруге арналған турнирде бозкілем шеберлері барын салып, ұпай қорын барынша молайтуға тырысады. Өйткені Мысырдағы додадан соң әр салмақтың рейтингінде жоғары тұрған алғашқы 4 балуан өз құрлығындағы (Азия, Еуропа, Африка, Панамерика мен Тынық мұхиты аймағы) чемпионатқа жолдама алады. Осы ретте былтырғы әлем чемпионатының 6 жүлдегері Александриядағы турнирдің қатысушылар тізімінде бар екенін атап өтуге болады.
Халықаралық күрес федерациясы (UWW) 2023 жылғы 4 рейтингтік турнирінің жүлдегерлеріне 390 000 швейцар франкін жұмсамақ. Яғни әр жарыстың алтын тұғырынан көрінген балуанға 1500 швейцар франкі көлемінде қаржылай сыйақы берілсе, күміс жүлдегерлер – 750, қола жүлдегерлер 500 франк сыйақыға қол жеткізеді.
Бұдан бөлек, UWW жылдың үздік балуанына тағы 150 000 швейцар франкін береді. Сыйақы 30 балуанға (күрестің үш түрінен 10 салмақта) барлық халықаралық жарыс аяқталған соң табысталады. Үздіктер ересектер арасындағы әлем чемпионаты, құрлық чемпионаты мен 4 рейтингтік турнирде жинаған ұпайы бойынша анықталады.
Былтыр әйелдер күресінен екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионаттарының екі мәрте күміс жүлдегері атанған Жәмила Бақбергенова Халықаралық күрес федерациясы (UWW) бекіткен барлық салмақтағы әлем рейтингінде (72 килоға дейінгі салмақта) көш бастап, жылды өз салмағының көшбасшысы ретінде аяқтады. Осы жетістігінің арқасында отандасымыз UWW тарапынан қаржылай сыйақыға ие болған еді.