Әрине, бұл жеңіс Қазақстан халқы, спорт жанкүйерлері үшін ірі жетістік болғанымен, халықаралық аренадағы жетістіктермен салыстырғанда, қатардағы жеңістердің бірі екені белгілі. Өйткені бір ғана жеңіл атлетика спортынан әлем чемпионатында 49 жүлде жиынтығы сарапқа салынатынын ескерсек, Нораның жеңісі 49 жеңістің тек біреуі ғана. Яғни, одан бөлек, тағы да бірнеше спортшы әлем чемпионатының бас жүлдесін олжалайды. Кәсіпқой бокста да дәл солай. Ол жақта, тіпті ай сайын су жаңа чемпион шығып жатады. Бірақ алтын белбеуді өзінде ұзақ уақыт сақтап тұратындардың қатары саусақпен санарлық.
Ал әлемдегі элиталы спорттың біріне жататын теннис турнирлерінде топ жарған спортшылардың мәртебесі әлем жанкүйерлері алдында қашанда биік тұрады. Былтыр Ұлыбританиядағы «Уимблдон» жарысында топ жарып, биылғы Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жеткен даңқты теннисшіміз Елена Рыбакина бұл жетістігімен Қазақстанды дүние жүзіне танытып қана қоймай, ел теннисіне үлкен серпіліс әкелді. Отандасымыздың жеңісін әлем басылымдары жарыса жазды. Өйткені ол – Орталық Азия елдерінен шыққан алғашқы чемпион. 23 жастағы теннисшіміздің айтулы жеңісі халықаралық аренада елеусіз қалмауға тиіс еді.
Таяуда 20 жылдан аса тарихы бар әлемдегі ең мәртебелі байқаулардың бірі «Laureus World Sports» Елена Рыбакинаны «Жыл серпілісі» аталымы бойынша үміткер спортшылардың тізіміне қосты. Бұл марапат спорт әлемінде бір жыл бедерінде маңызды жеңіске қол жеткізген спортшыларға беріледі. Аталған ұйым 1999 жылдан бері жыл үздіктерін марапаттап келеді.
Жеңімпаздарды анықтау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 80-ге жуық елдің беделді спорт редакторлары, журналистері және комментаторлары «Laureus World Sports» ұсынған үміткерлерге дауыс беріп, әр аталым бойынша екінші кезеңге жолдама алған спортшыларды іріктеп береді. Содан кейін «Laureus World Sports» академиясының мүшелері жасырын дауыс беру арқылы жеңімпаздарды таңдайды. Әрбір жеңімпаз «Cartier» зергерлік үйі ұсынған «Laureus» мүсініне ие болады.
Биылғы «Жыл серпілісі» аталымына теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакинадан бөлек, теннистен былтырғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы, әлемдік рейтингті бірінші орынмен аяқтаған 19 жастағы испаниялық Карлос Алькарас, Қатардағы футболдан әлем чемпионатында сенсация жасап, жартылай финалға дейін жеткен Марокко ұлттық құрамасы, мәнерлеп сырғанаудан Олимпия ойындарының жеңімпазы мен жүлдегері, әлем біріншілігінің үш дүркін чемпионы 23 жастағы америкалық Нейтан Чен, 25 жастағы нигериялық әйгілі желаяқ, бірнеше әлемдік рекордтың иесі Тоби Амусан және гольф спортынан 2022 жылғы Мастерс турнирінің жеңімпазы, әлемдік рейтингтің көшбасшысы, тағы бір америкалық спортшы, Скотти Шеффлер бар.
Сондай-ақ «Жыл спортшысы» атағынан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионы Лионель Месси (Аргентина), «Алтын бутсы» иегері Килиан Мбаппе (Франция), «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде 22 мәрте үздік шыққан Рафаэль Надаль (Испания), Формула-1 жарысы бойынша әлем чемпионы Макс Ферстаппен (Бельгия), сырықпен секіру бойынша үш мәрте әлем рекордын орнатқан Мондо Дюплантис (Швеция) және Ұлттық баскетбол лигасындағы (ҰБЛ) «Голден Стэйт Уорриорз» командасына сегіз жылда төрт мәрте чемпиондық атақты сыйлаған Стеф Карри (АҚШ) үміткер.
«Жылдың ең үздік әйел спортшысынан» үміткерлер: 100 метрге жүгіруден бес дүркін әлем чемпионы Шелли-Энн Фрейзер-Прайс (Ямайка), 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Олимпиада чемпионы және бірнеше рекордтың иесі Сидни Маклафлин-Леврон (АҚШ), жүзуден 2022 жылғы әлем чемпионатында төрт алтын алып, бас жүлделер саны бойынша рекорд орнатқан (22 алтын) Кэти Ледеки (АҚШ), әйелдер арасындағы «Алтын доп» иегері Алексиа Путеллас (Испания), тау шаңғысы жарысынан Әлем кубогінің жеңімпазы Микаэла Шиффрин (АҚШ) және теннистен әлемнің бірінші ракеткасы Ига Свентек (Польша).
«Жыл командасынан» үміткерлер: футболдан үш дүркін әлем чемпионы (1978, 1986 және 2022 жылдары) Аргентина құрамасы, Чемпиондар лигасында 14 мәрте (рекорд көрсеткіш) топ жарған «Реал» клубы, Ұлттық баскетбол лигасының төрт дүркін жеңімпазы «Голден Стэйт Уорриорз», Формула-1 жарысының жеңімпазы «Mercedes», регбиден Франция және футболдан әйелдер арасындағы Еуропа чемпионы Англия құрамалары.
«Мүмкіндігі шектеулі жыл спортшысынан» үміткерлер: арбадағы теннистен «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстың 9 дүркін чемпионы Диеде де Гроот (Нидерланд), пара жеңіл атлетикадан 100, 200, 400 және 800 метрге жүгіруде әлем рекордының иегері Кэтрин Дебруннер (Швейцария), жүзуден әлем чемпионы Кэмерон Лесли (Жаңа Зеландия), пара хоккейден Олимпиада чемпионы Деклан Фармер (АҚШ), Гигант слаломнан Бейжің Паралимпиадасының төрт дүркін чемпионы Йеспер Салтвик Педерсен (Норвегия) және пара биатлоннан Олимпиада жеңімпазы Оксана Мастерс (АҚШ).
«Жыл оралуынан» үміткерлер: жол апатына ұшырап, 14 айдан кейін қайтадан үлкен спортқа оралған америкалық даңқты кәсіпқой гольф ойыншысы Тайгер Вуд, жарақатына байланысты екі жыл спорттан қол үзіп, былтыр «Голден Стэйт Уорриорз» клубымен ҰБЛ-ның жеңімпазы атанған баскетболшы Клэй Томпсон, норвегиялық желаяқ Якоб Ингебригтсен, мотоспорттан жігерлі жеңіске жеткен Франческо Баньяя, дертімен күресе жүріп, әйелдер арасындағы «Тур де Франс» додасында дара шыққан Нидерланд велошабандозы Аннемиек ван Влеутен. Сондай-ақ 2020 жылғы футболдан Еуропа чемпионатындағы матчта есінен танып, жүрегі бір сәтке тоқтап қалған даниялық Кристиан Эриксен 2022 жылы жасыл алаңға қайта оралған-ды.