Қоғам • 20 Ақпан, 2023

Жаңаша оқу жүйесі

265 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күллі әлемге танымал WorldSkills қозғалысы Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Жақында жетісулық 3 колледждің базасында WorldSkills стандарттарын енгізу бағытында 6 құзыреттілік орталық құрылды. Мұндай жаңаша оқу үдерісі заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, болашақ мамандардың біліктілігін арттыруға көмектеседі.

Жаңаша оқу жүйесі

Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков

WorldSkills – жұмысшы маман­дықтары бойынша кадрларды даярлау сапасын арттыруға және оларды жас­тар арасында танымал етуге бағыт­талған халықаралық қозғалыс. Қазақ­стан жұмысшы мамандарды даярлау саласындағы үздік практикалардың бенчмаркингі үшін бұл қозғалысты одан әрі дамытатын болады.

Жетісу облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жуырда Талдықорған сервис және технологиялар колледжінің базасында «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша аспаздықта оқитын өңір колледждерінің студенттері үшін 8 күндік облыстық тағылымдама ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірдегі 7 колледжден 40-қа жуық студент пен оқытушы қатысқан.

Теориялық және практикалық бөлімдерден тұратын тағылымдамадан Көксу политехникалық, Алакөл гу­ма­­нитарлық-техникалық, Сарқан по­литехникалық, Текелі кәсіптік, Бас­төбе сервистік-техникалық, Жар­кент көпсалалы, Ақсу политех­ника­лық колледждерінің 34 студенті мен оқытушысы өткен. Олар аспаз маман­дығын оқып жүрген білімгерлер мен осы мамандық бойынша білім беретін өндірістік оқытудың шеберлері. Бұл ретте тағылымдаманың теориялық бөлігі онлайн-режімде, ал практикалық бөлігі Талдықорған сервис және технологиялар колледжінің құзыреттілік орталығының шеберханаларында ұйымдастырылды. Сабақтарды жер­гілікті педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлері өткізді.

Тағылымдаманы ұйымдас­тыру­дағы басты мақсат – заманауи үр­дістерді ескере отырып, тамақ дайын­дау тәжі­рибесін қалыптастыру. Бұл ретте не­гізінен жеке тұлғаны, оның шығар­машылық қабілеттерін да­мытуға, кәсіп­тік білім беру сапасы мен жас әрі болашақ мамандардың кәсіби шебер­лігін арттыруға екпін түсіріліп отыр.

Іс-шара аясында білімгерлер жең­сік тағамдарды, түрлі соустарды, ба­лықтан жасалатын ас-ауқаттарды қалай әзірлейтінін үйренді. Сондай-ақ қоғамдық тамақтандыруды ұйымдас­тыру саласында қолданылатын кәсіби лексиканы қолдану дағдыларын жетіл­дірумен айналысты.

Дайындалған тағамның массасын көрсете отырып, олардың техно­логиялық карталарын жасады. Оқыту мен оның нәтижелерін ба­ғалаудың үдерісі толығымен WorldSkills стандарттарына негізделгенін атап өту керек. Тағы­лымдама аяқталғаннан кейін барлық қатысушыға құзырет ор­талықтарынан сертификат берілді.

– 23 қаңтар мен 2 ақпан аралығында Талдықорғанда «Аспаздық іс» құзы­реттілігі бойынша тағылымдама өтті. Біздің оқыту және практикалық сабақтарымыз WorldSkills чемпио­натының стандарттары мен тапсырмаларына сәйкес өткізілді. Маған шеберханалардың орналасу реті, жаңа жабдықтармен жұмыс істеу, заманауи аспаздық өнердің қыр-сырын меңгеру қатты ұнады. Жалпы, оқыту атмосферасы ерекше әсер етті. Сабақтар шын мәнінде қызықты әрі пайдалы, ең бастысы жаңа тәсілдерді енгізе оты­рып өткізілді, – дейді Көксу политех­никалық колледжінің ІІІ курс студенті Маржан Темірхан.

Мұғалімдер де дән риза. Солардың бірі Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Роман Мишениннің пікірінше, мұндай тәжірибе алмасулар заманауи құрал-жабдықтар мен технологияларға қолы үнемі жете бермейтін шалғай аудандарда орналасқан оқу орындары үшін аса маңызды әрі олардағы оқу үдерісін жаңартуға ықпал етеді.

Алдағы уақытта әртүрлі бағыт бойынша түрлі нысандар мен әдісте­мелерді пайдалана отырып, осындай тағылымдамалар құзырет орталық­тарында үнемі өткізіліп тұрады. Мысалы, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің құзыреттілік орталығы базасында ІТ-технологиялар, құрылыс саласы бағыттарында, ал Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің базасында «Жиһаз өндірісі» мамандығы бойынша практикалық сабақтар өткізіледі.

 

Жетісу облысы