Өткен турда ғана Бейжіңнің «Куньлунь Ред Стар» командасын овертаймда тізе бүктіріп, жанкүйерлердің қошеметіне бөленген «Барыс» ойыншылары бұл жолы «Авангардтың» осал тұсын таба алмады. Омбыдағы 12 мың жанкүйерге арналған «G-Drive Арена» спорт кешенінде өткен бәсекеде айдын иелері 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Кездесудің есебін «Авангард» сапынан 3-минутта Алексей Береглазов ашса, екінші кезеңде Иван Телегин (32-минут) мен Арсений Грицюк (39) мұзайдынға жиналған жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады. Ал үшінші 20 минуттықта Алекс Бродхёрст (44) айдын иелерінің төртінші шайбасын соғып, ойынның нүктесін қойды. Жерлестерімізден Антон Сагадеев дубль авторы атанса, матч аяқталар тұста Кирилл Савицкий дәлдік танытты.
Жерлестеріміз келесі ойынын бүгін Новосибирьде жергілікті «Сибирь» клубымен өткізеді.