Ол Шу ауданындағы балаларға арналған суретшілер мектебінде, балалар мен жасөспірімдерге арналған орталықта директорлық қызметте жүріп, талай жастың талабын ұштап, талантын ашты. Алайда онысын айтып мақтанғанын көрмеппіз. Айтатын әңгімесі жалқы: ұлттық мүдде, ұлттың ертеңі туралы толғанғанда, байырғы шешендердей көсіліп сөйлеп, шешіліп әңгіме өрбітеді. Тәрбиелеген шәкірттерінің алды Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.
Суретшінің туған жері Шу ауданында 200-ге жетеғабыл көрмесі ұйымдастырылса, облыс орталығында жиырма, республикалық деңгейде бірнеше мәрте көрмесі өткізілген. Сондай-ақ Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы аясында Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде «Тұғыр» атты жеке көрмесі жұртшылықтың назарына ұсынылғанын да айта кеткен жөн.
Ол Тараз қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына да өнерімен үлкен үлес қосты. Тастан, ағаштан жасалған мүсіндерін жиыстырып, жеке көрмесін жерлестерінің назарына ұсынды. Суретшінің «Ана – Жер- ана», «Ана» тақырыптарындағы графикалық жұмыстары жоғарыда аталған музейдің алтын қорында сақталса, табиғи тастан жасалған «Абыз» еңбегі Ұлттық музейдің, «Желтоқсан желі – 86» туындысы Тараздағы «Желтоқсан – 86» орталығында тұр.
Қалекеңді іздеген кісі шеберханасынан табады. Тасқа тіл бітіруге бекінген шебер табиғи тасты ұрғылап жатады. Әйтеуір тынымсыз еңбектің адамы екенін көргенде көз сүйсінеді.
«Хакім Абай адамның дүниеде екі құмарлығы болатынын айтады ғой. Біреуі жан құмарлығы болса, екіншісі тән құмарлығы екені мәлім. Әуелде мен балуан болуды армандағанмын. Күреспен де шұғылдандым. Жастар арасында түйебалуан атандым. Сөйтіп жүргенде аяғымды ауыртып, ауруханаға түстім. Ұзақ уақыт емделуге тура келді. Сол кезде бойымда бір жан құмарлығы пайда болды.
Атам мен әжемнің баласы болғандықтан шығар, сол кісілерге қайырылып, қалам мен қағаз әкеліп беруін өтініппін. Қысқасы, 7-8 жасымнан бастап қаламымды қолымнан тастамай келемін», дейді суретші.
Шу ауданы, Төле би ауылында өнерін өрістетіп отырған суретші Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде білім нәрімен сусындайды. Оқуды аяқтар тұста ол қалаға емес, далаға, яғни өз ауылына келуге шешім қабылдайды.
«Дипломды қорғау басталған шақта маған Жезқазған, Тараз қаласына бару туралы ұсыныс болды. Комиссия мүшелері екі қаланың бірін таңдауым керектігін айтты. Сол кезде мен ауылға жіберулерін өтіндім. Орнынан атып тұрған ұстазым: «Балам-ау, ауылға барсаң жоғалып кетесің ғой», деді. Алайда мен өнерімді жоғалтпайтыныма уәдемді беріп, ауылыма келдім. Өйткені мен өз тақырыбымның ортасында өмір сүргім келді. Егер мен ауылда тұрмасам, қазір жасап жатқан қазақы дүниелерді тудыра алмас едім», дейді шебер.
Ол ауылда жүріп-ақ өзге елдің суретшілерімен, қолөнер шеберлерімен байланыс орнатқан. Ғаламтор арқылы басқа мемлекеттердің мен деген шеберлеріне еңбектерін жолдап, тәжірибе алмасады, пікірлеседі.
«Жалпы, қолөнер, сурет өнері – жанымның қалауы. Үлкен қалаларда өткен көрмелерде талай мықтының қасиетті өнерді тастап кеткенін көрдім. Бұл жігердің жетіспеуінен шығар. Солар келіп, талай дүниені сұрады. Пікірімді айта отырып, олардың өнерден алшақтағаннан кейін сырқатқа шалдығатынын білдім. Мен жанымды ауыртпау үшін тас тоқпақтаймын, сурет саламын, майлы бояумен жұмыс істеймін. Қысқасы, елдің ортасында, ауылда жүріп өнермен тыныстаймын. Ауылға аңсарымның ауғаны да сондықтан», дейді суретші.
Оның шеберханасына бас сұқсаң, сурет галереясында жүргендей күй кешесің. Тамаша туындылар жаныңды емдейтін тәрізді. Мұнда өнер иесінің талай додаларда топ жарған туындылары да топтастырылған. Әсіресе «Тағдыр», «Қилы заман» картиналарын көргенде түрлі ойға шомасың. Шығарма ашаршылық жылдарындағы азаматтарға және қуғын-сүргін құрбандарына арналған. Суретші осылайша ұлттық трагедияны да жүрегінен өткізген.
Шу ауданына жолы түскендер Жастар саябағына ат басын бұрмай кетпейді. Өйткені мұнда Қалидың қолынан шыққан тас мүсіндер тұр. Аллеядағы тоғыз тас мүсіннің әрқайсысының өз айтары бар. Төле бидегі Жастар саябағына келген жұрт расында да жастықтың аурасын сезінеді. Бір-біріне қол созған екі жастың танысуын әйгілеген мүсін сонадайдан көзге түседі. Ал «Махаббат формуласы» ескерткішіне қараған адамның бойын әлдебір қимастық сезім жаулайтындай. Басқа да махаббат, достық тақырыбына арналған мүсіндер кісі баласын бейжай қалдырмайды.
«Ашық аспан астындағы композициялар 2014 жылы дүниеге келді. Бұл – аудан жастарына арналған менің тартуым. Астанадан, өзге елден келген айтулы мамандардан бөлек, аудан тұрғындары осы еңбектерім үшін маған ылғи алғыс айтып жатады. Соған қуанамын. Мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ», дейді суретші.
Алматы аспай, Астанаға қашпай, ауылда тұрып-ақ өнердің биігіне шыққан Қалиды елі құрметтейді. Ауылдастарының ортасында жүріп-ақ өнерін өрістеткен Қали туралы жерлестері тек жақсы сөз айтады. Олардың мадағы Қалекеңнің жанын семіртеді, шабытын қайрайды. Оған басқа ештеңе керек емес.
Жамбыл облысы,
Шу ауданы